Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және реформалары

Тарих айдынында - 20

831159
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және реформалары

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Қазақстанды жүргізген саясаттарымен халықаралық қауымдастықтың беделді бір мүшесіне айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларына тоқталмақпыз. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік жариялағаннан бері өткен ширек ғасырдан астам уақытта экономикалық, мәдени және саяси салалаларда көптеген асулардан асып, орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Әрине мұнда қазақ халқының ынтымақтастығы, еңбекқорлығы және сауаттылығы сынды ерекшеліктерінің де рөлі зор болғанымен, сол ерекшеліктерді дұрыс басқаратын сұңғыла жетекшінің де рөлінің аса маңызды екені ақиқат. Енді Қазақстан жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың реформалары туралы әңгімелемекпіз.

Алыс шетел қазақтары деп аталатын Түркия және Еуропа қазақтары үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше орны бар. Өйткені, Олар Түркия және Еуропа елдерінде Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін өздерінінің қай ұлт екендерін түсіндіре алмай қиналатын. Себебі бұл елдерде қазақ деген халық көп мәлім емес еді. Өзім 1988-1995 жылдары арасында Германияда өмір сүрдім. “Қай ұлт боласыз?” деп сұраған немістерге “қазақпыз” дегенде “ол қай ұлт, монғол ма?, Татар ма?” деп тағы сұрақ салып, қазақ деген халықты өмірде бірінше рет естіп тұрғандарын аңғартатын.

Ал Түркияда болса, олар да қазақ халқын онша білмейтін. Егер қазақ деген халық атын бірен- саран естігендер бар болса, олар көбінесе бауырлас қазақ халқын емес, кезінде Ресей патшалығынын құрамында болып, Осман патшалығымен соғысып жүрген орыс козактарын білетін. Екіншіден түрік тілінде “қазақ” деп әйеліне мықты, айтқанын орындататын еркекті айтады екен. Бірақ Орталық Азияда өмір сүрген мұсылман қазақ халқын көп білмейді екен.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, Түркия және Еуропа елдерімен байланыс орнатқаннан кейін ғана олар қазақ деген халықты және оның Қазақстан деген отаны бар екенін білді. Әсіресе ол кезде Қазақстан президенті халықаралық саяси іс-әрекеттерімен көзге түсті. Сондықтан Еуропалық елдерде “қазақпыз” дегенде бұрынғысы сыяқты “ол қандай халық?” деудің орнына “иә білеміз, Назарбаев, Қазақстан” дейтін болды.

Назарбаевтың елді 1991 жылғы қиын жағдайлардан шығарып, әлемнің беделді мүшесіне айналдырған саяси реформаларына жалпы қарағанда, ішкі және сыртқы саясаттардағы бастамалары деп екіге бөліп талдауға болады.

Ішкі саясатта ең алдымен ол саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсу қарқынын ұлғайтып, халықтың тұрмыс деңгейін көтерді. Әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары деңгейі нәтижесінде Қазақстан қазіргі таңда Еуразияның жарқын жұлдызы атағына ие болып отырғанын осы орайда айтқан жөн. Елбасының ішкі саясаттағы бастамалары ішінде ең көзге түскені және әлемді таң қалдырғаны Астана қаласы десек болады. Қазақстанның тарихта еш болмағандай бірнеше жылдай қысқа уақытта Астана сияқты заманауи сәулетті бас қала салуы дос- дұшпан бүкіл әлемге Қазақстанның қуатты да мәдениетті ел екенін көрсетіп берді. Сөйтіп түркі халықтар ішінде көшпелі мәдениетті соңғы ғасырларға дейін жалғастырған халық ретінде дараланған қазақ халқы сонымен қатар отырықшыл мәдениетті де игергенін дәлелдеп берді.

