Президент Ердоған бейне үндеу жолдады
Президент Қажы Бекташы Велиді еске алу бағдарламасына бейне үндеу жолдады.
Президент Режеп Тайып Ердоған түрлі қиындықтарға қарамастан үлкен және күшті Түркия нысанасына нық қадам басып жатқандарын атап көрсетті.
Президент Ердоған Невшехир қаласында өткен белгілі ойшыл Қажы Бекташы Велидің қайтыс болуының 752 жылдығын еске алу бағдарламасына бейне үндеу жолдады.
Жолдауында бірлік пен ынтымақтың маңыздылығына тоқталған Ердоған 6 ақпан күні орталығы Кахраманмараш қаласы болған және «ғасырдың апаты» деп аталған 11 қаланы қамтитын 7,7 және 7,6 балдық жер сілкіністерінде мемлекет мен ұлттың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жер сілкінісінің іздерін жоюға күш жұмсағандарын мәлімдеді.
Жер сілкінісінен небәрі 3 ай өткен соң Түркия тарихындағы ең маңызды сайлаулардың бірін бауырластық түсінігіне лайық, демократиялық мереке атмосферасында өткізгендерін айтқан Ердоған «Бұл маңызды кезеңде көрегендік және сақтықпен қозғалып, шығу тегі мен секталық тұғырына қарап бүлік шығару әрекетіне жол бермедік. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін сайлау атмосферасын артта қалдырып, «Түркия ғасыры» бағдарламасын бірге бастадық» деді.
Түркия Республикасының екінші ғасырын "ұлт ғасыры" қылу үшін талпынғандарын білдірген Ердоған «Түрлі қиындықтарға кезіксек те, үлкен әрі күшті Түркия нысанасына қарай нық қадам басып келеміз. Болашағымыз үшін бұл күресте азығымыз – қасиетті Қажы Бекташы Велидің адамгершілікті, мейірімділікті, бауырмалдылықты дәріптейтін жолдауы. 72 ұлтқа бір көзбен қарауды насихаттаған жолдауын берік ұстанып, ұлтымыз және бүкіл адамзатқа қызмет етуді жалғастырамыз» деді.
Ұқсас жаңалықтар
Ердоған Албанияда
Ердоған Түркияның қаржыландыруымен салынған Балқандағы ең үлкен мешіттің ашылуына қатысады.
Ердоған Албания мен Сербияға барады
Сапар аясында екі елдегі ынтымақтастық кеңесінің отырыстарына төрағалық етеді.