Гөлпынар Хетт бөгеті

Анадолының тұңғыштары - 26

1704539
Гөлпынар Хетт бөгеті

Анадолының ортасынан өте көркем және өте маңызды бір өзен өтеді. Қаратеңіз аймағының оңтүстігіндегі жерге нәр береді,  ауқымды алаңға созылған қойнауымен мыңдаған жанды түріне мекен болады. Осы өзен Түркия жерінде туған, осы жерде теңізге құятын өзендердің ең ұзыны – Кызылырмак. Кызылырмак тек бүгінгі күні емес,  тарихи процесте де Анадолы жағрапиясының ең маңызды өзендерінің бірі болған. Алғашқы дәуірде Кіші Азияның шекарасы Кызылырмак өзенімен сызылған. Көптеген халық қоныс тепкен, көптеген өркениет қанат жайған Анадолы жерінде. Кызылырмак пен төңірегіне қоныс тепкендер болса осы территорияның ең байырғылары. Әлемдік өркениет тарихына әлеуметтік, экономикалық және діни құрылымымен таңбасын басқан, адам баласына көптеген үлес қосқан хеттер де міне,  осы жерге орналасқан.

Хеттер – тұңғыштардың өркениеті. Тұңғыш жазбаша келісім Кадеш Бейбітшілік келісімі хеттер мен мысырлықтар арасында жасалған. Анадолыда аттарды алғашқы болып қолға солар үйретті. Екі дөңгелекті соғыс арбаларын да солар ойлап тапты. Анадолы жағрапиясында бірінші рет ұйымдасқан мемлекет құрылымы мен мықты орталық билікті де хеттер құрады. Бүгінгі «парламенттік монархияның» негізін де хеттер қалаған.

Хеттер тек басқару және әскери ерекшеліктерімен танымал емес.  Қала құру және сәулет тақырыбында да өте табысты жетістіктері бар. Қиын жер бедерінде де өте тиімді қалалар салған.

Адам баласы тарихындағы ең ежелгі өркениеттердің бірін осы қысқа уақытта егжей-тегжейлі айтып беру мүмкін емес әрине.  Біз бүгін хеттерден бүгінгі күнге жеткен, әрі жұмыс істеп тұрған Анадолыдағы жалғыз, әлемдегі бірнеше су бөгетінің бірін – Хетт Гөлпынар бөгеті туралы айтып береміз.

**

Хеттер «мың құдайлы халық» деп аталады.  Алайда осы құдайлардың арасында судың ерекше орны бар.  Тек өміршең маңызы ғана емес,  сонымен бірге қасиеттілігіне сенгендіктен де қалалары мен әсіресе храмдарын су шетіне салған. Кызылырмак нәр берген территорияға орналасқандары да кездейсоқ емес.  Бұлақтар, ағын сулар, көлдер, теңіздер, қысқаша айтқанда барлық су қасиетті олар үшін. Хеттер су көлшіктерін, мемораиалды су ғимараттарын салады. Осылайша Анадолының алғашқы су нысандары ортаға шығады.

Таза болу және тазалану сумен жүзеге асатындықтан храмдарының қасына қасиетті хауыздар салады.  Себебі құдайларының алдына шықпастан бұрын әрі материалдық, әрі рухани тазалық тек су арқылы жүзеге асады олардың ойынша. Храмдарында жуыну және тазалану мақсатты салынған арнайы бөлмелері бар. Осы жуыну жерлерінде шұңғылшаға ұқсас кішкентай хауыздар болады. Осы хауыздарға бір жерден су ағызып,  тұңғыш бұлақты да хеттер жобалаған.

**

Хеттер өмірдің барлық алаңында суға жақын болғысы келеді. Өздері орналасқан жерде климат қатал және сулауға мүмкіндік болмағандықтан жерлері шығымды емес. Бүгінгі күнге жеткен сына жазулы құжаттарында көптеген жаңбыр дұғасы кездеседі. Құрғақшылық пен тапшылық туралы жиі айтылады. Суға тапшы болған осы өркениет аймақ пен климат шарттарына сай жүйелерді жетілдіруге мәжбүр болады. Топырақты сулау, күнделікті тұрмыста қажетті мұқтаждықтарды қамдау және діни жауапкершіліктерді орындау мақсатты жаңбыр және жасанды суғаруға сүйенетін жүйелер жетілдірген.  Осылайша архитектура және инженерлік салада өз дәуірлерінен асып түседі. Бөгеттер, хауыздар, су қоймалары, каналдар мен су бөгеттерін салады.