Ал енді, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы бастамаларына көз жүгіртер болсақ, бір кездері қазақ деген қай халық деп сұрайтын Еуропалықтарға Қазақстанның 2010 жылы Еуропаның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымында төрағалық етуі Қазақелі үшін бір белес болды деп айта аламыз. Оған дейін де халықаралық қауымдастықта Қазақстан әлемдік көлемдегі ірі бастамаларымен белгілі болған еді. Өйткені ол ТМД, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Еуразия экономикалық одағы сынды маңызды халықаралық ұйымдардың құрылуына мұрындық болған еді. Сондай-ақ Назарбаев діндер мен өркениеттердің  өзара түсінушілігін қамтамасыз ету барысында Астанада әлемдік діндер көшбасшыларының бірнеше мәрте басын қосып, пікір алмасуын қамтамасыз етті. Әлем бейбітшілігінде Елбасының орны ядролық қарулар мәселесінде ерекше дараланады. Әсіресе Семей ядролық полигонын жабуы және Кеңестік империядан өзіне мұра болып қалған қаруларды жойып ядролық держава мәртебесінен өз еркімен бас тартуы сондай-ақ соңғы жылдары ядролық қарусыз әлем бастамасымен Назарбаев зор беделге ие болды.

Елбасы Қазақстанның Еуразия құрлығында орналасқан ел, қазақ халқының көшпелі мәдениет пен отырықшыл мәдениетті игерген, яғни ескі мен жаңаны білетін, Шығыс пен Батыс арасында көпір болатын бірегей халық болуына байланысты көп векторлы саясат жүргізді. Оның саясаттары мұхиттың ар жағындағы АҚШ, көршілес Ресей және Қытай Халық Республикасымен де, туысқан түркі халықтар және мұсылман елдерімен  де тығыз және достық қарым-қатынаста бола отырып Шығыс пен Батыс арасында теңгерімді саясат жүргізуге бағытталған.

Міне осыларға қарап, біз Қазақелі тек қана өз аймағында емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен бірліктің символына айналып отыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Мұның бұлтартпас бір айғағы да Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшелігіне көпшілік дауыспен сайлануы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатының бір бөлегі туысқан түркі халықтарымен достық байланыстарды күшейтуге арналған. Сонымен қатар олар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды да көздеген. Атап айтқанда, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТүркПа, Түркі Халықтар Ақсақалдар Кеңесі сынды түркі халықтарының ынтымақтастығына бағытталған халықаралық ұйымдар оның ұсынысымен өмірге келген.

Сондықтан бүкіл түркі дүниесінің халықтары, оның ішінде әсіресе зиялы қауым Елбасыны жоғары бағалап, құрмет тұтады. Міне осының айғағы ретінде Түркияның астанасы Анкараның төрінде орын алып отырған оның ескерткішін айта аламыз. Мұнымен әлемде бірінші рет бір елдің, басқа бір елдің билік басындағы президентіне ескерткіш қойғанын көріп отырмыз. Бұл бір жағынан екі бауырлас елдің әлемге үлгі боларлық достық байланыстарының айғағы болса, екінші жағынан түрік елінің қазақ президентіне деген үлкен ықылас құрметінің белгісі. Түрік ғалымы Проф. Орхан Қауыншы осы ескерткіштің Анкарада орнатылуына байланысты жазған мақаласында “Назарбаев 70 жасқа ғасырларды сыйғызған адам” деп, Қазақстан президентіне деген жоғары құрметін атап көрсеткен болатын.

Түрік зиялылары мен халқының Елбасына деген құрметі өткен жылы одан әрі күшейе түсті. 2016 жылы маусым айында Түркия мен Ресей арасында дерлік сегіз айға созылған шиеліністікті реттеуде Президент Назарбаевтың дәнекерлігі орасан зор болды. Екі ел оның білікті дипломатиясының арқасында келіспестіктерін реттеп татуласты. Түркия халқы бұл үшін оған алғысын күні бүгін тілге тиек етуде. Бұл әрине өз кезегінде Түркиядағы қазақтардың да төбесін көкке жеткізіп, Түрік еліндегі беделін асқақтатты.

Сонымен қорыта айтар болсақ, реформаларымен Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналдырған және әлемдік бейбітшілікке сыртқы саясаттағы іс-шараларымен зор үлесін қосып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Еуразиялық құрлықтан шыққан көрнекті көшбасшы” деген атпен дүниежүзілік тарихқа өзінің қолтаңбасын әлдеқашан қалдырды.

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар