Османлы сұлтаны ІІ Мұстафа

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 23-бөлім

1441696
Османлы сұлтаны ІІ Мұстафа

1699 жылы 26 қаңтарда Осман империясы Австрия, Венеция және Польшадан құралған және Қасиетті Рим империясы басқарған Қасиетті одақ мемлекеттерімен Карлофча шартына немесе басқаша атымен Карловицкий шартына қол қойды. Бұл келісім-шарт он жетінші ғасыр бойы бір жеңіс, бір жеңіліс болып жалғасып келе жатқан түріктердің Еуропа елдерімен соғысында үстемдіктің Еуропа жағынан өткендігінің белгісі болып саналады. Бұл кезеңде билік құрған Османлы падишалары бұл үстемдікті өз пайдасына өзгертуге қанша тырысса да, ондай өзгеріс мүмкін болмады. Өйткені мемлекеттің құрылымдары өз қызметтерін атқара алмайтын деңгейге жеткен еді. Дегенмен Османлы билеушілерінің қолынан келгенін жасағанын атап өтуіміз қажет. Сондай падишалардың бірі – Сұлтан ІІ Мұстафа еді.

Ұлы тұлғамыз 6 ақпан 1664 жылы туып, 1703 жылы 29 желтоқсанда қайтыс болды. Әкесі – Сұлтан IV Мехмед, ал анасы – Эметулла Рабиға Гүлнүш сұлтан. Оның анасы Османлы тарихында «хасеки» атағын алған соңғы ханым болып табылады. ІІ Мұстафа өзінен бұрынғы екі падишамен салыстырғанда үй қамақта болмаған. Басқаша айтқанда, ұлы тұлғамыз еркін өскен. Ол жастайынан жақсы білім алған. Тіпті ІІ Мұстафа әдебиетпен айналысып, «Икбали» деген лақап атпен өлең де жазған.

ІІ Мұстафа 6 ақпан 1695 жылы Османлы тағына шықты. Ол таққа отырғанда, Осман империясы құрлықта Австриямен, ал теңізде Венециямен соғыс жүргізіп жатқан болатын. Польша және барған сайын ықпалы артып бара жатқан Ресеймен Османлының қарым-қатынасы шиеленісе түскен еді. Басқаша айтқанда, ІІ Мұстафа таққа шыққанда күнтәртібінде соғыстан басқа еш нәрсе жоқ еді.

Билігінің алғашқы жылдарында ол түріктер үшін сәтсіз жүріп жатқан Қасиетті одақпен соғыстың барысын өзгертуге тырысты. Жалпы II Мұстафа дәуірінде Сұлтан қатысқан Австрияда үш үлкен жорық ұйымдастырылды. Ол тақтың үшінші күнінде өзінің соғыс жоспарын жарлық ретінде жариялады. Ол жарлықта: «Біз жеңіске жеткенге дейін ойын-сауықты өзімізге харам деп жариялаймыз» деді. Сұлтан II Мұстафа Балқандағы соғыста басқару мақсатында сол соғыста әскери орталық болып саналатын Эдирнеде қалып, сол жерден соғыс істерімен айналысты.

II Мұстафа бірінші Австрия жорығына таққа шыққаннан бес айдан кейін 1695 жылы 30 маусымда шықты. Падишаның қолбасшылығындағын Османлы қолы Эдирнеден жорыққа аттанды. Армия Белградқа келген кезде, Сұлтан осы уақытқа дейін сол жерде өмір сүрген Орта Мажар Королі Төкели Имрені Дунай өзені арқылы Ыстамбұлға жіберді. Содан кейін ол Австрия армиясына қарсы шабуылға өтті. Лугос деген жерде болған шайқаста ұлы тұлғамыз жеңіске жетті. Сондықтан II Мұстафа «Гази» яғни «дін жолында соғысып ардагер болды» деген атақ алды. Содан кейін Сұлтан II Мұстафа 1695 жылы 14 қарашада Ыстамбұл маңындағын Давутпаша әскери лагеріне келіп жетті. Ол жерде тынығып, 4 күннен кейін Ыстамбұлға үлкен шерумен келіп, Топкапы сарайына қоныстанды.

Қысты Ыстамбұлда өткізген II. Мұстафа Екінші Австрия жорығына 1696 жылы 8 сәуірде аттанды. Давутпаша әскери лагерінде құрылған Сұлтан Отауына орналасқан падиша сол жерден 1696 жылы 22 сәуірде қол бастап, Мажарстанға аттанды. 1696 жылы 27 тамызда Османлы әскері Тимишоараға жақын жерде австриялықтарға шабуылға өтті.  Тарихқа Улаш шайқасы болып енген бұл соғыста да Сұлтан ІІ Мұстафа басқарған Османлы әскері жеңіске жетті. Австриялық және венгрлік деректерде бұл шайқастың аты Олачин деп аталған. 1696 жылы 26 қазанда Сұлтан II Мұстафа әскерімен Ыстамбұлға оралды.

II Мұстафа үшінші Австрия жорығын ұйымдастыру мақсатында 1697 жылы 20 мамырда Эдирнеге келді. Алайда 1697 жылы 11 қыркүйекте Савой князі Евгенийдің қол басшылығындағы австриялық әскермен бүгінгі Сербиядағы Зента қамалы маңында болған шайқас Осман мемлекеті үшін үлкен жеңіліс пен апат болды. Шайқаста жеңіліске ұшыраған түріктер шегіне бастағанда Тизза өзеніне тірелді. Сол жерде болған шайқаста бас уәзір Елмас Мехмет Паша және төрт диван уәзірі, көптеген мырзалар, 30-ға жуық янычары ағалары, 30 000 әскер жау шеңберінде толықтай жойылды немесе Тизза өзеніне батып өлді. Сұлтан Мұстафа қолында қалған аз әскермен Ыстамбұлға шегінуге мәжбүр болды. Бұл жеңілістен кейін Осман мемлекеті бірден осал күйге түсті.

Бұл уақытта Венециандықтар Пелопоннес және Далматияға шабуыл жасады. Екінші жағынан Польша Боғданға шабуыл жасады. Бірінші Петр дәл осы кезеңде Ресейде билікке келіп, әскерін модернизациядан өткізді. Бірінші Петр Қаратеңіз бен Жерорта теңізіне қарай жайылуды мақсат етіп белгіледі. Осы мақсатта орыстар Османлының одақтасы Қырым хандығына шабуылға өтті. 1696 жылы 6 тамызда Ресей Азов қамалын басып алды.

Зента жеңілісінен кейін Англияның дәнекер болуымен Австрия мен Османлы бітімге келіп, келісім-шартқа қол қойды. Карлофча деп аталатын келісім-шартқа сәйкес, Османлы көп жерлерінен айрылды. Венгрия Австрияға, Украина мен Подоля Польшаға, Мора мен Далматия аралдары Венецияға берілді. Осы күннен кейін Осман мемлекетінің құлдырау кезеңі басталады. Бір жылдан кейін Ресеймен де бітім жасалды. 1700 жылы 14 шілдеде қол қойылған Ыстамбұл келісімімен Азов қамалы Ресейге берілді.

1700 жылдан кейін ІІ Мұстафа Ыстамбұлға қайтпай, Эдирнеде қалды. Осыған байланысты Ыстамбұлда бүлік басталды. 22 тамыз 1703 жылы бүлікшілер Эдирнеге шабуыл жасап, ІІ Мұстафа тақтан түсірілді.

 



Ұқсас жаңалықтар