Осы бөгеттердің бірі - Анадолының алғашқы бөгеттерінің бірі. Алажахөйүктегі Гөлпынар Хетт бөгеті үш мың жылдық және тек Анадолының ғана емес,  сонымен бірге әлемнің де әлі күнге істеп тұрған алғашқы бөгеті болып саналады. Бөгеттің Анадолыда болған үлкен құрғақшылықтан кейін Хетт патшалары тарапынан салынғаны белгілі.

Алажахөйүк – хеттерден бұрын аймаққа орналасқан хаттушалар кезінен қалған ең үлкен қалалардың бірі.  Хеттер кезінде де маңызын жалғастырады және сына жазулы табақшаларда бұлақ және су көздерімен танымал қала екені айтылады. Осы құрғақ қала су ғимараттарының арқасында хеттер дәуірінде «Бұлақ қала» деген мағынаға келетін Аринна деп аталады. Алажахөйүктегі Хетт бөгеті жартастардың ойылуымен қалыптастырылған және бүгінгі бөгеттерде болғаны секілді артық суды жіберетін жүйесі қарастырылған.  Бөгетте жиналған су егіншілікте, ауыз судың қамдалуында және діни мақсатта қолданылған.

Ғаламдық мәдени мұра ретінде қабылданған осы бөгет «Әлемдегі жұмыс істеп тұрған ең байырғы бөгет» атағын алған.  Қазбалар нәтижесінде жарыққа шығарылған бөгет қайтадан істеп кетті.  Адам сенгісіз, бірақ Алажахөйүктегі диқандар осы мыңдаған жылдық ежелгі бөгеттің суын қолданып отыр.

**

Хеттер өздері қоныс тепкен басқа қалаларға да бөгет салады.  Су мұқтаждықтары және жер бедерін назарға алғандықтан, әрбір бөгет өзгеше болады. Жазықтағыларды хауыз,  биік төбелердегілерді терасса түрінде салады. Кайсери, Кония, Сивас және Чорумдағы бөгеттерді зерттеп қарағанда осы өркениет өмір сүрген дәуірмен салыстырғанда математика және инженерлік тақырыбында өте алда болған.

Хеттер тек бөгет салмаған әрине.  Жартастардың ішіне су қоймаларын ойып, жаңбыр суын жинаған.  Суды сақтау үшін қоймалар мен хауыздар салады. Жиналған суды топырақтан жасалған, бірінің ішіне бірі кіріп тұратын құбырлармен үйлерге дейін жеткізген. Осы территориядағы мемориалды су ғимараттарын да бірінші рет салған осы хеттер.  Оның үстіне едәуір үлкен және ауыр жартас блоктарды сол кездің мүмкіндіктерімен жақсылап кеседі және біріктіреді. Тас шеберлігі көргендерді әлі күнге таңғалдырады.

Хеттер судың маңызын мың жылдар бұрын байқайды. Суға байланысты барлық ғимараттарды жылына кемінде бір рет тазалап отыру және ластықтан қорғау, суғару жүйелеріне зиян бергендердің жазаландырылуы секілді ережелер де қалыптасқан. Су инженерлігінің жол көрсетушілері болады. Анадолының инженерлік тақырыбындағы тәжірибесінің негізін қалайды, бағыт береді.

**

Бүгінгі күнгі Еуропа мен Таяу Шығыстың мифологиясы, тілі, діні,  саясаты және мәдениетіне едәуір әсер еткен, әлемнің ең ірі маңызды өркениеттерінің бірі хеттер. Адамның сумен қарым-қатынасына өзгеше өріс берген,  суға өзіне лайықты құрметті көрсеткен Анадолының байырғы өркениеті хеттерден біздің әлі күнге дейін үйренеріміз көп-ақ.

Түркия үні радиосында осы территорияның ең мықты мемлекеттерінің бірі болған хеттер, олардың сумен арасындағы байланысы және олар салған Анадолының ең ежелгі, әлемнің жұмыс істеп тұрған тұңғыш және жалғыз бөгеті Алажахөйүктегі Гөлпынар Хетт бөгеті туралы айтып бердік.



Ұқсас жаңалықтар