Илиада және Одиссея дастандары

Анадолының тұңғыштары -17

1683709
Илиада және Одиссея дастандары

Антигона, Прометей, король Эдип, Электра... Ежелгі грек театрының тақырыбын аңыздардан алған,  ұмытылмас трагедияларының кейбіреулері осы айтылғандар. Ұмытылмас дейміз, себебі кейінгі кездерде театр түрлері мен ойындарына әсер еткен,  бүгінгі театрдың негізін қалаған осы трагедиялар.  Діни әдеттер мен табиғатқа еліктеп басталған театр ойлау жүйесі өзгерген ежелгі грек дәуірінде басқаша болады. Себебі осы дәуірде өнер ұғымы айтыла бастайды,  эстетика, сезімдер және қоғамды ағарту пікірі алға шығады.

Бүгінгі күнгі театрдың іргетасын грек трагедиялары қалыптастырады.  Ал трагедиялардың жолын ашқан, оларды ғасырлар бойы бас тартылмас қылған туындылар қайсысы, білесіздер ме? Бұл туындылар Илиада және Одиссея. Батыс әдебиетінің тұңғыш шығармалары деп есептеледі.

**

Тек грек әдебиетінде ғана емес,  әлем әдебиетінде де маңызды орын алатын екі дастан бар: Илиада және Одиссея. Осы дастандар уақытқа жатпайды деп есептеледі.  Себебі жазылғанына ғасырлар болса да барлық дәуірде оқылады,  адам баласының өзгермес сезімдерін қарапайым тілмен баяндайды.  Ежелгі дәуірдің атақты ақыны Гомердің қаламынан төгіледі осы атақты батырлық жырлары. Грек мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналған, қасиетті деп саналған дастандардың ежелгі дәуірде мектептерде сабақ ретінде оқытылғаны айтылады.

Илиада және Одиссея тек грек трагедияларының бастаушысы болумен шектелмейді,  сонымен бірге заманауи әдебиеттегі сана ағыны әдісінің де атасы деп қабылданады.  Екі дастан да шамамен он алты мың жол және жиырма төрт бөлімнен тұрады.  Атақты Троя ежелгі қаласынан алады атын Илиада дастаны.  Трояның ішкі қамалы, яғни қаланың алғашқы және ең байырғы елді мекені Илион деп аталады сол кезде. Тақырыбы аты аңызға айналған Троя соғысы. Көп жылдар бойы шын ба әлде мифологиялық хикая ма екені белгісіз болған соғыс.  Себебі Гомер құдайлар мен жеңілмейтін қаһармандарға толы осы шайқасты ертегі секілді баяндайды. Негізінде соғыстың барлығы емес айтылған. Он жылға созылған соғыстың тек соңғы 51 күнін баяндайды Гомер Илиада дастанында.

Қысқаша не туралы екенін білгіңіз келсе, сіз үшін баяндап берелік. Троя ханзадасы Парис Ахей королі Менелайдың әйелі Еленаны алып қашқан соң, Троя соғысы басталады.  Соғысқа көптеген грек қала мемлекеті армияларымен қатысады.  Ахиллес де соғысқа қосылғандар арасында. Мықты және батылдығымен өте маңызды кейіпкер Ахиллес, алайда Ахей армиясының бас қолбасшысы Агамемнон салдарынан соғысуды тоқтатады.  Он жыл жалғасқан Троя қоршауында екі тарап та көп шығынға ұшырайды, алайда бірін бірі жеңе алмайды.  Ахей армиясы шаршай бастайды және Грекияға оралғысы келеді. Троялық Паристің інісі Гектор бір ұсыныс айтады осы ұзын соғыстың бітуі үшін. Соғыстың себебі Паристің Менелайдың әйелі Еленаны алып қашыруы болса,  келіспеушілік Парис пен Меналайдың шайқасуымен шешілуі керек. Осы ұсынысты қабылдаған Менелай мен Парис шайқасуға дайындалады. Сұлу Еленаның алып қашырылуында көмегі болған Афродита тап жеңілетін кезде Паристі шайқас алаңынан алып қашады және өлімнен құтқарады.  Соғыс қайта басталады. Енді соғысқа құдайлар араласады. Олар да өз жақтарын қолдауға кіріседі. Құдайлардың құдайы Зевс Гекторды қолдайды, яғни троялықтарды жақтайды.  Алайда Гектор Ахиллестің өте жақсы досын өлтіріп,  үлкен қате жасайды.  Ашуланған Ахиллес қайтадан соғысқа қосылады. Жауынгерлік жабдықтарын алып, Гектордың алдына шығады және оны өлтіреді.

