Тоқта Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 16

791720
Тоқта Хан

Өзбек ханның билік құраған кезеңі Алтын Орда мемлекетінің ең тұрақты кезеңі болып саналады. Бұл кезең ішкі қырқыс пен талан-тараж тоқталып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кезең еді. Өзбек ханнан кейінгі билеушілер ханның ізін жалғастыруға, Өзбек ханның жүзеге асырған реформаларын қайталауға тырысты. Тіпті Алтын Орда халқы одан бұрынғы немесе кейінгі хандардың емес, дәл сол Өзбек ханның атын алып, өздерін өзбек деп атай бастады. Алайда бұл жетістік тек Өзбек ханның ғана еңбегі емес еді. Оның таққа шығуынан бұрын Алтын Ордада орталық биліктің күшею үдерісі болған еді. Басқаша айтқанда, Өзбек хан өзінен бұрынғы Тоқта ханның орталық билікті күшейту мен мемлекетті орталықтандыру ісін жалғастырған болатын. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы – Тоқта хан болмақ.

Ұлы тұлғамыз 1270 жылы туып, 1313 жылы қайтыс болған. Әкесі  Бату ханның Сартақтан кейінгі екінші баласы Тоқаннан тарайтын немересі Мәңгітемір болып табылады. Мәңгітемір Берке хан қайтыс болғаннан кейін 1269 жылы таққа шыққан Алтын Орда мемлекетінің алғашқы дербес ханы еді. Сонда Мәңгітемірдің ұлы Тоқта Алтын Орда аумағында туған алғашқы хан болып табылады. Тоқтаның шешесі болса, әкесіне Берке ханнан әмеңгерлік дәстүрі бойынша келген Шешек қатын болатын.

1282 жылы Мәңгітемір хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның інісі Тудымәңгі отырды. Бірақ 1287 жылы Ноғай ноян Тудымәңгіні тақтан түсірді. Осы кезде таққа Тоқта мен Мәңгітемірдің ағасы Тарбудың баласы Төлебұқа таласты. Бірақ Ноғай ноян Төлебұқаны қолдағаны үшін Тоқта тақ таласында жеңіліп қалды. Тек 1291 жылы Төлебұқа хан қайтыс болғаннан кейін ғана Тоқта Алтын Орда тағына шықты. Бұл кезде ордада Ноғай ноянның ықпалы күшті еді. Тоқта хан да өзінен бұрынғы Тудымәңгі, Төлебұқа секілді сол ұлы ноянның қолдауымен таққа шықты. Осы қолдауы үшін Тоқта хан Ноғай ноянға Қырымды берді.

Тоқта ханның бірінші мақсаты мемлекетте тұрақтылықты орнату еді. 1293 жылы орыс княздіктерінің арасында кикілжің туып, ақырында бұл кикілжің ішкі соғысқа айналған болатын. Осы соғысты тыныштандыру мақсатында Тоқта хан мен Ноғай ноян орыс жерлеріне жорық жасап, он бір қаланы күл-талқан етті. Орыс жазбаларында бұл жорық «Бату ханның кезіндегі қиын күндер қайта оралды» деп сипатталады.

Осыдан кейін Тоқта хан Алтын Ордада орталық билікті күшейту үшін реформалар жүргізе бастады. Ол бүкіл мемлекеттегі ақша жүйесін бір ретке келтірді. Сонымен қатар басқару жүйесі де күшейе бастады. Тоқта хан халықаралық сауданың дамуы үшін жағдай жасады. Нәтижеде ескі қалалар гүлденіп, жаңа қалалар пайда болды. Орталық биліктің күшеюінің заңды салдары ретінде Тоқта хан мен Ноғай ноян арасында әр түрлі мәселеде келіспеушілік шыға бастады. Хан мен ноян Алтын Ордадағы венециялық және генуялық саудагерлердің сауда құқықтары туралы келіспеді. Айналып келгенде, Ноғай орталықтың күшейіп, өзінің ықпалының азаюын қаламаған еді. Сонымен Тоқта мен Ноян арасындағы текетірес уақыт өте келе ашық наразылық пен қақтығысқа айналды. Бұған ордадағы басқа Шыңғыс ұрпақтары және әсіресе әйелі Беклеміш және қайнатасы Салжыдай яғни қайынжұрты қоңыраттар түрткі болды. Тоқта хан Ноғайдың ордаға келуін бұйырды, бірақ Ұлы Ноян ханға бағынбады. Осыдан кейін екі жақ та соғысқа дайындала бастады. 1297 жылы болған бірінші соғыста Ноғайдың қолы үстем шығып, Тоқта шегінуге мәжбүр болды. Тоқта Елхан мемлекетінің билеушісі Қазан ханнан көмек сұрады. Бірақ Қазан хан Алтын Орданың ішкі істеріне араласқысы келмегендігін білдірді. Десе де, 1300 жылы болған екінші және шешуші шайқаста Тоқта хан Ноғайды жеңді. Ноянның жеңіліп, саясат сахнасынан кетуі Алтын Орданың орталықтануы тұрғысынан ең маңызды оқиға болды. Солтүстік Кавказ бен Қырым түбегінен Румынияға дейінгі Ноғайға қараған жерлер орталықтың билігіне алынды.

Алтын Орданың оңтүстігінің тұтастығын қалпына келтірген соң Тоқта хан назарын шығысқа аударды. 1287 жылдан бері мемлекеттің шығыс қанаты Ақ Ордада орталықтың билігін мойындамайтын Көші хан билікте еді. 1301 жылы Көші хан қайтыс болғанда оның орнына Шағатай ханы Қайдудың қолдауын алған Көплік отырды. Бірақ Көпліктің билігін Көші ханның баласы Баян мойындамады. Осы орайды жақсы пайдаланған Тоқта ағасы Бөрілікке қалың қол беріп, Баянды Ақ Орда тағына шығарды. Осының есесіне Баян Алтын Орданың билігін мойындады. Нәтижеде Тоқта Хан Алтын Орданың тұтастығын сақтап қалды. 

Сыртқы саясатта Тоқта хан Алтын Орданың дәстүрлі одақтасы Мысырмен қарым-қатынасын жандандырды. Мәмлүк сұлтаны Насыр мен Тоқта хан арасында тығыз қатынас орнады. Алтын Орда Тоқта ханның кезінде Шығыс Рим империясымен де одақтас болды. Византияның императоры Андроника ІІ-нің Мария деген қызын Тоқта хан алды. Бұған қоса Тоқта хан Алтын Орданың Берке ханнан бергі қас дұшпаны Елхан мемлекетімен бітім жасасты. Алтын Орда оңтүстік Кавказдағы мүдделерінен бас тартты. Осы бітімнің арқасында екі ел арасында сауда жанданды.

1312 жылы Тоқта хан орыс княздіктерін аралап шығу үшін Еділ өзенін жоғарлап кемемен жолға шығады. Бірақ ұлы тұлға жолда ауырып, межеге жете алмай кемеде қайтыс болады. Алтын Орданың ең соңғы мұсылман емес билеушісі болған Тоқта осылайша көзін мәңгілікке жұмғанда, Ұлы дала елінде бірлік пен береке орнаған еді.



Ұқсас жаңалықтар