Османлы сұлтаны І Абдулмежит

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 30

1468937
Османлы сұлтаны І Абдулмежит

 

Османлы мемлекеті өзінің Еуропадағы елдерден қалып кеткендігін түсінгеннен кейін модернизация әрекетін бастады. Бұл әрекет әсіресе ІІ Махмут кезінде қарқынды жүрді. Бүгінгі Түркияның заманауи құрылымдарының көпшілігі сол кезде пайда болды. Бұл үдеріс ІІ Махмуттың ізбасары Абдулмежит кезінде де жалғасты. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде билік құрған Османлы сұлтаны Абдулмежит туралы сөз қозғаймыз.

25 сәуір 1823 жылы туылып, 26 маусым 1861 жылы қайтыс болған Абдулмежит Батыс мәдениетімен өскен болатын, француз тілін жақсы білетін, батыстың музыкасын ұнататын еді. Әкесі II Махмұд сияқты жаңашылдықты қолдады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, 1 шілде 1839 жылы таққа отырды.

Билікке келген соң Абдулмежит әкесінің модернизация әрекетін жалғастырды. Осы бағытта сыртқы істер министрі Мұстафа Решит Паша еуропадағы түрік елшілері жолдаған ақпарат негізінде реформа бағдарламасын дайындады. «Гүлхане Хат-и Хумайун», «Хат-и Шериф» немесе «Танзимат Ферманы» деп аталған бұл бағдарламаны  Мұстафа Решит Паша 3 қараша 1839 жылы Гүлханеде оқыды. «Танзимат» яғни жаңа түзім кезеңін ашқан бұл құжатта ешкімнің сот үкімінсіз жазаланбайтындығы, тауарлар мен мүліктердің мәжбүрлеп тартып алынбайтынтығы, мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қатынастарды реттейтін заңдар қабылданатындығы айтылды.

Танзиматтың жариялануымен туындаған жағымды ахуал Мысыр мәселесін шешуге ықпал етті. Мысырда әкім боп тұрған Кавалалы Мехмет Али Османлыдан тәуелсіздік алу әрекетін бастаған болатын. Ұлыбританияның ұсынысы бойынша бес ірі мемлекет Лондонда бас қосты. 1840 жылы 15 шілдеде Ұлыбритания, Ресей, Австрия және Пруссия Лондон келісіміне қол қойды. Ал Мысыр әкіміне қолдау көрсеткен Франция келісімге қарсы болды. Мысыр уәләяты Мехмет Али Пашаға мұралық жолмен қалдырылды және ол басып алған жерлер мен Османлы теңіз күштері Османлыға қайтарылды. 13 шілде 1841 жылы Ұлыбритания, Ресей, Австрия, Франця,  Пруссия  және Османлы елі «Бұғаздар келісімшартына» қол қойды. Шартқа сайкес, бұғаздар, басқаша айтқанда, Дарданель яғни Чанаккале және Босфор яғни Ыстамбұл бұғазы Османлы мемлекетінің бақылауына берілді және бұғаздар шетелдік әскери кемелерге жабылды. Бұл келісімшарт бүгінгі бұғаздар келісімінің негізін қалады.

1853 жылы Танзимат реформаларына сәйкес, Межлис-и Али-и Танзимат яғни Османлы парламенті ашылды. Әр уәләяттан екі өкіл Ыстамбұлдағы мәжіліске шақырылды. Орталықтан әр уәләятқа жіберілген аудандастыру кеңестері жұмыс істей бастады. Қаржы жүйесі Франциядағы жүйе негізінде ұйымдастырылды. Салықтарды анықтау провинциялық жиналыстарға яғни мәслихаттарға, ал салық жинау «мухассыл» деп аталатын салық қызметкерлеріне тапсырылды. Христиандардан салық жинау патриархаттарға тапсырылды. Сауда ассамблеялары құрылды. Францияның қылмыстық кодексі аударылып, қолданысқа енгізілді. 1845 жылы бастауыш мектептер ашылды. 1847 жылы Білім беру министрлігі құрылды. 1848 жылы алғашқы мұғалім мектебі ашылды, сол жылы әскери кадр дайындау сыныптары ашылды. 1850 жылы Дарулмариф деп аталатын орта мектеп, ал 1851 жылы алғашқы ғылыми академия «Энжумен-и Даниш» ашылды. 1846 жылы Дарульфунун деп аталатын Османлы еліндегі алғашқы университеттің іргетасы қаланды. 6 қыркүйек 1843 жылы әскери қызмет туралы заң қабылданды. Әскери қызметтің мерзімі 4-5 жылға дейін шектелді. 1840 жылы алғашқы қағаз ақша шығарылды. Жыл сайын парламенттің ашылуында сөз сөйлеуді әдетке айналдырды. Сұлтан Абдулмежит Танзиматтың жүзеге асуын өз көзімен көру мақсатында елді аралап жүрді.  1844 жылы ол Измит, Муданья, Бурса, Галиполи, Чанаккале, Лимнос, Митилен, Чиос қалаларында болды. 1846 жылы ол Румеліге сапар жасап, Силистраға дейін барды.

Дегенмен мемлекеттің барлық институттарында басталған модернизациялық әрекет қарсы реакцияларға байланысты қажетті нәтиже бермеді. Абдулмеджит консерваторлардың, атап айтқанда молдалардың наразылығына байланысты шегініс жасауға мәжбүр болды.

Абдулмежит кезінде сыртқы саясатта да маңызды оқиғалар болды. Сұлтан реформалармен айналысып жатқан кезде, 1845 жылы Сирия мен Ливанда Британия мен Франция мүдделерінің қақтығысы мен арандатуымен қақтығыстар пайда болды. 1850 жылы Османлы империясы 1848 жылғы төңкерістегі поляк көтерілісшілерін Австрия мен Ресейге беруден бас тартты. Бұл жағдай Османлының беделін арттырса да нақты пайда бермеді. 1852 жылы Австрия Османлы әскерлерін Черногориядан қуып шықты. Сонымен бірге Иерусалимде православие мен католиктер арасында қасиетті орындарға қатысты дау туды.

1853 жылы 4 қазанда Османлы Британия мен Францияның қолдауын пайдаланып, Ресейге соғыс жариялады. Қырым соғысы осылай басталды. Соғыс орыстардың әлсіреуімен аяқталды. Уақытша болса да, түріктер Ресейдің жайылуын тоқтатты. Дегенмен, 1856 жылғы Париж келісіміне сай Осман империясы «Хат-и-Хумаюн» деп аталатын жаңа реформаларды бастауға  уәде берді. Бірақ бұл реформалар Османлыға емес, Британия мен Францияның мүдделеріне жарады. Өйткені Париж бейбіт келісімшарты елдегі христиандарға көп құқық берді. Сондықтан Босния, Болгария және Албанияда толқулар басталды. Соғыс салдарынан Османлы шетелдік қарыз алуға мәжбүр болды. Нәтижесінде шетелдік державалардың ықпалы күшейді.

1858 жылы Османлының қазынасы банкрот деп жарияланды. Сәтсіздіктер Сұлтанның жігерін жер қылды. Ол елдегі істерге деген қызығушылығын жоғалтып, сарайда жалғыз қалатын болды. Сары уайым оның денсаулығына зиян келтірді. Сұлтан Абдулмежит 1861 жылы 25 маусымда туберкулезден қайтыс болды. Осман империясының соңғы төрт сұлтаны, атап айтқанда, V Мұрат, II Абдулхамит, V Мехмет және VI Мехмет – Сұлтан Абдулмежитің ұлдары болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар