Еуразия күн тәртібі 02

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев 2022 жылғы 31 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Еуропа елдеріне сапармен барды.

1877630
Еуразия күн тәртібі 02

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев 2022 жылғы 31 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Еуропа елдеріне сапармен барды. Президент Әлиевтің Еуропаға сапары бірнеше жағынан маңызды.

2022 жылдың 31 тамызында президент Ильхам Әлиев Брюссельге барып, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Еуропа Одағы Кеңесінің төрағасы Чарльз Мишельмен үшжақты кездесу өткізді. Кездесуде Әзербайжан-Армения бейбіт келіссөздері талқыланды. Төрт сағатқа созылған кездесу соңында көшбасшылар бір ай ішінде Сыртқы істер министрлері бастаған екіжақты бейбіт келіссөздерге бастамашылық жасауға келісті. Президент Әлиев егер Армения әкімшілігі саяси байсалдылығын көрсете алса, жақын арада екі ел арасында бейбіт келісімге қол қоюға болатынын мәлімдеді. Әлиев пен Пашинян қараша айында қайта кездеседі.

2022 жылғы 1-2 қыркүйекте Италия Президенті Серджо Маттареллоның шақыруымен Президент Әлиев Италияға жұмыс сапарымен барды. Ресми қарсы алу рәсімінен кейін президент Әлиев Италия президенті Маттарелло және Италия премьер-министрі Марио Драгимен бөлек кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері, әсіресе энергетика мәселелері талқыланды. Италия Әзербайжанның Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады.

Президент Ильхам Әлиев Италияға сапары аясында Римдегі Әзербайжан елшілігінің жаңа ғимаратын да ашты. 2 қыркүйекте жоғарыда аталған ғимаратта Әзербайжан-Италия университетінің құрылтайшы серіктестері арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Италияның алдыңғы қатардағы университеті Әзербайжандағы ауыл шаруашылығы және информатика сияқты салаларда ынтымақтасады. Аталған университет құрылысының іргетасы 2022 жылдың 2 сәуірінде қаланды және 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Президент Әлиев елшілік жанынан Әзербайжан мәдени орталығының ашылуына тапсырма берді.

2 қыркүйекте президент Әлиев Италияның Серноббио қаласында өткен 48-ші халықаралық форумға негізгі баяндамашы ретінде қатысты. Президент Әлиев «Әзербайжанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Әлиев Серноббиода итальяндық БАҚ өкілдеріне де жан-жақты мәлімдеме жасады.

Қарабах мәселесі шешілгеннен кейін Оңтүстік Кавказдың халықаралық аренадағы маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әзербайжан транзиттік ел ретінде шығыс пен батыс елдерінің назарын өзіне аударады. 2022 жылдың 18 шілдесінде Әзербайжан Еуропалық Одақ елдеріне энергия экспортын екі еселеу туралы жаңа келісімге қол қойды. Әзербайжан Еуропа елдерінің ішінде Италиямен ең тығыз ынтымақтастықта. Баку мен Рим қауіпсіздік және қорғаныс өнеркәсібі саласында ынтымақтастық орнатқан.

Әзербайжанда көптеген итальяндық компаниялар жұмыс істейді. Әзербайжан өзінің энергия ресурстарын Еуропа елдеріне экспорттауды екі есеге арттыруды мақсат еткенімен, Италияны аймақтағы тарату орталығы ретінде көреді. Италия да Қарабахты дамытуда белсенді рөл атқарады.

Қорыта айтқанда, президент Ильхам Әлиевтің Еуропаға сапары Армениямен бейбіт келісімге қол қою тұрғысынан да, Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан да тиімді болды.



Ұқсас жаңалықтар