Ердоған: «Ғасырдың ең қатыгез геноцидтерінің бірі Газада»
Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияның 85 мың тоннадан астам көмекпен Газаға ең көп көмек жеткізген ел екенін хабарлады.
Президент Режеп Тайып Ердоған соңғы ғасырдың ең қатыгез геноцидтерінің бірі Түркияның жанында Газада болып жатқанын айтты.
Президент Ердоған Стамбул Лүтфи Кырдар атындағы халықаралық конгресс және көрме сарайында өткізілген Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің 40-шы Министрлер жиналысының ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Президент Израильдің Газаға қарсы шабуылдарына тоқтала отырып, Палестина халқының 13 айда 50 мың шейіт бергенін айтты. Сонымен қатар ол Израильдің 2 миллион адамды дәрісіз, азық-түліксіз қалдырып, өлімдерін бақылап отырғанына, бірақ палестиналықтардың абыройларынан таймағандарына назар аударды.
Ердоған: "Соңғы ғасырдың ең қатыгез геноцидтерінің бірі біздің жанымызда, Газада орын алып жатыр. Сионистік режим мен оның қолдаушылары 13 ай бойы әр түрлі зұлымдықты, әр түрлі геноцидті жасады. Бірақ олар палестиналық бауырларымызды тізе бүктіре алмады," – деді.
Газа мен Ливанға бағытталған сионистік шабуылдарға берілетін ең жақсы жауаптардың бірі – көбірек елдің Палестина мемлекетін тануы болатынын атап өткен Ердоған Ислам әлемінің пікір айырмашылықтарын бір жаққа қойып, Палестина мен Ливан халқын өздерінің заңды күрестерінде қолдауының үлкен маңызы бар екенін баса айтты.
Президент Ердоған Израильдің геноциді алдында ең табанды позицияны көрсетіп келе жатқан елдердің бірі ретінде Түркияның барлық мүмкіндіктерімен палестиналық бауырларына көмек көрсетуге тырысып жатқанын мәлімдеді.
Ердоған Түркияның 85 мың тоннадан астам көмекпен Газаға ең көп көмек жеткізген ел екенін де хабарлады.