ІV Қылыш Арслан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 12

1247031
ІV Қылыш Арслан

1243 жылында болған Селчуклылар мен моңғолдар арасындағы Көседағ шайқасынан кейін Анадолыдағы саяси тұтастық жойылды. Бұл кезеңде Анадолыда Құлағу ханның Иранда құрған Елхан мемлекеті ықпалды болды. Осы қиын-қыстау кезеңге куә болған маңызды тұлға ІV Рукнеддин Қылыш Арслан болды.

1246 жылы қайтыс болған Сұлтан ІІ Ғияседдин Кей Хұсраудың артында үш ұл қалған болатын. Бұл үш ұлдың нағашылары әр жақтан еді. Бірінші ұлы ІІ Іззеддин Кейкауыстың нағашыларының Византия әулетімен жақын байланысы бар болатын. Осы бағдарламамызда қарастырып отырған ІV Рукнеддин Қылыш Арслан сұлтанның екінші баласы болатын. Ұлы тұлғамыздың нағашыларының қай елден болғандығы нақты белгілі емес. Бірақ сұлтанның өлімінен кейінгі тақ таласында ІV Рукнеддин Қылыш Арсланның жақтастарының көп болуына қарғанда оның нағашы жұртын Анадолының түрік әулеті болды деп болжам жасай аламыз. Оның үстіне ІV Рукнеддин Қылыш Арсланның жақтастары Қарақорымға барып, шахзаданың сұлтан қылып тағайындау үшін рұқсат алған. Тарихи деректер Селчуклы билерінің 1246 жылғы Күйікті Ұлы Қаған сайлаған құрылтайға қатысқандарын білдіреді. Осыған қарағанда ұлы тұлғамыздың жақтастары дәстүрлі далалық ел басқару жүйесін жақсы білетін болулары керек.

Енді бір жағынан Сұлтан ІІ Ғияседдин Кей Хұсраудың әйелдерінің бірі Әюби әулетінен болғандығын ескерсек, ұлы тұлғамыздың нағашылары да сол әулет болып шығады. Бірақ бұл жерде де Әюби әулетінің тегі әлі күнге дейін нақтыланбағандығын ескеруіміз керек. Кейбір ғалымдар олардың күрд деп санаса, басқа ғалымдар оларды түрік деп есептейді. Ал Сұлтан ІІ Ғияседдин Кей Хұсраудың үшінші ұлы ІІ Алааддин Кейқұбаттың нағашылары грузиялық билеуші әулет болатын. Осы жағдайда ұлы тұлғамыздың ағасы Византияға, ал інісі белгілі мөлшерде Грузияға арқа сүйеуіне байланысты VІ Рукнеддин Қылыш Арсланның бір жағынан жергілікті түрік әулеттердің қолдауын алуына себеп болды. Бұл кезеңде ұлы тұлғамыздың әсіресе моңғолдардың қолдауын алғандығы белгілі.

1246 жылдан бастап Анадолыда үш басты билік қалыптасты. Қызылырмақ өзенінің батысында үлкен ұл ІІ Іззеддин Кейкауыс, ал өзеннің шығысында ұлы тұлғамыз ІV Рукнеддин Қылыш Арслан мен інісі ІІ Алааддин Кейқұбат билік құрды. Үш мұрагер де «сұлтан» атағын алса да, үлкен ұл ресми түрде «Ұлы сұлтан» деп танылды. Десе де әр сұлтан өз атынан теңге соқтырды. Ал жұма намазы хұтпаларында үш сұлтанның да аты аталды. ІІ Іззеддин Кейкауыстың астанасы Кония қаласы болды. Ал ұлы тұлғамыздың ордасы Сивас қаласы еді. Бұл үш басты билік Жәлеледдин Қаратай сынды сол кезеңнің ықпалды қайраткерлерінің елдің тұтастығын жоғалтпау үшін ұсынған шарасы еді.

Десе де Кония мен Сивас арасында қақығыстар болып тұрды. Мысалға 1249 жылы бітім бұзылып, екі жақтың арасында соғыс басталды. Бұл соғысты ІІ Іззеддин Кейкауыс жеңіп, ұлы тұлғамызды тұтқындады. Алайда Рукнеддин Қылыш Арсланның қолдаушысы моңғол қолбасшысы Байжу ноян жағдайды пайдаланып, Анадолыға тағы да шабуыл жасады. Ақсарай маңында болған шайқаста Іззеддин Кейкауыс жеңіліске ұшырап, одақтасы Византия императоры Феодор Ласкарді паналады. Тұтқыннан босаған Рукнеддин Қылыш Арслан Кайсері қаласында қайтадан Селчуклы тағына шықты. Ал Византия императорынан қолдау алған Іззеддин Кейкауыс моңғолдар шегінді деген хабарды алған соң, Конияға қайтып келді. Осылайша үш басты жүйе қайта қалпына келді.

Селчуклы мемлекіндегі үш бастылық 1249 жылдан 1254 жылға дейін бес жыл жалғасты. Сол жылы екі маңызды оқиға болды. Біріншіден, бас уәзір Қаратай қайтыс болды. Осыған байланысты үш сұлтанның ымыраға келуі қиындай түсті. Екіншіден, осы кезеңде Жошы мен Төленің ұрпақтары Үгедей мен Шағатайдың ұрпақтарын биліктен ығыстырып, Моңғол империясының тағына Ұлы қаған ретінде Төленің баласы Мәңгі шықты. Жаңа қаған Селчуклы сұлтандарын ордасына шақыртты. Бірақ Қарақорымға тек сұлтан Алааддин Кейқұбаттың барғандығы белгілі. Алайда ол сапардан келген соң белгісіз бір себеппен қаза тапқан.

1254 жылдан бастап Анадолыдан екі басты билік кезеңі басталды. Осы кезде Рукнеддин Қылыш Арсланның моңғолдарға, ал Іззеддин Кейкауыстың Византияға арқа сүйейтіндігі анық байқалды. 1258 жылы Ұлы қаған Мәңгінің інісі Құлағу қалың қолмен батысқа қарай жорыққа шыққандығы белгілі. Ол Иранға келген кезінде Селчуклы сұлтандары Іззеддин Кейкауыс пен Рукнеддин Қылыш Арслан оның ордасына шақырылды. Құлағу ханның жарлығымен Қызылырмақтың батысы Іззеддин Кейкауысқа және шығысы да Рукнеддин Қылыш Арсланға берілді. Басқаша айтқанда, іс жүзіндегі жағдай бекітілген болды. Десе де көп өтпей, Құлағу хан Іззеддин Кейкауысты Мәмлүктермен одақ жасауға тырысып жатқандығы анықталды. Моңғолдардың қолдауын алған ұлы тұлғамыз Конияға шабуылға өтті. Рукнеддин Қылыш Арсланнан жеңілген Іззеддин Кейкауыс Византияға, сосын Қырымға қашты.

1260 жылдан 1266 жылға дейін ІV Рукнеддин Қылыш Арслан Анадолыны өзі биледі. Десе де оның билігі моңғолдар тарапынан шектеулі еді. Оның билігі кезінде түріктер Силифке қаласын армяндардан, ал Синоп қаласын Трабзон корольдігінен алды. Бірақ Қылыш Арсланның уәзірі Муинеддин Сүлейман Перваненің билігі артты. Мысалға Синоп қаласы уәзірдің ұлының қарамағына өткен еді. Осы оқиға уәзір мен сұлтанның арасында қақтығыстың шығуына себеп болды. Ақырында уәзір сұлтанды буындырып өлтіргізді.



Ұқсас жаңалықтар