Төрт өркениеттің іздері табылатын қала - Изник

Анадолының тұңғыштары - 46

1864253
Төрт өркениеттің іздері табылатын қала - Изник

 

Анадолы – тарихқа маңызды және түбегейлі іздер қалған бір жағрафия. Сондықтан оның атының өркениет сөзімен бірге аталуы еш кездейсоқ емес.  Тарихтың бастауынан бері ондаған өркениетке, мәдениетке,  мемлекетке құшақ ашқан себебі осы жерлер.  Ғылым, әдебиет, философия секілді көптеген салада және тақырыпта адам баласының дамуына жол көрсетуші болған.  Отқа табынушыларды да көрген,  бір құдайлы діндерді де. Иудейлердің, христиандардың, мұсылмандардың ғибадатханаларының және қасиетті мекендерінің көптігі адамды таңғалдырады.  Сондықтан «діндер бесігі» деп аталады.  Дін тарихы туралы айтқанда аты аталмай кетпейтін бір жер Анадолы.  Әлем дін тарихына бағыт берген оқиғаларға куә болады Анадолы, христиандықтың тарауында да маңызды рол ойнайды.

Христиандық үшін бас тартылмас маңызы бар, төрт өркениеттің іздері табылатын Изник туралы айтып береміз бүгін.  

**

Бүгін Бурсаның бір ауданы – Изник.  Тарихы эллиндік дәуірге дейін барады.  Рим, Византия, Селчук және Османлыдан іздер табылатын қала әрқашан тартымды болған.  Көлі және төңірегіндегі шығымды жерлері тарих бойы адамдарды өзіне тартқан.

Әсіресе Изниктің христиан әлемі үшін арнайы орны бар.  Себебі христиандықтың алғашқы  шіркеулер жиыны бас қосқан жер. Бүкіл христиан әлеміне қатысты маңызды діни тақырыптар талқыланып, шешім берілетін жиналыстар «консил» деп аталатын еді. Изниктегі осы христиан жиыны христиан әлемінің алғашқы діни жиналысы. Тарихқа Изник жиналысы деп аталған осы жиын сондықтан өте маңызды. Бүкіл әлемнен көптеген епископ қатысқан жиында екі маңызды тақырып қолға алынады.  Біріншісі Әзірет Исаның құдайдың баласы еместігі, тек адам екенін алға тартқан бір дін қайраткерінің сөздері. Бұл көзқарас жиында қабылданбайды, Исаның құдайдың ұлы екені туралы наным қабылданады.  Жиналыста талқыланып шешім қабылданған басқа бір тақырып та Пасха мерекесінің күні. Алғашқы жиналыстан шамамен бес ғасырдан кейін Изникте бір діни жиын болады.  Иконоклазм деп аталған, діни икона және суреттерге тыйым салу Изниктегі 7-ші жиында қабылданады.  Христиандық үшін өте маңызды шешімдер берілген жиналыстарға мекен болады Изник.  Сондықтан Папа тарапынан Иерусалим және Ватиканнан кейін әлемдегі үшінші қасиетті қала ретінде жарияланады.

 

**

Изник – Анадолы Селчук мемлекетінің бас қаласы.  Яғни Анадолыдағы алғашқы түрік астанасы. Изник осы ерекшелігін 1-ші Кресті жорықтарына дейін сақтайды.  Артынан Византия билігіне кіреді.  Османлы мемлекеті құрылған жылдардан бастап Изник әрдайым жеңіп алынатын бір орталық болады.  Сұлтан Орхан Бей кезінде жеңіп алынып, екі ғасырдан кейін қайтадан түрік билігіне өтеді. Көптеген мешіт, медресе,  керуенсарай, монша салынады қалада.  Қысқа уақытта Стамбулдан Анадолыға жүретін керуен жолының маңызды аялдамасына айналады.  Кейінгі ғасырларда сауда,  білім және мәдениет орталығы болады. Көптеген дін ғұламасы мен саясат қайраткері өсіп жетіледі.  Изник университеттерінде өз дәуірінің атақты ғалымдары сабақ бере бастайды.

