Оман сұлтаны Анкарада
Түркия-Оман арасында 10 құжатқа қол қойылып, бірлескен декларация қабылданды.
Президент Режеп Тайып Ердоған «Газадағы атыс дереу және түбегейлі тоқтатылмайынша аймақтық және жаһандық бейбітшілікке қол жеткізе алмаймыз» деді.
Президент Ердоған ресми сапармен Анкараға келген Оман сұлтаны Хейсем бин Тарыкпен кездесуден кейін ортақ баспасөз мәслихатын өткізді.
Оман сұлтаны Хейсем бин Тарыкты Түркияда қабылдағанына қуанышты екенін білдірген Ердоған «Тарихи және бауырластық байланыстары бар Оманмен қарым-қатынасымыз әр салада дамып келеді. Құрметті бауырыммен бірге біз әртүрлі салада қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетеміз» деді.
Кездесулерінде әртүрлі салалардағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін басылатын қадамдарды талқылаған Ердоған «Біз қарым-қатынастарымызға институционалдық негіз бергіміз келеді. Осы мақсатта тиімді жолдарды, соның ішінде жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық механизмін талқыладық. Сыртқы байланыстар, экономика, өнеркәсіп, инвестиция, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы салаларында ынтымақтастығымызды ілгерілету үшін 10 құжатқа қол қойылып, бірлескен декларация қабылданды» деп мәлімдеді.
Президент Ердоған Ливанда атысты тоқтатуды қамтамасыз ету үшін жүргізілген келіссөздердің оң нәтижелі болуын құптағандарын атап өтіп, «Еліміз Ливандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдау көрсетуге дайын екенін тағы бір рет атап өткім келеді. Газада атыс дереу және түбегейлі тоқтатылмайынша аймақтық және жаһандық бейбітшілікке қол жеткізе алмаймыз. Америка президенті Джо Байденнің Газада атысты тоқтату үшін жаңа бастамасы кеш болса да маңызды қадам. Газада тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» деді.
Бин Тарык баршаның ортақ тілегі аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату екенін атап, «Аймақтық ынтымақтастықты күшейту үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Осы аяда Оман аймаққа қатысты халықаралық мәселелерде Түркияның ұстанымын қолдайды» деді.