Тұғырылбек

Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары - 16

525615
Тұғырылбек

Түрік-Ислам өркениетінің қалыптасуында Қарлұқ және Қарахан мемлекеттері, Ғазнауи сұлтандығы және Ұлы Селчук мемлекеті өз үлестерін қосты. Түріктер уақыт өткен сайын Ислам әлеміндегі ең маңызды күшке айналды. Олар Ислам дінін қабылдап бұл өркениет аясына кірген кезде, Ислам әлеміне сол уақытқа дейін қымзмет етіп келген арабтар мен парсылардың бағы басынан тайып, өз арасында қырық пышақ болып қырқысып жатыр еді. Араб-парсы әлемі әр түрлі діни ағымдарға бөлініп, бір-бірін қырып жатқан болатын. Түріктер Ислам діні аясына енгеннен бастап Ислам әлемінің бірлігіне қызмет ете бастады. Осы түрік мемлекеттерінің ішінде Исламның қорғанына айналған шоқтығы биік мемлекет Ұлы Селчук мемлекеті екендігінде дау жоқ. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Арал теңізінен Жерорта теңізіне дейін, Қаратеңізден Қызыл теңізге дейінгі алқапта өз билігін орнатқан Селчук мемлекеті және оның бірінші билеушісі Тұғырылбек туралы болады.

Ұлы тұлғамыздың өмірбаянына тоқталмай тұрып, селчуктардың қайдан шыққандығын айта кетейік. Көк түрік қағанаты ыдырағаннан кейін Ұлы далада негізінен үш орталық қалыптасты: Жетісу мен Шығыс Түркістанда қарлұқтар, Арал мен Балқаштың солтүстігінде қыпшақтар және Сырдарияның жағасында оғыздар. Оғыздардың билеушісі Ябғу деп аталатын. Шамамен оныншы ғасырдың орта шенінде ябғулыққа таласқан оғыз руларының бірі бұл таластан жеңіліп, оңтүстікке қарай көшеді. Бұл көшті Селчук деген ақсақал бастайды. Оғыздың осы руы бірінші болып Ислам дінін қабылдайды. Жаңа дінді қабылдаған бұл оғыздарды басқа оғыздардан айыру үшін оларға «түркімен» деген ат қолданылады. Бұл дегені «түрік мүмин» яғни «түрік мұсылман» деген сөз еді. Уақыт өте келе, оғыз руларының барлығының Ислам дінін қабылдауымен «түркімен» атауы «оғыз» атауын алмастырады.  

Селчук ақсақал өз мемлекетін құра бастағанда солтүстігінде Ислам дінін қабылдамаған оғыздар, шығысында Қарахандар, батысында Саманилер, оңтүстігінде Ғазнауилер бар еді. Селчуктың адамдары мұсылмандар ретінде Саманилерге арқа сүйеп, алдымен бүкіл оғыз руларын бағындырып басын қосады. Осы шайқастардың бірінде Селчуктың Микаил деген баласы қаза болады. Содан қалған Тұғырыл мен Чағры немерелерін Селчук ақсақал өзі тәрбиелейді. Міне, осы Тұғырыл мен Чағры Ұлы Селчук мемлекенің құрушылары болып табылады.

Сонымен ұлы тұлғамыздың толық аты мен атағы Рукнәд-Дәулә уә-д-Дин Әбу Талиб Мұхаммед Тұғырылбек ибн Микаил. Бұл жердегі Әбу Талиб Мұхаммед Тұғырылбек тұлғамыздың өз аты. Микаил – әкесінің аты. Рукнәд-Дәулә уә-д-Дин – оның атағы. Мағынасы дін мен мемлекеттің негізі, тірегі деген сөз. Селчук мемлекеті құрылғанда түркі мемлекеттік дәстүріне сай құрылған еді. Бірінші Көк Түрік қағанатын Бумын мен Естеми, екінші Көк Түрік қағанатын Білге Қаған мен Күлтегін құрса, Ұлы Селчук мемлекетін Тұғырыл мен Чағры ағайындылар құрды.

