Түрік жасауы әлемге таныстырылды
Түркия Президентінің жұбайы Емине Ердоған түрік жасауын Америкада танытты.
Президент Режеп Тайып Ердоғанның жұбайы Емине Ердоған Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Нью-Йорк қаласында түрік жасауын әлемге таныстырды.
Нью-Йорктегі «Түрік үйі» орталығында ұйымдастырылған «Келін қазыналары: Османлы және Анадолы жасаулары» бағдарламасына Емине Ердоған мұрындық болды.
Бағдарламаға Нигерия Президентінің жұбайы Олуреми Тинубу, Косово Президентінің жұбайы Приндон Садриу, Маврикий Президентінің жұбайы Саюкта Рупун, Фиджи Президентінің жұбайы Филомена Катонивере, Гватемала Президентінің жұбайы Лукресия Пейнадо, Босния және Герцеговина Президенттік кеңесі төрағасының жұбайы Мирела Бекирович, Греция Премьер-министрінің жұбайы Марева Грабовски Мицотакис, Албания Премьер-министрінің жұбайы Линда Рама, Эсватини Премьер-министрінің жұбайы Филил Дламини және министрлер, депутаттар, бас редакторлар мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Ердоған бағдарламада жасау бұйымдары күнделікті өмір қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар әйел сезімін, тілегі мен армандарын символдар арқылы көрсететін ерекше хат іспетті екенін түсіндірді.
«Тарихта үлгі боларлық өркениеттер құрып, әлемге жол сілтеген қоғамдар – өткені және өзіндік ерекшелігімен мәдени жадысын сақтаған қоғамдар» деді Түркияның бірінші ханымы.
Бағдарламада Османлы және Анадолы дәуіріндегі дәстүрлі той көйлектері дефиле арқылы таныстырылды. Сән көрсетілімінде Емине Ердоған президент жұбайларына киімдер туралы ақпарат беріп, кестелердің ерекшеліктерін түсіндірді. Қатысушылар сән көрсетілімін жоғары бағалап, шара соңында естелік фотоға түсті.
Іс-шара аясында «Түрік үйі» орталығының бір қабатына Османлы және Анадолы өрнектерімен кестеленген жасаулар, той киімдері, қолдан жасалған кілемдер мен түрік мәдениетін танытатын бұйымдардың көрме алаңы ұйымдастырылды.
Түркияның бірінші ханымы басшы жұбайларын қарсы алып, дәстүрлі түрік кофесі мен шербет ұсынып, көрме аумағын аралады.
Ұқсас жаңалықтар
"Израиль басқыншылығын әлемге паш ету үшін жұмыс жасаймыз"
Фахреттин Алтун журналистердің өлтірілуіне наразылық білдірді.