Каирдегі келіссөз аяқталды

Хамас Газада атысты тоқтату және өзара тұтқын алмасу келіссөздерінің аяқталғанын жариялады.

2135648
Каирдегі келіссөз аяқталды

Хамас Мысыр астанасы Каирде Израиль ресмилерімен екі күннен бері жалғасып келе жатқан Газада атысты тоқтату және өзара тұтқын алмасу келіссөздерінің аяқталғанын жариялады.

Хамас "Каирдегі келіссөздер аяқталды. Хамас делегациясы қозғалыс жетекшілерімен кеңесу үшін қаладан шығады" деп мәлімдеді. Мәлімдемеде делегацияның келісім ұсынысына қатысты жауабын Мысыр мен Катардағы делдалдарға жеткізгені, бірақ ұсыныс немесе жауапқа қатысты ешбір ақпарат бөлісілмегені айтылды.

Мысыр мен Катардың арағайындығымен дайындалған жаңа келісім кеше Каирде талқылана бастады.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху халықаралық қауымдастықтың ескертулеріне қарамастан Газа секторының оңтүстігінде күштеп қоныс аударылған шамамен 1,5 миллион палестиналық паналаған Рафахқа құрлық шабуылын бастайтындарын қайталады.

Хамас болса қол қойылатын келісімде Газадағы соғысты тоқтататын тұрақты атысты тоқтатуға кепілдік беруді талап етеді.

Израильдің 7 қазаннан бері Газа секторына жасаған шабуылдарында қаза тапқан палестиналықтардың саны 35 мыңға жетті.



Ұқсас жаңалықтар