Он бірінші ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азия мен Иранды билеген Саманилер мемлекеті ыдырай бастады. Саманилердің мұрасына алғашында Қарахандар мен Ғазнауилер таласып жатқан еді. Селчук оғыздарының күшеюімен бірге Тұғырыл мен Чағры да Саманилер мұрагерлігіне таласа бастады. Алдымен Селчук оғыздары Қарахандар жағында соғысты. Бірақ Қарахандар әлсірегенде өздерінің дербестігін жариялады. Селчуктар 1035 жылы Ғазнауи сұлтаны Мәсуттан жайылымға жер сұрайды. Алайда Ғазнауилер Селчуктарды қауіп деп санап, оларға қарсы Бектуған деген қолбасшысын жібереді. Алайда Тұғырылдың қолбасшылығындағы Селчук әскерлері яғни түркімендер Ғазнауи әскерлерінің тасталқанын шығарады. Осы жеңістен кейін селчуктар Иранның солтүстігіне қарай яғни Хорасан жеріне жайыла бастайды. 1038 жылы Мәсут Ғазнауи түркімендерге қарсы Субашы деген қолбасшысын тағы да жолдайды. Бұл жолы да түркімендер Серахс түбіндегі шайқаста ғазнауи әскерлерін талқандайды. Осыдан кейін Тұғырылбек Нишапур қаласын алады. Алайда Ғазнауи 1039 жылы қалың қолмен келіп Нишапурды қайтарып, түркімендерді солтүстікке ығыстырады. 1040 жылы Мәсут Ғазнауи түркімендерді түбейгейлі жеңу үшін өзі қол бастап жорыққа шығады. Екі жақтың шешуші соғысы Мары қаласының маңында Данданакан деген жерде болады. Тұғырылбек пілдері бар ғазнауи қолын жеңіп, ғазнауилерді Хорасаннан қуып шығады. Осымен Данданакан жеңісі Ұлы Селчук мемлекетінің құрылғандығының белгісіне айналады.

Тұғырылбектің мемлекетінің өзінен бұрын осы аймақты билеген Саманилер мен Ғазнауилерден айырмашылығы, бұл мемлекет Түркістаннан лек-лек болып көшіп келіп жатқан түріктердің негізінде құрылды. Тұғырылбек інісі Чағрыны Хорасанның билеушісі ретінде қалдырып, өзі Иранды жаулауға кірісті. 1045 жылы бүкіл Иран Тұғырылбекке бағынды. Ал 1054 жылы түркімендер Анадолыдағы Византиямен текетіресе бастады.

Селчук түріктері өздерінен бұрынғы Саманилер, Қарахандар, Ғазнауилер сияқты сүнниттік Исламды ұстанатын еді. Сондықтан 1055 жылы Бағдаттағы Аббаси халифатына Мысырдан келген Шииттік Исламды ұстанатын Фатими мемлекеті қауіп төндіргенде, халиф Тұғырылбектен көмек сұрады. Бағдатты азат еткендігі үшін халиф Тұғырылбекке «сұлтан» және «Шығыс пен батыстың иесі» деген атақ берді. Осыдан бастап, Ұлы Селчуктардың мемлекеттік белгісі «екі басты бүркіт» болды.

Қорыта айтқанда, Тұғырылбек Ұлы Селчук мемлекетінің негізін қалады. Сұлтан 1063 жылы қайтыс болғанда одан ұрпақ қалмаса да, інісі Чағрының ұрпақтары Алпарслан мен Мәлікшах Алатаудан Анадолыға дейінгі, Сириядан Үндістанға дейінгі алқапты биледі. Тұғырылбек Ислам әлімінің бірлігін сақтап, сүнниттік Исламның үстемдігін орната білді. Бір жағынан түріктердің жануар стиліндегі мемлекеттік символары Ислам әлеміне таралса, Ислам құндылықтары түріктердің арасында жайылды. Осылайша, Түрік-Ислам өркениеті қалыптасты.   



Ұқсас жаңалықтар