Артықұлы Нәжмеддин Елгази Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 21

1277522
Артықұлы Нәжмеддин Елгази Бей

Даңқты қолбасшы Ексүкұлы Артықтан тараған әулет тек Анадолы ғана емес, Ирак, Сирия мен Палестина тарихына да өз таңбаларын қалдырды. Артық Бейдің ұрпақтары  Диярбакыр және Харпут қалаларын шамамен жүз елу жыл биледі. Ал Мардин қаласындағы Артық әулетінің өкілдері Османлы кезеңіне дейін ықпалды болды. Ендеше бүгінгі бағдарламада Мардинде өзіндік бейлік құрған Артықұлы Нәжмеддин Елгази туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз Артық Бейдің ең кенже ұлы болып табылады. Әкесі 1091 жылы қайтыс болғаннан кейін Сирия мен Палестина Селчуклы Мемлекетінің билеушісі Сұлтан Тұтыш оның орнына екі ұлы Сөкмен мен Нәжмеддин Елгазиді тағайындады. 1095 жылы Сұлтан Тұтыш інісі Беркярукпен болған шайқаста қайтыс болғаннан кейін сұлтанның Дукак пен Рыдуан деген ұлдары әкелерінің орнына таласа бастады. Дукак Шам қаласына ие болғанда, Рыдуан Харпут қаласында билік құрды. Артықұлы Сөкмен Сұлтан Рыдуанның қызметіне кірді. Ал Елгази болса Дукактың қызметінде болды. Сұлтан Рыдуан өзіне қарсы бүлік бастаған інісі Дукакқа қарсы соғысқа дайындала бастады. Бұл соғыста Артық Бейдің екі ұлы екі жақта соғысты. Бірақ Сөкмен Бей 1096 жылы інісінің қол астында болған Құдүсті яғни Иерусалимді алғанда інісі Елгази ағасының билігін мойындады.

Селчуклы сұлтандарының бір-бірімен соғысып жатқандығын пайдалған Мысырлық Фатимилер 1098 жылы Құдүс қаласына қарай жорыққа шықты. Әмір Әфдалдың қолбасшылығындағы Фатими қолы Құдүске таяғанда Сөкмен мен Елгази өздерінің қарамағындағы түркімендермен қаланы қорғауға дайын еді. Алайда қала тұрғындары соғысты қаламағандықтан қақпаны ашып берді. Осыдан кейін Артықұлдары қаланы тастап кетуге мәжбүр болды.

Біраз уақыт Шамда тұрған ұлы тұлғамыз қарамағындағы түркімендермен бірге Бағдатқа барды. Бұл жерде Селчуклы сұлтандары Беркярук пен ағасы Мұхаммед Тапар таққа таласып жатқан болатын. Нәжмеддин Елгази Сұлтан Мұхаммед Тапардың жағына шықты. Сұлтан Тапар Елгазиге кезінде әкесі Артық Бейге қараған Хулван өңірін берді. Осыдан кейін Елгази Бей Жевхерайын, Күрбоға секілді әмірлермен келісіп, Тапарды Бағдатқа келіп билікті өз қолына алуға шақырды. Алайда, сұлтан Тапар дереу шешім қабылдамай айланып қалғандықтан, Бағдаттағы әмірлер Беркярукты таққа шығарды. Дегенмен, Елгази Бей Мұхаммед Тапар жағында болды.