ЮНЕСКО Әлемдік мұра уақытша тізіміндегі Изник Анадолыдағы ең жақсы қорғаныс қабырғаларымен қарсы алады келушілерді.  Уақытпен тайталасып тұрған қорған қақпасы Лефке Капы және екі жағында адам маскалары бар Стамбул қақпасы жүздеген жылдық тарихтың іздеріне ие.  Изниктің символы – түрік түсі деп аталатын туркуваз, жасыл және күлгін түсті фарфорлармен қапталған керемет сәулетімен Жасыл мешіт – қалаға келген адам міндетті түрде көру керек бір ғимарат.  Фарфор деген кезде Түркияда еске бірден түсетін екі жердің бірі – Изник.  Фарфор өнерінің тамыры Азиядан ежелгі грекке дейін созылса да,  фарфор өнері алтын дәуірін Селчук және Османлы кезінде басынан өткерген.  Изник фарфоры Рим, Византия, Селчук және Османлы дәуірлерінің ерекшеліктерін көрсету тұрғысынан өнер тарихында маңызды орын алады. Изник фарфорларын қайталап көшірме жасау мүмкін емес.  Атағы уақыт өте келе жайылады және Генуэздық саудагерлер арқылы Еуропаға сатылады.

Формуласы жөнінде ешбір жазбаша құжат табылмаған,  тек әкеден балаға жететін осы өнер түрі құрамындағы кварц себебімен «өндірілуі мүмкін емес керамика» деп аталады.  Изник фарфорлары көздің жауын алатын көк,  бируза, жасыл және қызыл түстерімен ерекшеленеді.  Көбіне қызғалдақ,  сүмбіл, қалампыр секілді гүл нақыштары қолданылады.   

**

Изниктегі балықшылар Изник көлінде балық аулаған кезде, ауларының жыртылғанын және қармақтарының сынғанын айтады көптеген жылдар бойы. Бұған көлдің түбіндегі батып кеткен қаланың мұнаралары себеп болады деп айтылады.  Аңыз немесе бір хикая секілді айтылады осылар.  Ал 2014 жылы Мәрмәр аймағындағы ең үлкен,  Түркиядағы үлкендігі жағынан бесінші көлі – Изник көлінде су астында қалған базилика табылған.  Изник көліндегі батқан базилика әлемдегі ең маңызды археологиялық жәдігерлер қатарында көрсетіледі. 1500 жылдық базилика христиандар үшін өте маңызды. Христиан дініне тыйым салынған жылдары өлтірілген Әзіз Неофит үшін салынған ғимараттың ежелгі дәуірлерден қалған құжаттарда аты кездесетін, бірақ орны белгісіз базилика деп ойлайды мамандар.  Су астындағы өте мұқият жүргізілген қазба жұмыстары аяқталғанда,  базилика тарихқа және табиғатқа зиян келтірілмейтін түрде келушілерге ашылады.

**

Изник – тарихтан бұрынғы дәуірлерден бері қоныс болған бір мекен.  Қала төңірегіндегі жәдігерлер мен өңірлердегі күлтөбелер осының бір-бір айғағы. Әлем тарихында бірінен соң бірі түрлі өркениеттерге бесік болған елді мекен саны аз.  Изник те Рим, Византия, Селчук және Османлы дәуірлерінен іздерге ие. Ежелгі театры, су жолдары, шіркеулері, медресе,  мешіт пен моншаларымен төрт өркениетке бесік болғанын дәлелдейді.

Христиандардың тұңғыш шіркеулер жиынына мекен болған, Анадолыдағы алғашқы түрік астанасы,  түрік әшекей өнерінде маңызды орны бар әлемге танымал фарфорларымен бірге Изник қаласын айтып бердік бүгін. 



Ұқсас жаңалықтар