Толеранттыққа бағытталған философияның өкілі - Қажы Бекташ Уәли

Анадолының тұңғыштары - 30

1815923
Толеранттыққа бағытталған философияның өкілі - Қажы Бекташ Уәли

Адам құқықтарының жаһандық мәлімдемесінің бірінші бабында «Барша адам баласы еркін, құқықтары жағынан тең туады» деп жазылған.  Екінші бабында болса «Барша адам баласы нәсіл, түс, жыныс, тіл, дін, саяси немесе басқа да ой, ұлттық немесе қоғамдық тек, мүлік, туу және басқа да түрлі мәртебеден жіктелмей, осы мәлімдемеде айтылған барлық құқық пен еркіндіктерге ие» делінген.

БҰҰ тарапынан 1948 жылдың 10 желтоқсан күні қабылданған осы мәлімдеме. Ал осы Адам құқықтары мәлімдемесінен шамамен 700 жыл бұрын Анадолыда өмір сүрген,  осындай пікір қалдырған бір тұлға бар екенін білетін бе едіңіз?

Толеранттық және бейбітшілікке негізделген философиясының орталығына адамды қойған ұлы ойшыл Қажы Бекташ Уәлиді баяндап береміз бүгін.

**

Қажы Бекташ Уәли Хорасан түріктерінен шыққан. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауидің мектебінде философия, әлеуметтік ғылымдар және жаратылыстану ғылымдарын оқыған.  Анадолы Селчук мемлекетінің саяси тәртібі бұзылып,  моңғол шапқыншылығы басталған кезеңде Анадолыға келеді.  Хорасанда басталған сапары өзі қоныстануға бел буған Сулужакарахөйүкте, яғни бүгінгі Невшехирде аяқталады. Ұзын сапары барысында түрлі мәдениеттерді,  түрлі нанымдар мен адамдарды таниды.  Сол кездің хаос атмосферасында бейбітшілік пен сүйіспеншілікті алға шығарады. Қажы Бекташ Уәли Анадолының әлеуметтік, мәдени және діни құрылымын зерттейді. Осы мозайканы қалыптастырған бөлшектердің тұтас болуы үшін түрліліктердің бірге болуы керектігін ойлайды.  Ешкімді бір бірінен айырмай, жіктемей барша адам баласын сүйіспеншілікке, бауырластық пен бейбітшілікке шақырады.  Ойларын діни философия негізінде жеткізеді.  Пікірлері ғасырлар бұрыннан бізге жарық түсіреді. «Ешбір ұлт пен адамды айыптама» деген сөзімен барлық адамның тең екенін тілге тиек етеді.

**

13-ғасырда моңғол шапқыншылығына ұшыраған Анадолыда көптеген адам ел-жұртынан айрылды. Жұмыссыз қалды.  Адамдардың бауырластай болып өмір сүруі және барлық нанымдардың бірлігіне негізделген сопылық түсінік Анадолыда осындай кезеңде басталды.  Осы түсінік Қажы Бекташ Уәли, Юнус Эмре, Мәулана секілді көптеген сопы, ойшыл тарапынан халыққа жеткізілді. Міне, осы беделді сопылар мен ойшылдар адамдардың материалдық және рухани әлемдерін жақсарту үшін көш бастайды. Сенім, бейбітшілік және жоғары адами құндылықтардың дамуы үшін күш жұмсады. Діни тақырыптардағы көзқарастарын өндіріс және қоғамдық қатынастарды да назарға ала отырып, теңгерімді түрде жеткізеді. Христиандарға да, иудейлерге де қақпаларын ашық ұстаған діндер үсті бір түсінікпен жұртшылыққа үн қатады.

