Президент Ердоған террормен күрес туралы сөйледі
Президент Ердоған «БРИКС+» аясында Түркияның террормен күресі туралы ақпарат берді.
Президент Режеп Тайып Ердоған террорсыз Түркия мақсатынан таймайтынын хабарлады.
Президент Ердоған кеңейтілген «БРИКС+» көшбасшыларының кездесуіне қатысқан Татарстан Республикасының астанасы Қазаннан қайтар жолда журналистерге ұшақта мәлімдеме жасады.
23 қазанда ел астанасы Анкарада Түрік авиация және ғарыш өнеркәсібі акционерлік қоғамында (TUSAŞ) болған және 5 адам қаза тапқан террорлық шабуылға тоқталып, «TUSAŞ-қа» қолдау тілектерін білдірді.
Шабуылға арттырып есе қайтару басталғанын мәлімдеген Ердоған терроризммен күресті барлық мүмкіндіктерді пайдаланып көп жақты түрде жүргізіп жатқандарын және жүргізуді жалғастыра беретіндерін баса айтты.
Ердоған: "Террордың қараңғы және қанды көлеңкесі елімізден толықтай жойылатын, жарқын, тыныш, қауіпсіз Түркияны құру мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Қорғаныс өнеркәсібіміз бұл істің көшбасшысы болады. Опасыздарға қарсы көбірек жұмыс істеп, көбірек өнім шығарамыз. Өсіп, күшейіп, әділетсіздік пен заңсыздықтарға батыл қарсылық білдіретін Түркиядан мазасызданғандарды жетістіктерімізбен одан да көп мазасыз етеміз.",- деді.
«TUSAŞ» шабуылындағы террористердің Сириядан кіргендеріне назар аударған Президент террористердің «қуыршақ» екенін айтып, былай деп жалғастырды: "Біздің мақсатымыз – террорсыз Түркия. Бұдан таймаймыз, тая алмаймыз. Біздің мақсатымыз – толық тәуелсіз, біртұтас және гүлденген Түркия. Біз терроризмді толығымен терроризмдің көзінде жою үшін жұмыстарымызды жалғастырамыз. Терроризмнің көзі Сирия ма? Иә, Сирия… Олай болса біз сол жерде қажетті шараларды кеше кешкісін (әуе операциялары) жасағанымыздай қолданамыз. Бұдан былай да дәл осы шешіммен жолымызды жалғастыра береміз."
Ердоған бөлшектеуші террорлық ұйым «PKK-ның» Сириядағы тармағы «PYD/YPG-нің» жалғыз қалуға мәжбүр екенін айтып, "Америка бұл террористік ұйымды біраз уақыт қолдайды, бірақ сол мерзім аяқталған соң оларды өз бетінше қалдыруға мәжбүр болады. Бұл мәңгілікке жалғаспайды." деді.