Османлы сұлтаны ІІI Ахмет

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 24

1456982
Османлы сұлтаны ІІI Ахмет

1718-1730 жылдар арасында Османлы елінде бейбітшілік кезеңі болды. Бұл кезең Османлы тарихында Лале кезеңі деп аталады. Бұл кезде елде өнер, білім және өнеркәсіп дамыды. Бүгінгі бағдарламада Османлының құлдырау кезінде бір сәтке болса да тыныштық орнатып, елдің жағдайын жасаған падишах ІІІ Ахмет туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 30 желтоқсан 1673 жылы бүгінгі Болгариядағы Добричте туып, 1736 жылдың 1 шілдесінде Ыстамбұлда қайтыс болған. Әкесі – Сұлтан IV Мехмед, шешесі –Әметулла Рабиа Гүлнуш ханым. III Ахмет ағасы Сұлтан II Мұстафа тақтан тайғаннан кейін, ол 30 жасында 1703 жылы 22 тамызда Эдирнеде таққа отырып 1730 жылға дейін 27 жыл ел биледі.

Оның жастық шағы басқа Османлы шахзадаларымен салыстырғанда өте еркін өтті. Ол үйқамақта болмады және жайлы өмір сүрді, өйткені шахзадаларды өлтіру дәстүрі жойылған болатын. ІІІ Ахмет жақсы ұстаздардан білім алды. Сондай-ақ оның Еуропадағы оқиғаларды зерделеу мүмкіндігі болды.

Сұлтан III Ахмет билігінің алғашқы күндері мүлдем тәртіптен шығып кеткен жаңашерулерді ретке келтірумен өтті. Бас уәзір Чорлулу Али Паша әкімшілік істерде оған көмектесуге тырысты. Ол Сұлтан Ахметті қарсыластарымен күресте қолдады. Ұлы тұлғамыздың заманында Ресеймен қарым-қатынас шиеленісе түсті. Мұның себебі Ресейдің Түркі әлеміне қарай жайылуы, Балқандағы славян халықтарын қолдауы және жылы теңізге яғни Қара теңіз бен Жерорта теңізіне шығу жоспарын құруы еді.

Ресей Османлы мемлекетімен күресте өзіне жақтас табу мақсатында Османлы мемлекетінде өмір сүретін православ қоғамдарын арандату саясатын жүргізді. Осы арқылы Османлы мемлекетін әлсіретіп, соғыстарда үстемдікке қол жеткізуге тырысты. Мысалға, орыс патшасы І Петр Ефлак пен Богдан Бейлерін Османдықтарға қарсы арандатып отырды.

1709 жылы Полтава шайқасында Ресейден жеңілген Швеция патшасы XII Карл Ефлак пен Богдан Бейлерін паналады. Ол Османлыда 1713 жылдың 1 ақпанына дейін өмір сүрді. Бұл жағдай Ресей мен Османлы арасында 1711 жаңа бір соғысқа себеп болды.

Бас уәзір болып тағайындалған Балташы Мехмет Паша 100 мыңдық әскермен Дунайдан өтіп, Ефлакқа кірді. Ал Османлы флоты Қара теңізге ашылды. Қырым армиясының қолдауымен Османлы әскерлері Прут өзенінің жағасында орыс әскерлерін қоршауға алды. Орыс күштерін өзі бастап келген І Петр Мәскеуге хат жазып, жағдайдың қиындығы мен үмітсіздігін түсіндірді. Патшайым І Экатерина Осман империясына бейбітшілік ұсынды. Қырым ханы да, Швеция королі де орыс әскерлерін жойып жіберуді қолдады. Алайда, Балташы Мехмет Паша жаңашерулерге сенбеді. Сонымен қатар жаңа жаңа қасиетті одақтың құрылуынан қорыққан Балташы Мехмет Паша 1711 жылғы 21 шілде бітімге келуге келісті. Прут бітімінің шарттары мыналай еді: 1. Азов қамалы Османлыға қайтарылады. Яғни Қара теңіз қайтадан Османлы көліне айналды. 2. Орыстардың Ытамбұлда тұрақты елшілері болмайды. 3. Швеция королі Карл өз еліне еркін оралуына рұқсат беріледі. 4. Орыстар Лехистанның яғни Польшаның ішкі істеріне араласпайды.

Осы жеңістен кейін Осман империясы бұрын айрылып қалған Мора түбегін қайтарып алғысы келді. Венециялық қарақшыларлың Османлы саудагерлерінің кемелеріне шабуыл жасауы және Мора халқының Осман мемлекетінің қол астында болуды қалауына байланысты 1714 жылғы 8 желтоқсанда венециялықтарға қарсы соғыс басталды. Силахтар Али Паша Модон, Корон және Наваринді алу арқылы 1715 жылғы 22 тамызда  Мораны толғымен азат етіп Османлы билігіне қайтарды.

Мораның азат етілуіне байланысты венециялықтардың одақтасы Австрия да соғысқа араласты. Бас уәзір Дамат Силахтар Али Паша Османлы әскерімен Венгрияға басып кірді. 1716 жылғы 5 тамызда болған Петварварадин шайқасында Савой ханзадасы Евгенің қолбасшылығындағы Австрия қолы Османлы әскерлерін жеңді. Бас уәзір Силахтар Али Паша сол шайқаста шейіт болды. Осы жеңілістен кейін 1717 жылы 18 тамызда Белград жау қолына өтті. Бас уәзір болып тағайындалған Дамат Ибрахим Паша бейбітшілік ұсынды. 1718 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған Пасарофча шартына сәйкес жоғарғы Сербия, Белград және Банат үстірттері Австрияға; Далматияға, Босния мен Албания жағалаулары Венецияға берілді; Мора түбегі Османдықтарда қалды.

Пасорофча келісімшартынан кейін Османлының батыс шебінде тұрақтылық орнады. Бұл жағдай елдің дамуына үлес қосты. Десе де, шығыс шепте Ресейдің Кавказ аймағына қарай жылжуымен жаңа қауіптер пайда болды. 1723 жылы Иранда тақ таласы басталды. Осы жағдайды пайдаланып, Иранды өз қолына алғысы келген Ресей аймаққа шабуыл жасады. Иранды Ресейдің басып алуын қаламаған Османлы мемлекеті Иранға жорық ұйымдастырды. Ақырында Ресей мен Османлы Иран жөнінде Ыстамбұл келісімшартын жасады. Бұған сәйкес, оңтүстік Кавказ түріктерге, ал Баку, Дербент және солтүстік Кавказ Ресейдің еншісіне берілді.

Ыстамбұл келісімшартынан кейін Османлы Иранға үш жорық ұйымдастырды. Ван әкімі Сераскер Көпрүлізаде Абдулла паша 1725 жылы Хой, Хамедан және Реванды алып, Тебризге кірді. Алайда, Сафавидтердің Афшар руынан шыққан қолбасшысы Надир Иран күштерін қайта ұйымдастырып, Османлы шабуылына төтеп берді. Осыдан кейін Османлы жағы мен Иран шахы II Тахмасп Хамедан бітіміне қол қойды.

Османлы армиясының Ираннан жеңілгені туралы хабар жаңашеру арасында бүлікке себеп болды. Патрона Халил бастаған бұл бүлік ІІІ Ахметті тақтан құлатты.

 



Ұқсас жаңалықтар