Анадолы сопылық дәстүріне таңбасын басқан, сопы Қажы Бекташ Уәли де соғыстың орнына бейбітшілікті, жек көрушілік пен ашудың орнына сүйіспеншілік пен толеранттықты қояды. «Жауыңның да адам екенін ұмытпа» дей отырып адам баласының маңызды екенін атап көрсетеді. Жақсылық пен сұлулықты алғы орынға қояды. Ұлы философияны қарапайым тілмен айтып жеткізеді. Оның сөздері түрлі нанымнан және басқаша мәдениеттен келген баршаны бір шаңырақ астына жинайтындай күште. Сондықтан тек Анадолыда ғана емес Балқан территориясында да қабыл көреді, пікірлері жатсынбайды. Ол «Әйелдерді оқытыңдар» дейді. Әйелді ер адамнан бөле жармайды, 13-ғасырда әйелдер мен ер адамдардың теңдігін жақтайды. «Ілім бесікте басталады, қабірде аяқталады» деген сөздері арқылы оқудың маңыздылығын атап көрсетеді.

**

Қажы Бекташ Уәли  Сулужакарахөйүктегі ошағында білімін шәкірттерімен бөліседі.  Бүгінгі күні Невшехир қаласының Хажыбекташ ауданындағы осы мектеп Қажы Бекташ Уәли  кесенесінің ішінде. Қажы Бекташ Уәли  кесенесі – Түркияның маңызды наным туризм орталықтарының бірі.  Оған жыл сайын көптеген турист келеді. Бекташилікке байланысты дәстүрлер және ритуалдар мазардың сәулетінде және дизайнында көрініс тапқан кесене ЮНЕСКО Әлемдік мұра уақытша тізімінде тұр.

Қажы Бекташ Уәли кесенесінде жыл сайын ұлттық және халықаралық деңгейде еске алу рәсімдері болады. 2021 жыл ЮНЕСКО тарапынан Қажы Бекташ Уәлиді еске алу және тойлау жылы ретінде қабылданады.  Бүгінгі заманауи құндылықтарды ғасырлар бұрын түсіне білген, сүйіспеншілік, бірлік, тұтастық және бейбітшілікке шақырған Қажы Бекташ Уәли қайтыс болғанына 750 жыл толғанда ел көлемінде еске алынды. Адам баласын еш бөле жармай құрметтеген осы ұлы ойшылдың айтқандары, нақыл сөздері тағы бір рет ғаламмен қауышып, оның философиясымен жаңа адамдар танысты.

**

Анадолы мыңдаған жылдан бері түрлі өркениеттердің, өзгеше мәдениет пен нанымдардың бесігі болды. Осы жер кішіпейілділікпен өсті, ғасырлардың даналығына ие, әулиелер мен дәруіштерге құшақ жайған.

Қажы Бекташ Уәли  де осы топырақта өмір сүрген ең маңызды ойшыл, әулиелердің бірі. Ғаламдық деңгейдегі ой-пікірлерімен адамдарға сопылықтың сырын үйретеді. Төңірегінде жиналған адамдардың қарнын тойғызып, жұмыспен қамтиды және оларға Исламиятты үйретеді. Ол әрі өз дәуірінде, әрі өзінен кейін көптеген адамға шабыт береді. Түрік мәдениетінің Ислам дінін қабылдауынан бұрынғы кезеңі мен Исламияттан кейінгі кезең арасында мықты көпір болды. Нанымын ақылға сыйымды қылады. Ғылымға сүйенетін философиясымен надандықтан аулақ. Пікірлерімен әлі де бүгінгі күн қоғамына жол көрсетеді. «Ренжісең де ренжіме», «Ең үлкен керемет- жұмыс істеу» және «Біліммен жүрмеген жол түнек» деген сөздері арқылы бізге сонау неше ғасырдан  үн қатады.

**

Заманауи адам баласының қол жеткізуге тырысқан мақсатын 13-ғасырда көрсетіп кеткен, жеті ғасыр бұрыннан бері жарамдылығын жоғалтпаған, адамдарға жол көрсеткен Қажы Бекташ Уәлидің терең философиясы мен білімін түсіндіріп беруге тырыстық бүгін.



Ұқсас жаңалықтар