Османлы сұлтаны Сары Сәлім

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 12

1405024
Османлы сұлтаны Сары Сәлім

Явуз Сұлтан Сәлім мен Кануни Сұлтан Сүлейман кезеңінде басталған Османлының алтын ғасыры Сүлейманның ұлы Сәлімнің кезінде де өз жалғасын тапты. Бұл кезеңде Османлы империясы тарихтағы ең кең аумаққа ие империялардың қатарына қосылды. Дегенмен солтүстікте Ресей империясының пайда болуымен осы кезден бастап, Түркі-Ислам өркениеті құлдырау кезеңіне аяқ басты. Бүгінгі бағдарламамызда сол дәуірге өз таңбасын қалдырған Османлы сұлтаны Сары Сүлейман туралы сөз қозғаймыз.

Османлы әулетінің 11-ші сұлтаны және Ислам өркениетінің 90-шы халифаты болып табылатын билеушіні II. Сәлім немесе Сары Сәлім деп атайды. Кануни Сүлейманның Хүрремнен туған ұлы болып табылады. Ұлы тұлғамыз 28 мамыр 1524 жылы Ыстамбұлда туылып, 15 желтоқсан 1574 жылы сонда қайтыс болған. Осы тұрғыдан қарағанда ол Османлы билеушілері арасында жорыққа шықпай өмірін сарайда өткізу дәстүрін бастаған падишах болып саналады. Одан бұрынғы сұлтандар тақ үстінде емес, ат үстінде өмірін өткізіп, шайқас алаңдарында қайтыс болатын.

1542 жылы он алты жасынан бастап билікке араласа бастаған Сары Сәлім Кония мен Манисада санжақ бейі болып қызмет етті. Ұлы тұлғамыздың таққа шығуы тақ таласы арқылы болды. Дегенмен бұл талас шайқас алаңдарында емес, айла мен қитұрқы саясат арқылы жүрді. Атап айтқанда, шахзаданың шешесі Хүррем өз баласы Сәлім немесе Баязиттің таққа шығуын қалады. Канунидің Мұстафа, Махмуд, Мұрад, Мехмед, Абдулла және Жихангир деген балалары әр түрлі тәсілдермен өлтірілді. Ақырында Сәлім мен Баязит қана қалды. 1558 жылы Хүррем қайтыс болғаннан кейін екі ағайынды соғыса бастады. Бұл соғыста әкесінің қолдауын алған Сәлім жеңімпаз болып шықты. Шахзада Баязит Ирандағы Сафевилер билеушісі Шах Тахмаспқа қашып барғанымен, Иран шахы Кануни Сүлейманмен жауласқысы келмей шахзаданы өлтірді. Осылайша, Сәлім Канунидің жалғыз мұрагеріне айналды. Сондықтан 1566 жылы Сұлтан Сүлейман қайтыс болғанда, ол Османлы тағына шықты.

Сұлтан Сары Сәлім сарайда отырып билік жүргізгендіктен, оның бас уәзірі Мехмед Соколлу және қатыны Нұрбану саясатта белсенді болды. Расында мемлекеттік істердің көп бөлігі осы екі қайраткердің қолында болды. Селімнің сұлтан болғаннан кейінгі кезеңдегі адғашқы жеңісі Сакыз аралының Венеция мен Генуядан алынуы болды. Сокуллу Мехмед Пашаның басқаруындағы әскерлер 1566 жылы аралды жаулап алып, бұғаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Еуропада Сәлімнің алғашқы жетістігі Габсбург әулетімен келісім жасауы еді. Бұл келісімге сай, Австрия Османлыларға жыл сайын 30000 дукаттан тұратын «сыйлық» төлеп тұратын болды. Сонымен қатар, Молдавия мен Валахиядағы Османдықтардың билігі мойындалды.

ІІ Сәлім кезінде болған маңызды оқиғалардың бірі Ресейдің күшейіп, бұрынғы Алтын Орданың мұрегерлері Қазан хандығын жаулап, Астраханға қауіп төндіруі болды. Бұған қарсы Османлылар шара қолданбаса, тек Қырымға қауіп төніп қана қоймай, Каспий теңізіне шыққан орыстар Османлы мемлекетінің Ислам әлеміндегі қарсыласы Иранмен одақтасуы мүмкін еді. Осыған байланысты Ресейдің экспансиясына қарсы тұру үшін Ыстамбұлда Еділ мен Дон өзендерін каналмен біріктіру жоспары жасалды. Бұл өзендер қосылған жағдайда Османлы флоты Қара теңізден Каспий теңізіне өтіп, Астраханды азат ету мүмкіндігіне ие болатын еді. 1569 жылдың жазында канал жұмысын бастауға янычар жасақтары жіберілді, ал Османлы флоты Азовты қоршауға алды. Алайда, 15000 адамнан тұратын Ресейдің әскері шабуылдап, жұмысшылар мен оларды қорғауға жіберілген татар әскерін аймақтан қуып жіберді. Осы кезде Қара теңізде дауыл шығып, Османлы флоты жойылды. Сонымен бұл жоспар жүзеге аспады. 1570 жылы Османлы мен Ресей бітімге келді.

Сары Сәлім кезінде 1571 жылы болған Хижаз бен Йемен жорықтары сәтті болды. Йемен 1517 жылы Османлы қол астына кірген және 1538 жылғы Хадым Сүлейман Пашаның Үнді теңіз жорығымен түбегейлі түрде Османлы жерлеріне қосылған болатын. Бірақ 1567 жылы аймақта Зейди Имам Топал Мутаххардың басшылығымен көтеріліс болған кезде, аймақтағы түрік егемендігін қалпына келтіру мақсатында жорық ұйымдастырылды. 1568 жылы болған жорықта Тай және Каир қамалдарынан кейін 15 мамырда Аден және 26 шілдеде Сана Османлы жерлеріне қайта қосылды.

Ұлы тұлғамыздың билігі кезінде Аше теңіз жорығы да болды. Суматра аралының солтүстік-батысында бүгінгі Индонезияға қарасты Аше Сұлтандығы осы аймақтағы байлыққа көз салған португалдықтардың мақсаттарының бірі еді. Сол кездегі Аше сұлтаны Алауддин Шах Португалияның қысымына шыдай алмай Османлығдан көмек сұрады. 1566 жылы Сәлім Аше сұлтандығына қолынан келген көмекті беруге уәде берді. 1569 жылы Қызыл теңіз флотының адмиралы Курдоглу Хайреддин Хызыр Рейс 22 кемеден тұратын флотымен Үнді мұхитынан өтіп, Ашеге көмек көрсетті. Аше елі Османлыға бағыныштылығын білдірді.

Дегенмен теңіздегі ірі жеңілістер де Сұлтан Сәлімнің кезінде болды. 1571 жылы Османлылар Кипр аралын басып алған болатын. Бұл жеңіс христиандардың бірігуіне себеп болды. Сол жылы Османлы флоты мен Испания және Италия мемлекеттерінің біріккен флоты арасында болған Лепанто шайқасында немесе түрікше айтсақ, Инебахты шайқасында түріктер ойсырай жеңіліп қалды. Десе де көп ұзамай Османлы империясының жойылған флоты қайта қалпына келтірілді. 1573 жылы түріктер  Жерорта теңізінің шығысын өз бақылауына алды. 1574 жылы тамызда, Османдықтар 1572 жылы Испандықтар басып алған Тунисті қайтарып алды.

 



Ұқсас жаңалықтар