Айя-София мешіті

Капитанның борт журналы - 9

2138075
Айя-София мешіті

Айя-София мешіті

«Жиханкездің» әрі іздемпаз, әрі төзімді жолаушылары, біздің қайығымызға қош келдіңіздер. Стамбулға келгенімізге біраз болды, бірақ Тарихи түбекте саяхатымыз енді ғана басталды. Топкапы сарайынан кейін сіз қызығушылықпен және асыға күткен Айя-Софияға да уақыт келді. Бүгін біз салынған күнінен бастап әр кезеңнің назарында жүрген, ғасырларға төтеп берген, әртүрлі мәдениет пен  наным-сенімдердің куәсі болған ғажайып құрылыс кешеніне жол тартамыз.

**

      Тарихи түбек - Стамбулдың жүрегі, әлемдегі ең көп баратын мәдени құндылықтардың бірі Айя-София да мұнда орналасқан. Стамбул қаласы тарихтың әр кезеңінде саяси, діни және әлеуметтік жағдайлардың ортасында болды. Ал Айя-София осы маңызды қаланың орталығында салынған. Киелі орын адамзатқа есігін тоғыз жүз жылдан астам уақыт бойы   шіркеу түрінде, бес жүз жылға жуық мешіт болып, 86 жыл мұражай ретінде ашқан. Оны 2020 жылы қайтадан мешітке айналдырады.

     Айя-София мешіті Византия империясы салған ең үлкен шіркеу болатын. Ғимарат салынған уақытында  пирамидалардан кейінгі ең үлкен құрылыс кешені болды және бұл ерекшелігін   мыңдаған жыл бойы сақтап келеді. Дәл бір орында үш рет қайта салынған кешен. Айя-София атауының мағынасы  «Қасиетті даналық» дегенді  білдіреді. Оның әсерлі әрі әдемі болғаны  соншалық, сол дәуірдің ұлы ақындарының бірі Павлос оны мадақтау үшін эпикалық жыр жазған. Онда Айя-Софияның сәулеті, оны тұрғызуда пайдаланылған материалдар мен мозаикалар егжей-тегжейлі сипатталған.

**

Мен жаңа ғана Айя-София салынған кезде әлемдегі екінші үлкен ғимарат болғанын айттым. Бұл атаққа ол  ерекше үлкен күмбезінің арқасында жеткен. Оның биік әрі кең күмбезі керемет әсер береді. Сонымен қатар күмбез интерьерде айтарлықтай үлкен көлемді қамтамасыз етеді.  Византия империясының күші мен ұлылығын бейнелеу үшін жасалған, бұл үлкен және жалғыз күмбез шаршы пішінде орналасқан. Ғимарат көздің жауын алатыны сонша, ол салынған кезінде «әлемнің сегізінші кереметі» деп айтатын болған.

Иә, енді осы керемет құрылымның ішіне кірейік. Мен түсіндіруді жалғастыра беремін, ал сіздер әрбір элементі мен таңғажайып орынды мұқият қараңыздар.

Айя-Софияға Византия империясының түкпір-түкпірінен материалдар әкелінді. Бұл құрылыс кешені үшін көне қала қирандыларының кесектері мен түрлі түсті мәрмәр тастар пайдаланылған. Ішкі қабырғалары мен едені толығымен мәрмәрмен қапталған. Пайдаланылатын барлық мәрмәр үлкен блок болуы үшін жартысынан кесіліп, симметриялы түрде қаланады. (Танымал саяхатшымыз Әулие Челеби Айя-София туралы былай деген: «Әлемнің жеті түрлі  климатынан сан алуан,  түрлі- түсті  хамелеон нақышында ірі мәрмәрлар кемелер арқылы әкелініп, он саусағынан өнер тамған Ферхат сияқты қолөнершілер  мен шеберлер өткір бөлшектерді алып тастап, тегістеді. Олар осылай үлкен қамқорлық таныта отырып, мешіттің жартысын жеті жылда аяқтады» деп жазады «Саяхатнама» кітабында”)

Айя-Софияда  пұтқа табынушылықтың, христиандықтың да сонымен бірге исламның да ізі бар. Киелі орынның аты салынған күннен бастап бүгінгі күнге дейін тарихи, саяси мәтіндерде де, аңыздарда да аталып келеді. Сәулет өнері мен дін тоғысқан осы ғимарат сияқты құнды және маңызды құрылыс кешенін әлемде табу қиын. Сондықтан Айя-София символдық мағынада әлемдегі жетекші ескерткіштердің біріне айналды.

Айя-София тоғыз жүз жылдан астам Византия империясының ең үлкен діни құрылымы болып қала береді. 1453 жылы  Фатих Сұлтан Мехмет Стамбулды жеңіп алғаннан кейін ғимарат басқаша сипат алды. Фатих христиан әлемі  үшін үлкен мәнге ие ғимараттың мешітке айналуын, ғимаратқа мұнара, мінбер және михраб сияқты исламдық элементтердің қосылғанын қалады.

 Ең маңызды Айя-Софияның қалпына келтіру жұмыстары Осман империясы кезінде Абдүлмежит сұлтан тұсында өтті. Итальяндық ағайынды Фоссатилер ғимараттың күмбездері, қоймалары мен бағаналары сияқты негізгі элементтерін, сонымен қатар оның ішкі және сыртқы безендірілуін күрделі жөндеуді өткізді. Реставрация кезінде итальяндық шебер қабырғадан құлаған мозаикадан Сұлтан Абдүлмежиттің қолтаңбасын жасады. Бұл Осман сұлтанының мозаикалық бөлшектерден жасалған алғашқы және жалғыз тұғрасы. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде дөңгелек пішінді сегіз тақтайша дайындалып, негізгі қабырғаларға ілінді. Олар әлемдегі ең үлкен “мешіттің каллиграфиялық жинақтары” ретінде белгілі.

1923 жылы Түркия Республикасы жарияланғаннан кейін Айя-София тағы да сипаттамасы өзгеріп, мұражай ретінде келушілерге есігін ашты. Бұл маңызды ғимарат ипподром, Айя-Ирен, Кіші Айя-София мешіті және Топкапы сарайын қамтитын «Археологиялық саябақ» аясында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Адамзаттың бұл ортақ мұрасы 2020 жылы Айя-София Кебир мешіті Шерифи атымен қайтадан мешітке айналды.

Айя-София – осы жерлерді билеген екі ұлы империяның ең маңызды монументалды туындысы. Бұл- сәулет өнері тарихында алғаш рет мозаика және әлемдегі ең үлкен «мешіт каллиграфиялық жинақтары»   элементтерін қолданған ескірмейтін ғимарат.

**

Өкінішке қарай, қысқа мерзімде барлық егжей-тегжейлерді түсіндіру мүмкін емес... Ең дұрысы бұл әсерлі орында қалағаныңызша уақыт өткізгеніңіз.



Ұқсас жаңалықтар