Моғолыстан ханы Ахмет Алақ

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 37

1089187
Моғолыстан ханы Ахмет Алақ

Түркі мемлекеттерінің барлығында далалық салт-дәстүрді қолдайтындар мен қалалық өмір салтына өту мәселесін қолдайтын топтар болатын. Бұл үдеріс Ұлы Ғүндар мен Көк Түріктердің кезінен басталып, Селчук, Османлы және Орта Азия хандықтарының кезеңіне дейін жалғасады. Мысалға, Білге Қағанның қала салу ұсынысына данышпан Тұңғиық қарсы шыққан болса, Селчуклу сұлтаны Селчукнамеде ұрпақтарына «Қалаға барып орнықпаңдар. Өйткені қаладағылардың ата-тегі белгілі болмайды. Нағыз тектілік көшпенділерде» деп өсиет қалдырған екен. Шыңғыс хан ұрпақтары отырықшы халықтарды билесе де, ордаларын қаланың сыртына орналастырып, табиғаттың ішінде көшіп-қонып жүретін. Құбылайдың ұрпақтары ел билеудің қытай дәстүрін енгізу мен далалық дәстүрде қалу жақтастары болып бөлінгендігі белгілі. Ақ Орда халқының қазақ және өзбек болып бөлінуінің негізінде де осы дала мен қаланың қақтығысы болуы мүмкін. Ал Шағатай ұрпақтарында бұл айырым Моғолыстан тарихының ең соңғы кезеңінде ортаға шықты. Юнус ханның балалары Сұлтан Махмут пен Ахмет Алақ кезеңінде бұл қақтығыс айқын байқалды. Олай болса, бүгінгі бағдарламамызда Моғолыстан тарихына далалық түркі мемлекеттік басқару дәстүрінің қорғаушысы ретінде енген Ахмет Алақ хан туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз – он бесінші ғасырдың соңында өмір сүрген және Моғолыстан тарихына өз ізін қалдырған маңызды саяси және әскери қайраткер. Оның әкесі Уәйіс ұлы Юнус 1428 жылы тақ таласында інісі Есен Бұғадан жеңіліп, Әмір Темірдің ұрпақтарын паналаған еді. Осыған байланысты Юнус ханның балалық және жастық шағы Иранда өтті. Юнус ханның тәрбиесі оны көшпенді түріктерден гөрі отырықшы парсыларға жақын тұруына себеп болды. Тіпті атақты Мұхаммед Хайдар Дулат еңбегі «Тарихи Рашидиде» Юнус ханды түріктен гөрі тәжікке көбірек ұқсайды деп жазады. 1456 жылы Юнус хан Моғолыстан саясатына араласа бастағанда оның парсылық дүние танымы оның билігіне және балаларының тәрбиесіне ықпал етті. 1462 жылы Моғолыстанның дулат билері оны хан сайласа да, іс жүзінде ол жергілікті билер мен әмірлерден оқшауланып тұрды.

Ахмет Алақ Юнус ханның Сұлтан Махмуттан кейінгі екінші ұлы болатын. Ұлы тұлғамыздың шешесі де Макендониялық Ескендірдің ұрпағы болып саналатын Шах Бегім еді. Юнус хан өз мұрагері ретінде Сұлтан Махмутты көргендіктен оның тәрбиесіне көбірек мән берді. Осының нәтижесінде Сұлтан Махмут парсы мәдениетіне сай өсті де, Ахмет Алақ түркі мәдениетіне сай тәрбиеленді. Сұлтан Махмут сарайда өлең жазып, әдебиетпен айналысса, Ахмет Алақ далада аң аулауды ұнататын. Осы айырымға байланысты, ұлы тұлғамыздың айналасына далалық мемлекеттік басқару жүйесін қолдаған дулат билері шоғырлана бастады. Юнус хан мен дулат билерінің арасындағы қарама-қайшылық 1484 жылы Ташкент қаласының Моғолыстан тарапынан алынуынан кейін өрши түсті. Юнус хан Ташкент қаласын хандықтың астанасы деп жариялап, сонда орналасуға шешім қабылдады.

Ханның қалада отыруы түркі мемлекеттік басқару дәстүрінен парсылық дәстүрге өтуінің белгісі еді. Бұл үдеріс ел басқарудағы ру басы билердің ықпалын азайтатындығы анық байқалды. Мысалға, салыстыратын болсақ, 1453 жылы Фатих Сұлтан Мехметтің Ыстанбұлды азат етіп, қаланы Османлы мемлекетінің астанасы деп жариялауы айналып келгенде елдегі түрік бейлерінің ықпалын жойған болатын. Кеңінен айтқанда, түркі ел билеу дәстүрі хан мен билер арасында «кеңес» институты арқылы бір тепе-теңдікті орнатса, парсылық жүйе билікті бір адамның қолында топтастырып, басқаруды орталықтандыратын еді. Сондықтан, түркілік мемлекеттік басқару жүйесін демократиялық сипатта десек, парсылық жүйе авторитарлық сипатқа сай келеді.

Осы жағдайға байланысты өз биліктерінің шектелуіне қарсы болған дулат билері Ахмет Алақты өздеріне хан сайлап, шығысқа қарай көшіп кетті. 1487 жылы Юнус хан қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлы Сұлтан Махмут Ташкентте Моғолыстан ханы ретінде таққа шықты. Осылайша Моғолыстан шығыс және батыс болып екіге бөлінді.

Ахмет Алақ ханның билігіндегі Шығыс Моғолыстанның екі көршісі бар еді. Шығыста Қытайдың Миң әулеті және солтүстікте қалмақ-ойраттар. Ұлы тұлғамыз 1493-1494 жылдарда Миң әулетімен Тұрпан және Хами жерлері үшін соғыс жүргізді. Бұл соғыстарда Ахмет Алақ хан үстем болса да, Қытай жағы экономикалық эмбарго қолданып, бұл жерлерге баратын сауда жолын тоқтатып тастады. Дәл осы кезде Тарым өзені аңғарындағы қалаларда дулат биі Мырза Әбубәкір бүлік шығарды. Осыған байланысты ұлы тұлғамыз қытайлармен бітімге келіп, Әмір Әбубәкір бүлігін тыныштандырды. 1499 жылы Ахмет Алақ хан солтүстіктегі қалмақтарға жорыққа шығады. Қалмақ-ойраттардың атақты қолбасшысы Есен Тайшы мен оның ұлы Амасанжи Тайшыны жеңіп қырғын жасайды. Сондықтан Қалмақтар Ахмет Алақ ханға «жауыз» деген мағынаға келетін «алаш» деген ат қойды. Осылайша ұлы тұлғамыз Шығыс Моғолыстандағы өз билігін орнықтырады.

Десе де, бұл кезде Моғолыстанның батыс қанатында жағдай қиындай түскен еді. Ұлы тұлғамыздың ағасы Сұлтан Махмут хан өңірде барған сайын күшейіп бара жатқан Мұхаммед Шайбанимен соғысып жатыр еді. Ахмет Алақ хан ағасының бұл соғысына жәрдемге келіп, 1503 жылы Ақши деген жерде Моғолыстан мен өзбектер арасында шешуші шайқас болды. Бұл шайқаста Мұхаммед Шайбани жеңіске жетіп, ағайынды Моғолыстан хандары тұтқынға түсті. Өзбек ханы тұтқындарын босатып жіберсе де, көп ұзамай Ахмет Алақ хан қайтыс болды. Шығыс Моғолыстандағы билік оның ұлы Мансұрға өтті.



Ұқсас жаңалықтар