Әулие Челеби және "Саяхатнама"

Өмірін түрік әлеміне арнағандар - 10

2138084
Әулие Челеби және "Саяхатнама"

Әулие Челеби және "Саяхатнама"

Бүгін біз қырық жылдан астам Осман мемлекетін түгел дерлік  және басқа да елдерді аралап, түрік мәдениетінде болмаған,  көлемді саяхат жазбасын жазған, бүгінгі күнде де маңызы артып отырған Әулие Челеби және оның өмірі туралы әңгімелейтін боламыз.

**

   Оның шын есімі белгісіз болса да, шығармада өзі қолданған атымен атақты болған  Әулие Челеби 1611 жылы 25 наурызда Стамбулдың Ункапаны деген жерінде дүниеге келген.  Әкесі - сарай зергерлерінің басшысы Дервиш Мехмет Зилли Эфенди. Анасы  абхаз ұлтынан болатын, I Ахмет тұсында сарайға әкелініп, Әулие Челебидің әкесіне тұрмысқа шыққан. Ал  ата-бабаларының бірі Явуз Өзбек Фатихтің ту ұстаушысы болған. Челеби үш ағайынды. Көрген түсінен шабыттанғанын айтып жолға шығады. Әулие Челеби Осман дәуірінің шамамен 45 жылдық  өмірін айқындап көрсететін  керемет 10 томдық “Саяхатнаманы” жазып шықты.

Жастайынан сарайда білім алған Челеби өз заманының ең таңдаулы ғұламаларымен кездесіп, оларды тыңдап және олардың  сабағына қатысу  мүмкіндігін алды. Әдемі дауысының арқасында сарайда музыка сабағын да алған. Ол сарайда жүргенде жастығына қарамай кемелдігімен көзге түскен. IV. Мұрат ашуланғанда Челебиді қасына шақырып, оның  әңгімесіне құлақ түріп тыңдайтын.

Алғашқы сапарларын Стамбулға жасаса да, 1640 жылы әкесінің рұқсатынсыз  Бурса сапарын бастады. 44-45 жылдай ел аралап, былайша айтқанда, әрбір сантиметрді аралап көріп, оны жазып, сосын қайта- қайта тексере отыра, том етіп құрастырды. Осылайша Стамбулдан басталған саяхат Анадолы, Румелия, Кавказ, Таяу Шығыс, Араб түбегі, Шығыс Еуропа, Қаратеңіз, Мысыр, Ніл жағалауы, Судан және Эфиопия жерлері арқылы жалғасты. Ең соңғы білетініміз - ол Мысырдағы сапарында он жылдай болғаны. Нақты қайтыс болған күні белгісіз болғанымен, 1684 жылы Стамбулда қайтыс болғаны туралы айтылады. Әулие Челеби ешқашан үйленбеген. Шығармаларынан оның атқа жақсы мінгені, найза тартқаны, өте епті, белсенді адам болғаны, барлығымен тіл табысып кететін, көпшіл, тапқыр, өзі қатысқан жиындарда адамдарды тыңдата алғаны  аңғарылады.

Мемлекет ішінде көптеген таныстары болғанымен, Әулие Челеби өмірін саяхатқа арнап, ара-тұра жол жүруге көмектесу үшін хат әкеліп, ауылдарды реттеу, алым-салық жинау сияқты жұмыстарды атқарды. Кейде ол елшілерге қосыла отыра қауіпсіз сапарға шығу мүмкіндігін алған. Ауқатты отбасынан болуы оның ұзақ сапарларына қажетті қаражатты алуын жеңілдеткен, өйткені оның сапарында құлдары, қызметшілері, кейде достары бірге болды. Қызметі үшін алған марапаттары, жорықтарда бөліскен олжалары, сатудан түскен табыстары да оған қосымша табыс әкелді. Кейбір сапарларында  делегациялармен барғандықтан  артық шығынға ұшыраған жоқ. Досы Мелек Ахмет Паша  Челебидің сапарларында маңызды рөл атқарған, оны Босния, Румелия, Ван және Диярбакыр облыстарындағы губернаторлық кезінде қасынан қалдырмаған және оның арқасында Анадолы мен Румелия сияқты жерлерді аралаған. Осы себептен досын  «Мелек Ахмет паша» деп атаған. Жарты ғасырға жуық саяхатының арқасында мол білім мен тәжірибе жинақтаған Әулие Челеби жазушы, ақын, каллиграф, миниатюрист және музыкант болды.  Бұл қабілеттерін әр жерде дәлелдеп жүрген. Барған жерлерінде көрген миниатюралар мен  кітаптарға тәнті болғаны туралы да еңбегінде   жазылған. Кішіпейілділігімен және жұртпен тез тіл табыса алуының арқасында достарының қатары көбейді. Ол сапарларында өзімен бірге болған әкімдермен, сердарлармен жақсы қарым-қатынаста болды. Алайда Челеби олардың осал тұстарын байқаған кезде, оларды айтудан тартынбаған.

Әулие Челебидің шығармаларында  сөз көркемдігі басымырақ. Оның стилі  грамматикалық қателерге қарамастан оқырманды тартады. Кітапта кездесетін жазуға сәйкес келмейтін кейбір сөздер мен сөйлемдер тиісті жергілікті халықтың сөйлеу тілін білдіру мақсатында болуы  мүмкін. Негізі Әулие Челеби өзі барған жерлердегі халықтың тілі мен сөйлеу мәнеріне ерекше мән беретін. Қарапайым да шынайы мысалдарымен, өзі сөйлеп тұрғандай жазылған сөйлемдерімен баршаның көңілінен шығуды мақсат етеді . Кейбір зерттеушілер “Саяхатнаманы” естелік ретінде де қарастырады. Әулие Челеби оқиғаларға жиі мысқылмен қарайды. Кездескен адамдарға еліктеуден тайынбайды. Кейде ол хабарлап жатқанын одан әрі әсерлеу үшін ойдан шығарылған жаңалықтармен немесе  оқиғалармен көркейтеді. Осы арада оқырман назарын аудару үшін ойға келмейтін оғаш оқиғаларды қосатыны да байқалады. Мысалы пілдер өтетін ауылда піл туатын әйелдер, ғайыптан хабар беретін үңгірлер, жазылмайтын дерттің  шешімін тапқан дәрігерлер, т.б. Былайша айтқанда,  ерекше дүниелер оның стилі мен мәнеріне көрік қосып беретін. Сондай-ақ осындай әңгімелерге қызығушылық танытқан қалың бұқараның назарын аударып, шығармасына халықтық бір сипат беруді мақсат етті.

10 томдық «Саяхатнама» қазір Топкапы сарайы мұражай кітапханасында сақтаулы және алғаш рет 1928 жылы Түрік тарих қоғамы дайындап басып шығарды. Бұл еңбек 50 жылға жуық уақыт ішінде жазылған, сөз басында айтып өткеніміздей, шығармадағы деректердің арқасында күннен-күнге құнды бола түсуде.

 

 

Дереккөз:

1. https://islamansiklopedisi.org.tr/evliya-celebi

2. M. Cavid Baysun, “Evliya Çelebi’ye Dâir Notlar”, a.e., XII (1955), s. 257-264

3. R. Mantran, XVI-XVII. Yüzyıl’da İstanbul’da Gündelik Hayat (trc. M. Ali Kılıçbay), İstanbul 1991, bk. İndeks.

4. R. Dankoff, An Evliya Çelebi Glossary. Unusual, Dialectical and Foreign words in the Seyahatname, Harvard 1991. 



Ұқсас жаңалықтар