Хеттердің өнер орталығы - Йесемек

Анадолының тұңғыштары - 47

1864261
Хеттердің өнер орталығы - Йесемек

Өнер сіздің өміріңізде қаншалықты орын алады? Осы сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес әрине. Бейнелеу өнері, мүсін, поэзия, музыка, балет, театр, кино... Барлығы да өміріміздің ішінде орын алады. Кейбірі аз, кейбірі көбірек. Бірақ мынау бір шындық: өнер адам өмірінде әрқашан болған.  Аталарымыздың қырық мың жыл бұрын үңгір қабырғасына салған суреттер де осының дәлелі. Өнер тарихшыларын да таңғалдырған қабілеттегі осы суреттер сөз жоқ кезде де адамның өнермен иықтасып өмір сүргенін көрсетеді. 

Жануарлар ойып салынған Гөбеклитепедегі алпауыт блоктар, сары, қызыл және қара түстерден тұратын суреттерімен Чаталхөйүк үйлері, шеберлікпен жасалған Анадолының барлық жерінде табылатын ыдыс-аяқ пен әшекей бұйымдары. Барлығы да бүгінгі күні бізді таңғалдырады. Неміс ойшыл Хегелдің өнер қайраткерлерін адам баласының алғашқы ұстазы деп атауы да тегін емес.

Біздің жерімізде өнерге жақын аталарымыз туралы көптеген мәлімет бар.  Біз де бүгін Анадолының байырғы өркениеті хеттерден бізге қалған мүсін шеберханасы туралы айтып береміз.

**

Хеттер – Анадолының бес мың жылдық қәдім өркениеті. Тек Анадолының ғана емес, әлем тарихының ең маңызды өркениеттерінің бірі.  Еуропа мен Таяу Шығыстың мифологиясына, дініне, діліне, тіліне, саясатына, саудасына қатты әсер еткен. Құқық және мемлекеттік құрылым секілді көптеген тақырыпта жол көрсетуші болған. Хеттер кендерді өңдейді, әсіресе жоғары сапалы металл өнімдерінде және қару технологиясында алға басады. Хеттер – жаңалықтардың өркениеті. Олар өнерде де жаңалықтарға қолтаңба басады. Мемориалды архитектурада Анадолыда бірінші рет ірі тастарды қолданған,  бірінші рет мүсін шеберханасын құрған мәдениет те осы хеттер.

Бүгін сіздерге хеттер құрған Йесемек тас ошағы мен мүсін шеберханасы туралы айтып береміз.  Ол Газиантептің Ислахие ауданында. Ежелгі Таяу Шығыста бүгінге дейін анықталған ең үлкен мүсін шеберханасы. Сондықтан теңдесі жоқ археологиялық алаң деп есептеледі.  Дәл Зеугма ежелгі қаласы секілді жаһандық құндылық болғандықтан ЮНЕСКО Әлем мұрасының уақытша тізімінде тұр.

**

Йесемек әлемде теңдесі жоқ мүсіншілік мектебі деп қабылданады.  Ориантализм деп аталатын әдістерінің уақыт өте келе батысқа қарай тарап, грек өнеріне де әсер етіп, шабыт бергенін айтады мамандар.

Осы жерде бес жүзден астам тас мүсін бар.  Олардың көбі жердің бетінде тұр.  Топырақтан атып шыққан секілді болып көрінетін тас мүсіндер шыныменен адамды таңғалдырады. Бүгінгі күні бір ашық ауа мұражайы болып табылатын Йесемекте қақпа арыстандары, сфинкстер, қанатты арыстандардан тұратын мүсіндер қарсы алады келушілерді. Аманос тауларын бейнелейтін Тау құдайы оюлары, соғыс сахналары және архитектуралық бөлшектер мың жылдардан кейін өзінің табиғи ортасында көрмеге қойылған. Йесемек бізге уақыттың ағып кететінін, мәдениеттердің өзгеретінін, бірақ өнердің түбегейлі екенін көрсетеді.

Йесемектегі мүсіндер төңіректегі елді мекендерге жолдану үшін жасалған деп ойлайтын еді мамандар. Артынан зерттеулер артқан сайын осы шеберханадағы мүсіндердің сол жерде құрылысы басталған қала үшін жасалғаны анықталды.  Себебі тек мүсіндер емес,  сонымен бірге Йесемекте архитектуралық элементтер де табылды.

 Йесемек тас ошағы мен мүсін шеберханасы тас блоктардың қалай кесілгені, мүсін жобаларының қалай дайындалғаны, аяқталғаны жөнінде құнды мәліметтер береді.  Әрбір саты біртіндеп көрінетін, сол дәуірдің мүсін өнерінің дамуын түсінуді қамдайтын және сондықтан әлемде теңдесі жоқ бір жер ретінде қабылданады Йесемек.

**

Йесемек – хеттердің өнермен қаншалықты етене жақын екенінің көрсеткіші.  Осыншама көп мүсін үшін көптеген мүсінші болуы керек.  Бұл да хеттердің өнерге деген құрметін тағы бір рет дәлелдейді. Йесемек адамды көптеген мүсінімен құпия және сиқырлы атмосфераға шақырады. Тарихқа куә болған сол мүсіндер болашаққа да бағдар береді. Өзінің қонақтарын күтеді. Үнсіздіктеріне құлақ түрсеңіз, сізге қәдім заманның таптырмас хикаясын айтып береді.



Ұқсас жаңалықтар