Гөргүн «Түркия әлемнің 11-ші ең үлкен қорғаныс экспорттаушысы» деді
Халюк Гөргүн НАТО штаб-пәтерінде баспасөз өкілдерімен кездесті.

Президенттік Қорғаныс өнеркәсібі төрағасы Халюк Гөргүн Түркияның қорғаныс өнімдері экспортының жартысынан көбі НАТО елдеріне тиесілі екенін және осы салада одақтастармен стратегиялық ынтымақтастықты күшейтуді қалайтындарын айтты. Гөргүн Брюссельдегі кездесулері аясында НАТО штаб-пәтерінде баспасөз өкілдерімен кездесті.
Халюк Гөргүн НАТО Бас хатшысы Марк Рютте және басқа да жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізгенін мәлімдеді.
«Түркияның қорғаныс өнеркәсібі инфрақұрылымы қазір тек отандық қажеттіліктерді ғана емес, одақтастардың да қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Біздің басты мақсатымыз – НАТО-мен қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту және одан да мықты ынтымақтастық шеңберін құру», - деді төраға.
Гөргүн НАТО-мен сындарлы ынтымақтастықты жалғастырып, Түркияның әрі одақтастарымыздың қауіпсіздік саласындағы қажеттіліктері үшін жылдам әрі тиімді шешімдер шығаруға дайын екендерін мәлімдеді. Түркияның қорғаныс өнеркәсібі саласындағы мүмкіндіктерін НАТО жобаларына енгізуді мақсат еткендерін, Түркияның НАТО-ның құрметті және маңызды мүшесі екенін, Түркияның әлемнің 11-ші ең үлкен қорғаныс экспорттаушысы екенін, елдің ұшқышсыз ұшатын аппараты секторында 65 пайыздық жаһандық нарық үлесі бар екенін атап өтті.
Түркияның НАТО одақтастарына айтарлықтай үлес қосқанын айтқан Гөргүн «Түркияның қорғаныс өнеркәсібінде 3500-ден астам фирма бар. Олардың 1600-і әлемнің түкпір-түкпіріне техника экспорттады. Түркияда өндірілген қорғаныс өнімдері мен жабдықтары өз алаңында дәлелденген.
Өткен жылы біз 7 миллиард доллардан астам экспортқа қол жеткіздік. Еуропаның бұл экспорттағы үлесі 27 пайызды құрады. Экспортымыздың 25 пайызы АҚШ-қа жасалды. Біз жалпы экспорттың 50 пайыздан астамын НАТО одақтастарына жасаймыз», - деді.
Гөргүн Түркиядан экспортталатын қорғаныс өнімдері арасында ұшқышсыз ұшақ, оқ-дәрі, құрлық көліктері, электронды соғыс құралдары, радарлар, электро-оптика, ұшқышсыз теңіз көлігі және логистикалық құрал-жабдықтар бар екенін атап көрсетті.