Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Еуразия күн тәртібі – 40-2023

1994709
Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Бүгінгі бағдарламамызда Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғаларға тоқталамыз.

Ардақты тыңдармандар.

2023 жылы 21-22 мамырда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Литваға ресми сапармен барды. Литва президенті Гитанас Науседа мен Ильхам Әлиев арасында жан-жақты кездесу өтті. Кездесу соңында тараптар арасында үш келісімге қол қойылды. Сапар аясында екі президенттің қатысуымен Литва-Әзербайжан Бизнес форумы өткізілді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Литва премьер-министрі Ингрида Шимонитемен де кездесті.

Сингапур президенті Халима Якуб 2023 жылғы 22-24 мамырда алғаш рет Қазақстан мен Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Халима Якуб Қазақстан мен Өзбекстанда ресми салтанатпен қарсы алынды. Сингапур президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Шавкат Мирзиеевпен кездесу өткізді. Келіссөздер соңында Қазақстан мен Сингапур арасында 4, Өзбекстан мен Сингапур арасында 7 келісімге қол қойылды.

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин 2023 жылғы 22-24 мамырда Қытай Халық Республикасына сапармен барды. Премьер-министр Мишустин сапары аясында Қытай төрағасы Си Цзиньпин және премьер-министр Ли Цянмен келіссөздер жүргізді. Екі ел арасында бес келісімге қол қойылды. Мәлімдемелерде Қытай мен Ресей арасындағы төлемдердің 70 пайызының рубль және юань арқылы жүзеге асырылғаны, екіжақты сауда көлемінің биылғы жылы 40 пайызға өскені атап өтілді.

2023 жылы 24 мамырда Мәскеуде «Көп польярлы әлемдегі Еуразия тоғысуы» атты Еуразиялық Экономикалық форум өтті. Форумға Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстанның президенттері мен премьер-министрлері қатысты.

2023 жылғы 25 мамырда Мәскеуде гибридтік форматта Еуразия Экономика Одағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы өтті. Кездесуге Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Куба, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан президенттері мен премьер-министрлері қатысты. Кездесу соңында 14 келісімге қол қойылды.

Аталған кездесу аясында Әзербайжан, Армения және Ресей басшылары бас қосты. Кездесу соңында Әзербайжан мен Арменияның аумақтық тұтастығын өзара мойындап, Зангезур дәлізін ашу туралы келісімге келгені жарияланды. Владимир Путин бір аптадан кейін үш елдің премьер-министрлерінің орынбасарларының анықталмаған мәселелерді талқылау үшін кездесетінін хабарлады. Кездесу қарсаңында Армения премьер-министрі өз елінің Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу мәселесі күн тәртібінде қалғанын мәлімдеді.
2023 жылғы 25 мамырда Минск қаласында Ресей мен Беларусь Қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Виктор Хренин Беларусьте ядролық қаруды орнату және техникалық қызмет көрсету туралы құжаттарға қол қойды.

Ардақты тыңдармандар.

Ресей мен Грузия арасындағы әуе қатынасына салынған тыйымның алынып тасталуы саясаткерлерді тығырыққа тіреді. Бұл шешімге наразылық білдірген грузин оппозициясы шеру өткізді. Грузия президенті Саломе Зурабишвили бұл шешімді қолдамайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін Грузия Әуе жолдарының төрағасы Тамаз Гаиашвили президент Зурабишвилиді «ұнатылмайтын адам» деп жариялағанын және оны өз ұшағына отырғызбайтынын мәлімдеді. Кейбір сарапшылар Тбилиси әуежайы Еуропаға транзиттік рейстерде Стамбул халықаралық әуежайымен бәсекелесетінін айтады.
Оқиғалардан көріп отырғанымыздай, Еуразия елдерінің басшылары өткен аптада маңызды кездесулер өткізді.



Ұқсас жаңалықтар