Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет және оның бейлігі

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 22

1277523
Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет және оның бейлігі

Малазгирт шайқасынан кейін құрылған Данишменд Бейлігі, Салтық Бейлігі, Артық әулетінің құрған бейліктері және Мәңгүжек Бейлігі Анадолының түріктенуіне өзіндік үлес қосқан болатын. Осы бейліктер қатарында Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бейдің Битлис қаласында құрған кішігірім бейлігі де бар болатын. Ендеше бұл бөлімімізде Анадолы Селчук мемлекеті, Сирия Селчук мемлекеті мен Ұлы Селчук империясы арасында маңызды рол ойнаған Дилмачұлы бейлігі туралы сөз қозғаймыз.

Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей Малазгирт шайқасына қатысқан Ұлы Селчуклы сұлтаны Алпарсланның қолбасшыларының бірі болған. Шайқастан кейін ұлы тұлғамыз оңтүстік Анадолының жаңа мемлекеттің құрамына алынуына үлес қосты. Осыдан кейін Халепте басталған бүлікті тыныштандыруға өзінің бес жүз түркіменімен бірге атсалысты. Оңтүстік жорықтан кейін Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей Анадолыға оралды. Алайда, осы кезде Құталмышұлы Сүлейманшахпен тіл табыса алмай, Афшин, Сұндұқ, Дудуұлы, Айтегін, Арсланташ сынды қолбасшылармен бірге Сирияға қарай ауып кетті. Бұл түсініспеушіліктің себебін білмесек те, бұл оқиғаның Сүлейманшах пен Артық Бейдің арасындағы жанжалмен байланысты болуы мүмкін деп ойлаймыз.

1077 жылы Сирияға келген ұлы тұлғамыз бұл жерде құрылып жатқан Сирия Селчуклы мемлекетінің билеушісі Сұлтан Тажідәулет Тұтыштың қызметіне кірді. Алайда 1079 жылы Сұлтан Тұтыш осы елдегі маңызды тұлғалардың бірі болған Уақ Атсызды өлтіртуіне наразы болып, қайтадан Анадолыға оралды. Осы көштерге қарағанда бұл кезеңде әлі Анадолы Селчук мемлекеті, Сирия Селчук мемлекеті және Ұлы Селчук империясының арасындағы шекара әлі нақты белгіленбеген болуы керек. Осыған байланысты осы жердегі түркімен бейлері де бірде Анадолы сұлтанына, бірде Сирия сұлтанына, ал кейде Ұлы Селчук сұлтанына қызмет ететін.

1085 жылы Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей Диярбакыр және аймағын билеген Меруани әулетінің Ұлы Селчуклы империясының қарамағына өтуі үшін жасалған жорыққа қатысты. Бұл жорық табысты болып, басқолбасшы Фахруддәулет ибн Жәхирдің басшылығымен Битлис қаласы алынғаннан кейін Ұлы Сұлтан Мәлікшах Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бейге осы жерді берді. Осылайша жаңа бейліктің негізі қаланған болды. Көп өтпей бұл бейліктің аумағы да кеңейе бастады. Сиирт маңындағы Ерзен қаласы да ұлы тұлғамыздың бейлігіне қарады.

Алайда жаңа бейліктің географиялық орналасуы оның тұрақты түрде дамуын қиындатты. Расында бұл аймақ жоғарыда аты аталған үш Селчуклы сұлтанының көз тігіп отырған жері болатын. Сондықтан Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей қауіп қай жақтан болса, сол жақтың билігін мойындауды жөн көрді. Ұлы тұлғамыздың ұрпақтары да осы саясатты жүргізді. Атап өтетін болсақ, 1104 жылы Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей қайтыс болғаннан кейін оның орнына отырған ұлы Тоған Арслан алдымен Анадолы Селчуклы мемлекетінің билеушісі Сұлтан Қылышарсланға, одан кейін Ахлатшах әулетіне бағынды. Ал бейлікке төніп тұрған ешқандай қауіп болмағанда, Дилмачұлы әулеті дербес саясат жүргізіп, тіпті төңірегіндегі қалаларды да өзіне қарата білді. Мысалға 1111 жылы Тоған Арслан бей Силван қаласын және айналасындағы ауылдарды басып алды.

Дилмач әулетінің билеушісі Тоған Арслан бей Артықұлы Елгазимен одақ құрды. Тоған Арслан бей Елгазидің қолбасшылығында крестшілерге қарсы соғысты. 1119 жылы Телифрин аңғарында болған шайқаста Елгази Бей мен оның одақтастары крестшілерге ойсырата соққы берді. Бұл жеңіс мұсылман тарихында маңызды жеңіс болып саналады. Осы шайқастан кейін крестшілердің жаулауына біршама тосқауыл қойылған болды.

1121 жылы Тоған Арслан бей одақтасы Артықұлы Елгазидің қолбасшылығында грузиндерге қарсы аттанды. Бұл жорыққа Тоған Арслан беймен бірге Қазы Әлемуддин бей, Әбілкәбир бей, Салтықұлы Али, Гермиян әулеті бейлері де қатысты. Бірақ бұл соғыста қыпшақтардың қолдауын алған грузин королі ІІ Дафид селчуклы қолын ойсырата жеңді. Бұл шайқаста Артық әулетінің абыройы әлсірегендіктен осы орайды пайдаланып, 1124 жылы Ахлатшах Ибрахим Дилмач әулетінің астанасы Битлис қаласына шабуыл жасады. Бірақ та қамалды ала алмады. Осыдан кейін Хүснүкейфа Артық әулетінің билеушісі Рукнеддин Дәуіт Битлиске жорыққа шықты. Дегенмен, ол да Дилмач бейлігінің астанасын ала алмады. Осы шабуылдарға қарағанда Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бейдің ұрпақтарына бейліктерінің тәуелсіздігін сақтап қалу оңай болмағандығы анық байқалады. Десе де Дилмач әулеті өздерінің дипломатиялық қабілеттерін қолдана отырып, өз дербестігін он төртінші ғасырға дейін сақтап қалды. Бейлік Хорезмшах мемлекетіне, одан кейін Шыңғыс хан империясына бағынды. Елханлы мемлекеті ыдырағаннан кейін Әмір Темірге де бағынды. Ең соңында, он төртінші ғасырда Ирандағы Аққойлы мемлекеті дәуірінде толықтай жойылды.

Қорыта айтқанда Дилмачұлы Алып Тегін Мехмет бей шығыс Анадолы тарихында маңызды рол ойнағандығы анық. Осы аймақтың геосаяси жағдайының күрделі болуына байланысты бейліктің де тарихы қиын болды. Дегенмен де мұндай қиыншылықтарға қарамастан бейліктің өмірі аймақтағы ықпалды Данишменд, Салтық, Инал және Мәңгүжук бейліктеріне қарағанда ұзағырақ болды. Бұл жағдай Дилмач бейлігінің билеушілерінің дипломатияда мықты болғандарының бір көрсеткіші. Сонымен қатар, Битлис қаласының ешқандай жау тарапынан алына алмауы және Дилмач бейлерінің аймақтағы маңызды шайқастарда орын алуы бейліктің әскери күшінің де әжептеуір болғандығын көрсетеді. Осы себептерге байланысты оңтүстік шығыс Анадолының тарихын зерттегенде міндетті түрде Дилмач әулетінің шежіресі назарда болуы керек.  

     



Ұқсас жаңалықтар