Османлы сұлтаны ІІ Махмут
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 29
Еуропадағы мемлекеттер ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыған сайын, Османлы мемлекеті әлсірей берді. Бұл жағдай тек түріктердің шайқас алаңында жеңілуімен ғана емес, ел ішіндегі тұрақсыздыққа да байланысты болды. 1808 жылы Сұлтан ІІІ Селим биліктен кетірілгеннен кейін таққа IV Мұстафа шықты. Алайда оның 14 ай билігінен кейін қарсы топ таққа ІІ Махмутты отырғызды. Оның 31 жылдық билігі кезінде Османлыда модернизация талпыныстары өз жалғасын тапты. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Османлы тарихында өзіндік із қалдырған Сұлтан ІІ Махмут туралы сөз қозғаймыз.
Ұлы тұлғамыз 20 шілде 1785 жылы туылып, 1 шілде 1839 жылы қайтыс болған. Әкесі Сұлтан І Абдулхамит, ал анасы Накшидил Сұлтан болып табылады. Шахзада Махмут ағасы Сұлтан IV Мұстафаның 14 айлық билігі кезінде қорқыныш ішінде өмір сүрді. Өйткені тақтан құлатылған ІІІ Селимнің жақтастары мен Сұлтан IV Мұстафаны таққа шығарған топ арасында соғыс бітпеген болатын. Ыстамбұлдан қашып шыққан Низам-ы Жедид әскерлері Румелідегі Алемдар Мұстафа Пашаның қасында жинала бастады. Алемдар Мұстафа Паша Сұлтан ІІІ Селимнің қайта таққа шыққанын қолдады. Паша 1808 жылы 28 шілдеде өзінің 15 мыңдық әскерімен Ыстамбұлға шабуыл жасады. Бұған қарсы Сұлтан IV Мұстафа сарайдағы III Селим мен оның інісі Шахзада Махмутты өлтіруге бұйрық берді. Сұлтанның жақтастары ІІІ Селимді өлтірді, бірақ шахзада Махмут қашып үлгерді. Сарайды басып алған Алемдар Мұстафа паша ІІ Махмутты таққа шығарды. ІІ Махмуттың таққа шығу салтанаты 1808 жылдың 13 қыркүйегінде өтті. Алемдар Мұстафа Паша басуәзір болды. Осыдан кейін ІІІ Селимнің өліміне кінәлі адамдар қуғындалды. Ал IV Мұсафаның янычарылармен бірге жаңа бүлікке дайындалып жатқаны әшкере болып шейхулислам пәтуасымен 1808 жылы 17 қарашада өлтірілді.
Сұлтан ІІ Махмут алдымен таққа отыруға көмектескен Алемдар Мұстафа Пашадан ішкі қақтығыстарға және мемлекеттің билігінің әлсіреуіне себеп болған аян мәселесін шешуді сұрады. Османлы мемлекетінде белгілі билігі бар бейлерді аян деп атайтын. Алемдар Мұстафа Паша 1808 жылы 29 қыркүйекте Ыстамбұлда жиналған аяндарға Сенед-и Иттифак деп аталатын құжатқа қол қойдырды. Бұл құжатта аяндар падишаға мойынсұнатынын көрсетті. Алайда бұл құжат адамдар алдында падишаның дәрменсіз болып көрінуіне себеп болды. Сондықтан көп өтпей Сенед-и Иттифак құжаты жойылды.
Ұлы тұлғамыз ағасы III Селимнің жолымен жүріп, әскерді реформалау ісін жалғастырды. Ол Низам-ы жедит әскерін Секбан-и Жедид деп қайта құрды. Секбан-и Жедидидің күші мен олардың ай сайынғы зейнетақысының жоғарылауына алаңдаған жаңашерулер тағы да көтеріліске шықты. Бұл көтерілісте Алемдар Мұстафа Паша қайтыс болды. Ыстамбұлда көптеген өрт шығып, тонау басталғаннан кейін, Секбан-и Жедид жасағы 1808 жылы 18 қарашада жойылды.
ІІ Махмут сұлтан болған кезде, орыстармен шекара шайқастары жалғасып жатқан болатын. 1810 жылы орыстар екінші рет Силистра қамалын қоршады. 1811 жылы Наполеон орыстарға қарсы соғыс бастағанда, Ресейдің Осман шекарасындағы қысымы азайды. Осы уақытта Наполеон Ресейге жорыққа аттанбақ болды. Сондықтан француздар Османлыға Ресейге қарсы одақ құруды ұсынды. Алайда Англия мен Осман империясынан басқа бүкіл Еуропаны жаулап алған Наполеонға сенуге болмас еді. Сондықтан Сұлтан Махмут бұл ұсынысты қабылдамады. Түріктер орыстармен 1812 жылы 28 мамырда Бухарест бітіміне қол қойды. Бухарест келісімімен Ресей Уоллахия және Богданмен бірге басып алған жерлерін Османлыға қайтарып берді. Тек Басарабия аймағы орыстардың қолында қалды.
ІІ Махмут кезінде Османлы елінде көтерілістер көбейді. Осылардың ішінде Серб мәселесін шешу Сұлтан Махмут үшін ең маңызды мәселелердің бірі болды. Сербтер 9 жыл бойы көтеріліс жүргізіп жатқан болатын. Румелідегі 3-ші армияға көтерілісті тоқтату тапсырмасы берілді. Хуршит Ахмет Паша 80 мың әскерімен Нишке қарай сербтерге қарсы жорыққа шықты. 1813 жылы 30 қазанда Хуршит Ахмет Паша Белградқа кірді. Сербтер басып алған бекіністер мен қалалар қайтарылды. Көтерілістің жетекшісі Қара Йорги Австрияға қашуға мәжбүр болды.
1821 жылы гректердің түріктерді Пелопоннесте қырып тастауы жаңа соғыстың басталуына себеп болды. II Махмут көтерілістің негізгі қозғаушысы болған Ыстамбұлдағы православие патриархын дарға астырды. Румынияда Ресей қолдаған көтеріліс басталды. Түрік армиясы бұл көтерілісті оңай басты. Алайда, Мора көтерілісінің жолын кесу мүмкін болмады. Себебі оған бүкіл Еуропадан, әсіресе француз корпусынан көмек келді. Османлыға тек Австрия ғана қолдау көрсетті. Пруссия, Англия мен Испания бейтарап болды. Ресей мен Франция Грекияның тәуелсіздігін қолдады. Грек көтерілісі енді тоқтатылғанда, 1827 жылы 20 қазанда Наварино апаты болды. Британдық, француздық және ресейлік одақтас флоты түрік флотын жойып жіберді. Осыдан кейін Османлы гректерге тәуелсіздік беруге мәжбүр болды.
Сұлтан II Махмут кезеңінің Османлы тарихындағы батыстандыру процесінде үлкен маңызы бар. Османлы мемлекетін қайта құру үшін Махмут өзінің барлық еңбектерінде батыс техникасы мен мәдениетінен пайда алу үшін тырысты. Ол Вака-и Хайрия деп аталған оқиға арқылы жаңашеруді толықтай жойды. Қазіргі түрік армиясының негізі болып табыладын Асакир-и Мансур-и Мухаммедийені яғни Мұхаммедтің жеңімпаз әскерлері деп аталатын еуропалық стильде заманауи армия құрды. Осы және басқа да жаңалықтарына байланысты ұлы тұлғамыз тарихқа реформатор ретінде кірді.