Ахмат хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар -13

964129
Ахмат хан

Он бесінші ғасырдың екінші жартысына келгенде іс жүзінде Алтын Орда ұсақ хандықтарға бөлініп кетті. Бұл хандықтар өздерін Алтын Орданың мұрагері Үлкен Ордадан тәуелсіз деп жариялады және соған сай саясат жүргізді. Жайықтың шығысындағы Ақ Орданың мұрагері Көшпелі өзбек мемлекеті, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы және Мәскеу кінәздігі дербес мемлекет ретінде әрекет етті. Бірақ үлкен орданың соңғы ханы Ахмат хан Алтын Орданың тұтастығын қалыптастыру үшін соңғы бір талпыныс жасады. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы осы ұлы тұлға болмақ.

Ахмат Кіші Мұхаммед ханның Махмуттан кейінгі баласы болып табылады. Қай жылы туылғаны белгісіз. Қайтыс болған күні 1481 жылдың Қаңтар айының 6 жұлдызы. Ұлы тұлғамыз Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темірден тарайды. Ахмат жастайынан әкесінің Алтын Орда тағы үшін болған соғысына белсенді түрде ат салысады. Ағасы Махмут пен бірге шығыста Әбілхайыр ханға, солтүстікте Ұлық Мұхаммед ханға және батыста Қырым хандарына қарсы талай жорыққа қатысады. 1459 жылы Кіші Мұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін Ахмат пен Махмут хан ретінде атала бастайды. Тарихшылар Ахматтың ағасы Махмуттың билігін мойындағанын айтады. Десе де Ахмат ағасынан дербес саясат жүргізіп, көршілеріне қарсы жорықтарға шыққан еді. Мысалға орыс деректері Ахмат ханның 1460 жылы Рязаньге жорық жасағандығын жазады.

Үлкен Орданың оңтүстігін Махмут хан билегенде, хандықтың солтүстігін Ахмат хан билеген еді. Махмут хан Қырымды  Үлкен Ордаға бағынышты қылу үшін соғыс жүргізгенде, Ахмат хан Ақ Орданы Үлкен Орданың қарамағына алуға тырысты. Ахматтың шығыс саясатындағы мақсаты Хорезмді бақылауға алу болатын. Ұлы тұлғамыз тек Алтын Орда тұтастығын қалпына келтіру үшін ғана бұл соғысты жүргізген жоқ. Ахмат хан Әмір Темірдің ұрпағы Хүсейін Байқараның қарындасы Бадиәл Жамалға үйленген еді. Тарихшылар Хорезмнің Бадиәл Жамалға берілгендігін айтады. Бірақ бұл себеп Ахмат хан тарапынан жай сылтау ретінде қоланылған болуы мүмкін.

Ахмат ханның Хорезмді жаулауына көшпелі Өзбек мемлекетінің билеушісі Әбілхайыр хан кедергі болды. Өйткені ол да Хорезмді өзіне қаратуды жоспарлаған еді. Ахмат хан Әбілхайыр ханмен қақтығысқа кіргісі келмеді. Сондықтан Ахмат ханның Хорезмге жорығы 1468 жылы Әбілхайырдың қайтыс болуына дейін кешеуілдеді. Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына Шайбанилердің басқа тармағынан тарайтын Ядыгар отырды. Ахмат хан Ядыгармен одақ құрды. Алайда Ядыгар хан көп өтпей қайтыс болды. Ядыгар ханның орнына Әбілхайырдың ұлы Шайых Хайдар шықты. Бірақ бұл кезде Ұрыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханның ұлының билігін мойындамады. Сонымен қатар Сібір ханы Ибақ және ноғай мырзалары Мұса мен Ямгурчи және Ядыгар ханның ұлы Береке де Шайых Хайдарға қарсы шықты. Ақырында Шайых Хайдарды қарсыластары өлтіріп тынды. Көшпелі Өзбек мемлекеті де ұсақ хандықтарға ыдырай бастады. Осы орайды пайдаланған Ахмет Хан 1471 жылы Жайықтың шығысына өтіп, Хорезмді өзіне қаратты. Басқа топтар да бұл жағдайды мойындады. Бірақ дәл осы кезде Ахмат ханның ағасы Махмуттың қайтыс болуына байланысты Ахмат Үлкен Ордада ықтимал бүліктің алдын алу үшін қайтуға мәжбүр болды.

Үлкен Ордаға оралған Ахмат хан Өзбек ханы Әбілхайырдың Мұхаммед Шайбани және Махмут Сұлтан деген екі немересінің Астраханды паналап жатқандығын білді. Бұл екі немере Көшпелі Өзбек мемлекетінің тағына ең лайықты үміткерлер еді. Сондықтан Ахмат хан оларға қарсы жорыққа шықты. Астрахан ханы және Ахмат ханның ағасы Махмуттың ұлы Қасым хан көкесінің билігін мойындады. Десе де, Мұхаммед Шайбани және Махмут Сұлтанның қашып кетулеріне рұқсат берді. Ахмат хан мен оның айналасындағы Өзбек хандығының билері Мұса мен Ямгурчи осымен мәселені шешілді деп ойлады. Алайда Мұхаммед Шайбани өз айналасына қол жинап, 1472 жылы Мұса мен Ямгурчиге шабуыл жасап, олардың көзін жойды. Ал Ахмат хан бұл кезде батыста жорықта жүргендіктен еш нәрсе істей алмады. Осыдан кейін де Ахмат хан Өзбек хандығының ісіне араласпады. Басқаша айтқанда, Мұхаммед Шайбанидің тарих сахнасына шығуымен Өзбек хандығының Үлкен Ордадан тәуелсіздігі орныққан болды.

Үлкен Орданың ханы ретінде Ахмат Қырымды қайтадан Үлкен Ордаға бағындыру үшін күрес жүргізді. Ақырында бұл саясатында табысқа жетіп, 1475 жылы Қырым ханы Меңлі Керейді жеңіп, оның орнына өзіне жақтас Жәнібекті отырғызды. Осыдан кейін Ахмат хан Алтын Орда баяғы күш-қуатына келді деп есептеді. Сол кезде Османлы патшасы Фатих Сұлтан Мехметке жазған хатында осы ұстанымы байқалады. Алайда Меңлі Керей 1478 жылы Османлы билігін мойындап, соның арқасында тағын қайтарып алды.

Ұлы тұлғамыздың Мәскеу кінәздігімен қатынасы да оңай болмады. Күшейіп келе жатқан Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу кінәзі Иван ІІІ мен Қырым ханы Меңлі Керей одақ құрды. 1475 жылы Қырым қайтадан Үлкен Ордаға бағынғанда орыстар амалсыздан Ордаға салық төлеуге мәжбүр болды. Бұл Мәскеу кінәздігінің Үлкен Ордаға соңғы рет салық төлеуі еді. Өйткені Османлының қолдауын алған Қырым хандығының күшеюімен бірге оның одақтасы Мәскеу кінәздігінің тәуелсіздігі де арта түсті. 1481 жылы Ахмат хан қайтыс болып,  осылайша Үлкен Орданың тарихы да біткен болды.



Ұқсас жаңалықтар