Темірдің ұрпағы Әбу Сейіт

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 41

1102578
Темірдің ұрпағы Әбу Сейіт

12 наурыз 1447 жылы Әмір Темірдің ұлы Шахрух қайтыс болғаннан кейін Темірдің мемлекетінде тақ таласы басталды. Бұл таласқа Темірдің ұлдары, немерелері, тіпті шөберелері қатысып, көп қан төгілді. Ал 27 қазан 1449 жылы Темір мемлекетінің шығыс қанатын билеген Ұлықбектің қастандықпен өлтірілуі жағдайды одан сайын шиеленістіріп жіберді. Бұл қантөгісті 1451 жылы таққа отырған Әбу Сейіт уақытша болса да, тоқтатқан болды. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда Темір мемлекетінің соңғы билеушісі Әбу Сейіттің өміріне тоқталамыз.

Ұлы тұлғамыз 1424 жылы Герат қаласында туылып, 1469 жылы Кавказдағы Қарабақ қаласында қайтыс болған. Әкесі Әмір Темірдің үшінші ұлы Мираншахтың бірінші баласы Сұлтан Мұхаммед мырза болып табылады. Шахрух пен Ұлықбек қайтыс болғаннан кейін тақталасына қатыса бастады. Ол 1448-1449 жылдары айналасына қол жинап, Самарқант пен Бухараны жаулауға тырысты, бірақ бұл мақсаттарына қол жеткізе алмады. Десе де бұл кезеңде ұлы тұлғамыз Яссы қаласына ордасын құрып, 1450 жылы Түркістанның көп жерлерін өзіне қаратты. Бұл жағдай Әбу Сейіттің солтүстікте барған сайын күшейіп бара жатқан өзбектермен қарым-қатынас құруына итермеледі. Әбілхайыр ханмен одақ құрған ұлы тұлғамыз 1451 жылы Самарқантқа шабуыл жасады. Сол жылы 10 Маусым күні Шираз деген ауылдың маңында одақтастардың қолы Ұлықбектің мұрагері, Ибрахим Сұлтанның ұлы Абдулланы жеңіліске ұшыратты. Алайда қалаға жақындап келген Әбу Сейіт қаланың әдемілігіне қызығып, оның қиратылуына рұқсат бермеді. Есесіне Әбілхайыр ханға көп сыйлық беріп, оны разы қылды. Сонымен қатар өзбектердің ханы Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан бегімді алды.

Темір мемлекетінің шығыс қанаты болған Мәуренахрда өз билігін орнатқан Әбу Сейіттің алғашқы кезде сыртқы саясаттағы басымдылығы Моғолыстан болды. Өйткені бұл кезде Есен Бұға хан Моғолыстанның тұтастығын қалпына келтіріп, Мәуренахрға шабуыл ұйымдастырып жатқан болатын. 1451 жылы Есен Бұға алдымен Ташкентке, артынша Әндіжанға шабуыл жасады. Алайда ұлы тұлғамыздың қарымта шабуылына төтеп бере алмаған Есен Бұға Моғолыстанға шегінуге мәжбүр болды. Моғолыстандықтарды бұл жорықтары кейінгі жылдары да жалғаса берді. Ақырында Әбу Сейіт Иранда жүрген Есен Бұғаның ағасы және Уәйіс ханның үлкен ұлы Юнысты тауып, оған қалың қол беріп, оны Моғолыстанға қарсы жіберді. Бұған қоса, Әбу Сейіт Есен Бұға ханды әлсірету үшін тағы да өзбек ханы Әбілхайыр ханмен одақ құрды. Бұл одаққа қарсы Есен Бұға Әбілхайырға қарсы көтеріліс бастаған Керей мен Жәнібекке қолдау көрсетті.