Қаһарман Гектордың өлімі Троя халқын және отбасын қатты қайғыға батырады. Ахиллес Гектордың өлі денесін сүйрелеп, Трояның төңірегінде үш рет айналдырады. Сосын денені Гектордың әкесіне береді.  Илиада дастаны осы сахнамен аяқталады.  Соғысты ахейлер жеңеді.

**

Илиада Троя соғысының емес, Ахиллестің дастаны негізінде.  Жалғасы іспеттес екінші дастан болса Одиссея.  Троя соғысының қаһарманы, батыл жауынгер Одиссейдің соғыстан кейін өз елі Итакаға сапарын баяндайды Гомер осы екінші дастанында. Илиадада құдайлар мен жарты құдайлар алға шығады, мифологиялық және аңыз атмосферасы басым.  Ал Одиссея бір кісінің хикаясы. Одиссейдің он жылға созылған үйге оралу сапары мен басынан кешкендері бір кісінің аузынан жырланады, құдайлар жоқ бұл дастанда.  Илиадада оқиғалар бірінен соң бірі болады,  Одиссеяда естеліктер, кері оралулар, болашаққа меңзеулер кездеседі.

**

Осы өшпес туындыларды жазған Гомер ежелгі әлемнің ең ұлы ақыны деп қабылданады,  батыс әдебиетіне әсер еткен ең маңызды, бәлкім ең алғашқы жазушы. Классикалық мифология үшін де өте қымбат Гомер, себебі грек құдайларын бірінші рет баяндаған және міндеттерін айтып берген. «Грек мифологиясына және сондықтан барлық Эллин мәдениетіне осыншама үлес қосқан Гомер Анадолының тұрғыны» дейді Халикарнассос балықшысы Жевад Шакир Кабаагачлы. Гомердің өмірі туралы мағлұмат өте аз.  Родос, Афина, Саламис, Сағыз аралы және Смирна, яғни қазіргі Измир қалаларында туылғаны алға тартылады.  Мамандар туған жері туралы нақты мәлімет айта алмаса да,  батыс Анадолының маңызды қаласы Ион қаласы Смирнада туған болуы ауыр басады. Басқа жағынан Гомер атты бір кісінің еш өмір сүрмегенін алға тартқан кейбір зерттеушілер де бар.  Шығармалар шындық,  ал авторы болмаған деседі біреулер.  Эпикалық стильде шығарма жазған  ақындардың барлығы Гомер деп аталған деп те айтатындар бар. Туындыларды бірінші рет қағазға жазған адамның атының Гомер екенін айтатындар да.  Туындылары және туындыларындағы тақырыптардың түрлілігі және туындылар арасында стиль өзгешелігінің болғаны себепті осының бәрін бір кісі жаза алмайды деп сенеді кейбір зерттеушілер. Мамандар екі ғасырдан бері осы тақырыпты ойлап келеді.  Осы тақырыптың аты да бар: Гомер проблемасы. Бәлкім, шыныменен Гомер деген адам өмір сүрмеген шығар. Бәлкім өркениетімізге әсер еткен осы шығармалар ауыз әдебиетінің жалғасы секілді Гомер деген бір кісі тарапынан жинақталды немесе оның атымен аталды.  Ғылым әлемі үшін шешілмеген,  шешілмейтін жұмбақ секілді болса да,  біз үшін Анадолының ең ұлы ақындарының бірі Гомер.

Тарихтың атасы Геродот Гомердің гректерге құдайларды үйреткенін айтады.  Платон да осы көзқарасқа қосылады және «Грек әлемінде барлық сенімдердің атасы, осы әлемде тілге тиек  болған болса, барлығын сол тілге тиек еткен» деді.  «Грекияға білім берген ақын» дейді ол туралы. Ежелгі дәуірде медицинадан құқыққа, діннен саясатқа дейін көптеген тақырыпта оқылған негізгі шығармалардың авторы ол.  Ұлы Ескендір Гомерді оқып әскери жағынан көп нәрсе үйренгенін айтады. Тіпті жастығының астында Илиада дастаны жатқаны айтылады. Илиада дастанын өзіне жол көрсетуші ретінде таңдаған Генрих Шлиман Троя ежелгі қаласын табады.  Гомердің шыныменен өмір сүріп сүрмегені зерттеліп жатса да, сол керемет туындылардың адам баласы тарихындағы ықпалы шетке тасталмайды.



Ұқсас жаңалықтар