Османлы елінің екінші бейі Орхан Ғазы

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 2

1359790
Османлы елінің екінші бейі Орхан Ғазы

Сүлейманшах, Ертұғрыл және Осман бейлердің кезінде басталған «ел болу» және «бейлік болу» үдерісі Орхан Бейдің кезінде одан әрі өз жалғасын тапты. Дәлірек айтқанда Османлы елі Орхан Бейдің тұсында нағыз мемлекетке айналды. Бұл кезең Османлы тарихы тұрғысынан да маңызды болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламада алып мемлекеттің екінші сұлтаны туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз Орхан 1281 жылы Сөгүтте туылып, 1362 жылы Бурсада қайтыс болған. Атын атасы Ертұғрыл Бей «Орхан Алып» деп қойған екен. Осман Бейдің алғашқы ұлы болып табылады.  Шешесі – Анадолы Селчуклы елінің уәзірі Омар Абдулазиз Бейдің қызы Малхун қатын. Кейбір деректер шатасып, ұлы тұлғамыздың шешесін Шейх Едебалидің қызы Рабиа Бала қатын деп санайды. Аңыз бойынша Осман Бей шейхтің үйіне қонып, түсінде «алып шынар» немесе «бәйтерек» көреді. Таңертең түсін Шейх Едебалиге айтқанда, шейх: «Балам Осман! Падишахтық саған және сенің ұрпағыңа құтты болсын және қызым сенің адал жарың болсын!» деп түсті жақсылыққа жорып, өз қызын береді. Бұл дерек тарихи шындықтан көрі Османлы мемлекетінің идеологиялық негізін қалыптастыру мақсатында айтылған болса керек. 

Осман Бейдің кезінде Орхан Бей «бейлербейі» атағымен қолбасшы ретінде қызмет етті. Әкесі Византия қамалдарына жорық жасағанда негізінен Анадолыдағы түрік бейлерінің артқы жақтан шабуылына қарсы тойтарыс берумен айналысты. Атап айтсақ, 1303-1305 жылдар аралығында ұлы тұлғамыз Ескішехир-Қаражахисар шебінде Гермиянұлдарымен соғысып, жеңіске жетті. 1324 жылы немесе 1326 жылы әкесінің орнына таққа шықты. Османлы сарай тарихшылары Орханның таққа шығуын құрылтай арқылы бейбіт жолмен болды деп жазса, Византия тарихшылары Османның інілері және балалары арасында тақ таласы болғанын және бұл таласта Орхан Бейдің алдымен Ұлытауға шегініп, сол жерде қол жинап, сосын билікті қолына алғандығын баяндайды.

Ұлы тұлғамыз таққа шыққанда Османлы мемлекетінің негізгі кеңею бағыты «Битиния» деп аталатын Византияның Анадолыдағы соңғы жерлері болатын. Әсіресе Византияның Анадолыдағы астанасы Изник қаласы мен өңірдегі ең ірі қамал Бурса қаласын алу Османлылардың басты мақсаты еді. Осы бағытта екі қала да қоршауда болатын. Орхан Бей басымдықты Бурсаға беріп, қалың қолмен келіп, қалаға шабуылға дайындала бастады. Алайда қала соғыспай берілді. Бұл жерде Осман Ғазының кезінде Ислам дінін қабылдаған Көсе Михаилдің дипломатиялық шеберлігі маңызды рол ойнады. Көсе Михаил Бурса қаласының текфуру яғни әмірі Евренос қамалды соғыспай тастап кетуге келісім берді. Бұның ақысы ретінде түріктер қала тұрғындарына тиіспеуге, қаланы талан-таражға салмауға және кеткісі келетіндерге рұқсат беруге келісті. Қала 6 Сәуір 1326 жылы алынды.

Орхан Бейдің Бурсадан кейінгі мақсаты Изник каласы болды. Расында бұл қаланы үш жарым ғасыр бұрын Селчук түріктері алған және тіпті Анадолы Селчук мемлекеті осы қалада құрылған. Бірақ крест жорықтары кезінде шегінуге мәжбүр болған түріктер Түркістаннан жаңа көштің келуімен он төртінші ғасырдың басында аймаққа қоныстана бастады. Османлы билеушілері бұл көшті күшке айналдырып, өз аумағын кеңейтуде еді.

Бурсаның алынуы және Изниктің қоршауда болуы Византияны қарсы қадам жасауға мәжбүрледі. Егер түріктерді тоқтатпаса, Византия Анадолыдағы барлық қалалардан айрылып қалатынын білді. Сондықтан 1329 жылдың мамыр айында Император ІІІ Андроник соғысқа дайындық жасай бастады. Византия мен Османлы арасындағы шайқас 11 Маусым 1329 жылы Палеканон деген жерде болды. Шайқаста жарақат алған император шегінуге мәжбүр болды. Осы жеңістен кейін Византиялықтар мұндай соғысқа қайта кіріспеді. 2 Наурыз 1331 жылы Изник қаласы да қан төгіссіз алынды.

Осы кезеңде Анадолы бейліктерін аралап, саяхатнамасына жазған Ибн Батута Османлы Бейлігі туралы да көп мәлімет қалдырған. Ұлы тұлғамызды «Османшық ұлы Орхан Бек» деп жазған саяхатшы «Ол түркімен бейлерінің арасында ең ұлығы. Байлығы, жер аумағы және әскері тұрғысынан ең қуаттысы. Қарамағында жүзден аса қамал бар» деп баяндайды. Сондай-ақ мәмлүк тарихшысы Ибн Фазлуллах Омари «Тұман ұлы Орханның» қырық мың атты әскерінің болғанын жазады.

1337 жылы Измит қаласы да Османлыларға бағынғаннан кейін Император Андроник Орхан Беймен бітім жасасты. Бұл бітімге сай, Османлы Анадолыдағы Византияның соңғы жерлеріне шабуыл жасамауға келісті. Византия да Османлыға белгілі мөлшерде салық төледі. Осы бітімнен кейін 1340 жылдан бастап Османлылар назарын Анадолыдағы бейліктерге аударды. 1343-1345 жылдарда Кареси бейлігімен болған соғыстардан кейін Балыкесир, Маняс, Единжик және Ердек қалалары Орхан бейдің қарамағына өтті. Ал 1354 жылы әу бастан Османлы бейлігін қолдаған Ахилердің қол астында болған Анкара қаласы Орхан Бейге бағынды.

Османлылардың Анадолыға қарай кеңеюімен қатар Румелі яғни Еуропаға да аяқ басуы осы кезеңде жүзеге асты. Бұл кезде әлсірей түскен Византия өздерінің ішкі мәселелерін шешу үшін түріктерді қолдана бастады. Осы мақсатта император Иоанн VI Кантакузин Орхан  Ғазыға қызын беріп құда болады. 1347 жылы түріктердің қолдауын алған Кантакузин астанасы Константинопольді жауларынан қайтарып алады. Осы көмектің бодауы ретінде түріктер 1353 жылы Еуропа жағалауындағы Чимпе қамалын алды. Орхан Ғазының ұлы Сүлейман Паша билігінде болған қамал аз уақытта түріктердің Еуропаға қарай кеңеюінде басты рол ойнады.

 



Ұқсас жаңалықтар