Еділ қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 5

456862
Еділ қаған

Көшпенді және Түркі өркениетінің адамзат өркениетіне қосқан үлесі металлургияда болған төңкеріс болып саналады. Дәлірек айтқанда, түріктердің темірді өңдей бастауы адамзаттың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуіне жол ашты. Бұл технологиялық төңкеріс көшпенділердің, ол кездегі атымен ғұндардың батысты жаулауына мүмкіндік берді. Ғұндардың батысқа жылжуында осы күнге дейін Еуропа халықтарының санасында сақталып қалған есім – Атилла яғни қазақша айтқанда Еділ екендігі даусыз.

Еуропадағы халықтардың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан Еділ билеушіге тоқталмастан бұрын оның аты мен атағы туралы сөз қозғай кетейік. Еуропа ғұндары шығыстағы Ұлы ғұн империясының жалғасы болып табылады. Әйтседе, Ұлы ғұн билеушілері Тәңірқұты атағын алса да, Еуропа ғұндарының қандай атаққа ие болғандығы беймәлім. Негізінен Еуропа халықтары ғұн билеушілерін өздері қолданатын атақ-шенмен атайды. Мысалға Еділді Скифия мен Германияның патшасы яғни королі деп атайды. Дегенмен, өз шежірелерін Еділге апарып тірейтін Болгария мен Мажарстанның билеушілері өздерін хан деп атайды. Мысалға болгар билеушілерінің шежіресі «Именинник болгарских ханов» деп аталады. Сондықтан ғұндардың билеушісін Еділ хан немесе Еділ қаған деп айтсақ болады. Бұған тағы бір дәйек Еуропа Ғұндарының билеген көптеген жеріне ие болып қалған және ең маңыздысы түркі мемлекеттілігін жалғастырған Хазар мемлекеті қағанат болып, ал оның билеушілері қаған болып аталады.

Ал енді ұлы тұлғамыздың атына келетін болсақ, Еуропа ғалымдары ғұндарды түркі тектес емес, үнді-еуропа тектес деп бағалап, олардың билеушілерінің аттарын Еуропа тілдерінің арасынан іздеуге тырысады. Мысалы неміс ғалым Отто Манхен Хелфен Атилла атының шығыс германдық әке мағынасын білдіретін «атта» сөзінен келген дейді. Алайда, мәселеге бұлай қарағанның өзінде «атта» сөзі герман тілдеріне қарағанда түріктің «ата» сөзіне көбірек жақын. Атилла атының түрікше екендігін Хюн Жин Ким де айтады. Расында тек Еділ ғана емес, ғұн билеушілерінің аттары түрікшеге көбірек жақын. Мысалға, Еділдің әкесе Мундзук яғни Мәншүк немесе моншақ, көкесі Октар яғни Оқтар, әйелі Креке яғни Көрік, қайынатасы Ескам яғни Ес қам, балалары Еллак яғни Елді, Денгизич яғни Теңізші, Ернак яғни Ер нақ.

Питер Голен Еділ өзінің атын Еділ өзенінен алды деген пікір айтады. Ал Омелян Притсак, «еділ» сөзінің «бүкіл әлемді билейтін теңіздей билеуші» деген мағынасы бар деп тұжырым жасайды. Расында Ұлы ғұндар мен Көк түріктердің мұрагері болып саналатын Шыңғыс ханның аты да «теңіз хан» деген мағынаны білдіреді деген түсінік бар.

Снадел деген ғалым Атилла атының түрікше «ат» яғни есім дегеннен келуі мүмкіндігін айтады. Атилла аты онда «атақты, аты шыққан» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ Снадел Атилла атының «мінетін ат» яғни жылқы дегеннен де келуі мүмкіндігін айтады. Ол жағдайда Атилла «атты, атқа мінген» дегенді білдіреді.

Германдардың белгiлi эпикалық шығармасы болып табылатын «Нибелунгтар туралы жырда» және өзге де герман эпосының шығармаларында, скандинав сагаларында Аттила Рим империясының қол астындағы халықтарды азат етушi ретiнде сипатталады. Расында бұл неміс аңыздарының негізінде ақиқат бар секілді. Өйткені Рим империясы өзінің солтүстігіндегі халықтарды құлдыққа алатын еді. Ал ол кезде Рим империясына қарсы шығатын күш тек ғұндар ғана болатын. Сондықтан Рим империясы Еділ мен ғұндарды жабайы варварлар деп атаса, неміс халықтары оларды әділдік орнататын қаһарман деп білген.

Ғұндардың христиан Риммен соғысы христиан әлемінде де өз ізін қалдырды. Ғұндармен болған соғыстан кейін христиандар Еділді «құдайдың ашуы» деп атай бастады. Олардың сеніміне қарағанда, құдай христиандар жақсы құлшылық қылмағандары үшін оларды жазалау мақсатында Еділді оларға «бәле» ретінде жіберген. Бұл түсінік кейіннен мұсылмандардың арасында да жайылған. Еске түсіре кетсек, Махмут Қашқаридің Диванү лұғатта келтірген хадисі былай дейді: «Алла Тағала былай деді: «Менің бір ордам бар, оған Түрік деген ат бердім. Және оларды шығыс елдеріне орналастырдым. Қандай да бір халыққа қаһарланғанымда, оларға түріктерді жіберемін.»

Бұл айтылған «құдайдың ашуы» мен «Алланың әскерлері» сөздерінен түсінетініміз, христиандар да, мұсылмандар да түріктерді құдайдың қылышы, ашуы, қаһары деп білетін. Алланың әскері болу үшін әрине оған лайық болу керек. Ал ондай атаққа лайық болудың өлшемі – турашылдық пен әділдік. Расында да осы уақытқа дейін неміс және скандинав халықтарының Еділ қағанға ие болып, ол туралы аңыз-дастандарын ұмытпай келе жатқандығын ескерсек, Еділ қаған бастаған ғұндар шектен шыққан Рим империясын сабасына түсіріп, Еуропада әділдік пен тұрақтылықты орнатқан болып тұр. Бұған қоса, христиан дінін қабылдаған Рим көрші халықтарды осы дінге кіргізу үшін қанды соғыстар жүргізіп жатқан еді. Баяғыдан қалыптасқан «Рим азаматы» түсінігі христиандық сипатпен толыққан болатын. Яғни римдіктердің христиан болуы керек. Олай болса христиан дінін қабылдамаған жау болып есептеледі. Қысқаша айтқанда, Еуропа христиан және паган болып екіге бөлініп тұр еді. Паган болғандар яғни христиан дінін қабылдамағандар христиандардан зұлымдық көріп жатыр еді. Міне Еділ мен оның соңынан ерген ғұндар осы зұлымдықты тоқтатып, бейбітшілікті орнатты. Өйткені ғұн-түріктердің әлемі дінге немесе дінсіздікке бөлінбейтін еді. Олардың түсінігінде төбедегі көк аспан мен төмендегі қара жердің ортасында адам баласы жай ғана адам баласы еді.



Ұқсас жаңалықтар