Мехмет Шимшек Қытай Вице-президентімен кездесті
Кездесу барысында тараптар түрлі салаларда ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазына және қаржы министрі Мехмет Шимшек Қытай вице-президенті Хан Цинмен кездесті.
Түркия-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің екінші отырысы үшін Бейжіңге барған Шимшек кездесулерін жалғастыруда.
Министр Шимшек кездесулері аясында Қытай вице-президенті Ханмен кездесті. Бейжіңдегі Халық мәжіліс залында өткен қабылдауда Шимшек екі елдің Президент Режеп Тайып Ердоған мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ортақ ерік-жігерімен қарым-қатынастарын ілгерілетіп жатқанын білдірді.
Вице-президент Хан да екі ел басшыларының ерік-жігеріне сәйкес соңғы жылдары қарым-қатынаста айтарлықтай серпінге қол жеткізілгенін және осы тұрғыда Түркия-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің екінші отырысын Бейжіңде өткізуге мән беретіндерін айтты.
Қытай тарапының Түркиямен өзара саяси сенімді одан әрі нығайтуды мақсат ететіндерін айтқан Хан «екі ел негізгі мүдделерді қорғау, даму стратегияларын үйлестіру, халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша үйлестіруді күшейтуде бір-бірін қолдау үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын» деді.
Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, көлік-коммуникациялық инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты салаларда ынтымақтастық және басқа да екіжақты мәселелерді талқылады.