Ақырында 1102 жылы Тапар Бағдатқа келіп билікті өз қолына алды. Осыдан кейін сұлтан Елгази Бейді Бағдаттың әмірі қылып тағайындады. Бірақ та көп өтпей Сұлтан Беркярук қайта Бағдатты алды. Беркярук қаланың әмірі ретінде Гүмүштегин әл-Қайсериді тағайындады. Осыған байланысты ұлы тұлғамыз да Бағдаттан кетуге мәжбүр болды. Алайда 1103 жылы Сұлтан Тапар таққа қайта шыққанда Елгазидің жұлдызы тағы да жарқырады. 1104 жылы Сұлтан Беркярук Бағдатты қайта алды. Бұл жолы Елгази Бей жаңа сұлтанның жағына шықты. Беркярук қайтыс болғаннан кейін ұлы тұлғамыз оның ұлы Мәлікшахқа қызмет етті. Бірақ сол жылы қаланы қайта алған Сұлтан Мұхаммед Тапар өзіне опасыздық жасаған Елгази Бейді қызметінен алып, оны қуғындады.

1105 жылы Диярбакыр жаққа келген Нәжмеддин Елгази Харпутта билік құрып отырған Сұлтан Рыдуанның қызметіне кірді. Сұлтанның қарамағындағы басқа әмірлермен бірге крестшілерге қарсы жорыққа қатысты. Осы арада Елгази Бей Мосул әмірі Чөкүрмүшпен дауласып, ақырында қарамағындағы адамдарымен Мосул қаласына шабуыл жасады. Бірақ Сұлтан Рыдуан бұл дауда Чөкүрміштің жағында болып, Елгазиді тұтқындап, оны Нұсайбин қамалына қамап тастады. Қарамағындағы түркімендердің сұлтанға қарсы шығуымен тұтқыннан босаған ұлы тұлғамыз Мардин қаласына барып, ол жердегі Сөкмен Бейдің ұлы Ибрахимнен билікті өз қолына алды. Осылайша, 1106 жылы Артық әулетінің Мардин тармағы құрылған болды.

Он екінші ғасырдың басында оңтүстік шығыс Анадолы мен солтүстік Сирия мен Ирак Анадолы Селчуклы мемлекеті мен Ұлы Селчуклы мемлекеті арасында даулы жер ретінде қарастырылатын. Анадолы Селчуклы мемлекетінің негізін қалаушы Сұлтан Құталмышұлы Сүлейманшахтың осы өңірде өлуі тегін емес еді. Ал 1107 жылы бұл аймаққа Сүлейманшахтың ұлы Қылышарслан көз тіге бастады. Бағдаттағы сұлтан Мұхаммед Тапардың Мосулға тағайындаған Әмір Жаулы мен Сұлтан Қылышарслан арасындағы шайқас Хабур өзені маңында болды. Бұл шайқаста Елгази Бей Жаулы жағында болды.

Шайқастан кейін Әмір Жаулы мен Елгази Бейдің арасы бұзылды. Осыған байланысты ұлы тұлғамыз Нұсайбин қамалын басып алды. Осы кезде Сұлтан Тапар Әмір Жаулыны қызметінен босатып, оның орнына Әмір Мәудудты тағайындады. Бұған наразы болған Жаулы Елгази Бейге сұлтанға қарсы одақ құруды ұсынды. Бірақ ұлы тұлғамыз бұл ұсынысты қабылдамады. Осы әрекетіне алғыс ретінде Әмір Мәудуд оған Харранды берді. 1117 жылы болcа Халеп қаласы да Елгазиге бағынды. Басқаша айтқанда, ғасырдың басында Мардиндік Артық әулеті аймақтағы ең ықпалды бейлікке айналды.

Он екінші ғасырдың алғашқы ширегінде Сирия аймағында крестшілердің ықпалы едәуір артқан болатын. Оларға қарсы Елгази Бей Шамдағы Атабек Тутегінмен одақ құрды. 1119 жылы Телифрин аңғарында болған шайқаста Елгази Бей мен оның одақтастары крестшілерге ойсырата соққы берді. Осы шайқастан кейін ұлы тұлғамыз теңізге дейін жалғасып жатқан солтүстік Сирияны қол астына алды. Елгази Бей 1122 жылы Рамазан айында ауырып қайтыс болды. Ал оның құрған бейлігі 1407 жылға дейін өмір сүрді.



Ұқсас жаңалықтар