Әбу Сейіт солтүстік пен шығыс шекарасын тұрақтандырғаннан кейін назарын Темір мемлекетінің батыс қанатына аударды. Бұл жерде Шахрухтың Байсұңқар деген ұлынан тарайтын ұрпақтары бір-бірімен соғысып жатыр еді. Осы тақталасты пайдаланған аққойлы және қарақойлы елдері өздерінің дербестігін жариялады. Бұл өзгергеріс Иран тарихы тұрғысынан маңызды болып саналады. Өйткені осы кезден бастап, Иран Мәуренахрдан тәуелсіз мемлекет болып қалыптаса бастады.

Темір ұрпақтарының қарамағында тек Хорасан ғана қалған болатын. Бұл жерде Байсұңқардың Әбілқасым Бабыр деген баласы қарсыластарын жеңіп, өз билігін орнатқан еді. 1454 жылы Әбу Сейіт Балх қаласына шабуыл жасағанда, бұған қарсы Әбілқасым Бабыр Самарқантқа шабуылдады. Ақырында екі жақ ымыраға келіп, Амудария өзенін шекара деп бекітті. Бұл бітім 1457 жылы қайта бұзылды. 21 қаңтар 1457 жылы Әбілқасым Бабыр қайтыс болғаннан кейін оның ағасы Ала-әддауләның ұлы Сұлтан Ибрахим Гератты басып алды. Алайда Әбу Сейіт бұл жағдаймен келіспей, Гератқа қарсы жорыққа шықты. Ұлы тұлғамызды Балх әмірі Шейх Қажы да қолдады. Ақырында Әбу Сейіт 2 Қазан 1457 жылы Сұлтан Ибрахимді Гераттан қуып шықты. Алайда ұлы тұлғамыз келесі жылы Балх қаласында шыққан бүлікті жаншып жүргенде, Сұлтан Ибрахим тағы да Гератқа шабуыл жасап, ол жерді жаулап алды. Дәл осы кезде батыстан келген қарақойлы елінің әмірі Жиханшах Гератты Сұлтан Ибрахимнен тартып алды. 1458 жылдың соңында ұлы тұлғамыз Жиханшахты жеңіп, қаланы қайтарып алды. Артынша Сұлтан Ибрахимді де жеңіліске ұшыратты. Осылайша, Әбу Сейіт Әмір Темірдің астанасын Самарқант пен Шахрухтың астанасы Гератты өзіне қарату арқылы Темір мемлекетінің орталық жерлерін біріктірген болды. Иран мәселесінде ұлы тұлғамыз қара қойлы елінің әмірі Жиханшахпен келісім жасап бұл жерді екіге бөліп алды. 1461 жылға келгенде, ұлы тұлғамыз бүкіл Ауғанстанды бағындырды. Бұл жердің маңыздылығы  кейінірек ұлы тұлғамыздың немересі Бабырдың Үндістанды жаулауы барысында ортаға шығады. Қысқасы, Әбу Сейіт осылайша өз шекарасының батысы мен оңтүстігін тұрақтандырған болды.

1467 жылы қара қойлы мемлекетінің әмірі Жиханшахтың ақ қойлылармен соғыста қайтыс болуымен Иран аумағында қақтығыстар басталды. Осы орайды пайдаланған Әбу Сейіт Темір мемлекетінің бұрынғы жерлерін қайтарып алуды ойлады. Иранға жорыққа шыққан ұлы тұлғамыз негізінен ақ қойлы елінің әмірі Ұзын Хасанмен қақтығысты. 1469 жылдың 30 Қаңтарында Оңтүстік Кавказдағы Қарабақта болған шайқаста ұлы тұлғамыз Ұзын Хасанның қолынан жеңіліп, тұтқынға түседі. Әбу Сейіт Шахрухтың әйелі Гаухаршат ханымды өлтіргеніне байланысты 1469 жылдың 5 ақпанында Шахрухтың немересі Жәдігер Мұхаммед мырза тарапынан өлтірілді. Ұлы тұлғамыздың өлімінен кейін Темір мемлекеті одан әрі ыдырай бастады. Мәуренахрды өзбектер, ал Иранды ақ қойлылар жаулап алды.  



Ұқсас жаңалықтар