Түркия және әлем тынысы - 98

Ататүрік, рационализм және Республика

190483
Түркия және әлем тынысы - 98

Түркия Республикасының құрушы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылдың 10 қараша күні дүниеден озды.


Басқа ұлы көсемдер секілді Ататүріктің де көптеген табысын атап айтуға болады. Бұлардың арасында алғашқы кезекте Республика жүйесінің орнатылуы келеді. Биыл 91 жылдығы тойланған Республика жүйесі шамамен 600 жылдық Османлы мемлекеті құлағаннан кейін құрылды. 19-ғасырда Османлы дәуірінде басталған батыстану үдерісі тағы да батыста ортаға шыққан Республика жүйесімен шыңына жетті. Бұл жағдайға саяси тарих тұрғысынан қарағанда, нәтиже болып табылады. Осы нәтижені Ататүріктің саяси өмірі нәр алған батыстану арманы, ішінара Османлы мемлекетінің Бірінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліп шығуы шығарды.


Көсемдердің барлығы секілді Ататүріктің істері де әрі өз көсемдік ерекшелігінен, әрі сол уақыттың шарттарынан туындады. Көсемдер өз дәуірінің рухын жақсы түсініп, меңгерген. Өз елі мен қоғамының пайдасы үшін қажетті істерді атқарған көреген саясат қайраткерлері болып табылады. Осы көсемдер өз армандары мен уақыттың шарттарын дұрыс және ықпалды түрде сәйкестендіре білген. Алайда бір дәуірдегі істер уақыт өткен сайын жаңаланып, нығаюы керектігі де шындық. Бұл Түркия Республикасы үшін де өтімді.


Мармара Университеті Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы Проф. др. Рамазан Гөзеннің тақырыпқа байланысты анализін ұсынамыз.
**
Ататүріктің әлі күнге жасампаз ерекшеліктерінің бірі – рационализм мен ғылымилық. Ататүрік негізінде Ислам діні де насихаттаған бір принцип болып табылатын рационализмнің маңызы мен қажеттілігін атап көрсеткен. Ислам философиясы тарихының терең жерінде көміліп қалған, көп уақыт бойы ұмыт болған рационализмді Ататүрік алға шығарып, көңіл бөлген. Осылайша Ислам философия тарихындағы матуриди және мутезиле мектептері көңіл бөлген рационализм принцибі замандас дәуірге де келді. Ататүріктің рационализм принцибі тек Ислам тарихына емес, ең маңыздысы сонымен бірге замандасу философиясына сүйенеді.

Ататүрікке тағзым
Ататүрік сүйенген іргетас – 19-ғасыр Ағарту дәуірінің позитивтік ойы. Позитивтік ой рационализмді және замандасуды қолдаса да, діннің тұрмыстағы ролі мен орны жөнінде артта қалған еді. Түркиядағы позитивтік істер де халықтың діни тұрмысы тақырыбында тыйым салушы және шеттететін саясаттарға сахна болды.
Түркия Республикасының кейбір кезеңдерінде Ататүрікті қате түсінуден туындаған кейбір қателіктер болғаны белгілі.


Ататүріктен қалған мұралардың арасындағы ең маңыздыларының бірі – Республика жүйесінің негізінде жататын ұлттық ерік-жігер ұғымы. «Егемендік шартсыз түрде ұлттікі» принцибі – осының айғағы. Ұлттық егемендік принцибінің іске асырылуы сатылы түрде алдымен 1931 жылы, артынан 1950 жылы тікелей сайлау арқылы басталды. Кейінгі жылдары демократиялық үдерісте кездесетін қате істерді Ататүрікке жамау дұрыс емес. Мысалы демократияның және мекемелердің әскери төңкерістер арқылы таратылуы және осыған орай әскери құрылым, биліктің қалыптасуы Ататүріктің мұрасы ма? Әрине, олай емес. Ататүрік саясатқа араласуды қалайтын офицерлерге әскери киімдерін шешулері керектігін айтқан. Түркияда 1960, 1971, 1982, 1997 жылдардағы әскери төңкерістер Ататүріктің ұлттық ерік-жігер принцибінің аяққа тапталуынан басқа ештеңе емес.

 


Ататүріктің батыстану, республика, рационализм және ұлттық егемендіктен алған басқа бір принцибі « Елде бейбітшілік, жаһанда бейбітшілік» болып табылады. Түркия Республикасы Ататүрік дәуірінде, яғни 1923-1938 жылдар арасында шыныменен бейбітшіл сыртқы саясат жүргізді. Осы қиын-қыстау кездері ортаға шыққан барлық сыртқы саясат және халықаралық қатынастар проблемалары бейбіт жолмен шешілген. Соғыс пен қақтығысқа еш жол берілмеген. Ататүрік осы кезеңде ықпалды болған Муссолини, Сталин және Гитлер сынды «шабуылдаушы» көсемдерге ұқсамаған, теңдік және бейбітшілік саясатын мойымай жалғастырған. Түркияны соғысқа итермелейтін барлық проблемадан аулақ тұрған, мәселелерді келісім-шарттар арқылы шешуге тырысқан. Осы саясаттың ең нақты айғағы мыналар: 1934 жылы Балқан пактына, 1937 жылы Садабат пактына қол қойып, 1932 жылы БҰҰ-на қосылған. Ұлыбритания, Франция, Кеңес Одағы сынды елдермен бейбітшілік келісім-шартына келген. Осы дәстүр екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін бір мезгіл жалғасқан. Алайда Түркияның Салқын соғыс кезінде және оның артынан кейбір қақтығыстарға қосылуы осы принципті бұзды деуге болады. Рационализм және ұлттық егемендік принциптеріндегі қате және бұрмалаушылық секілді, сыртқы саясатта да осында бұрмалаушылықтар болды.


Қорыта айтқанда, өзі бастаған рационализм, ұлттық ерік-жігер және бейбітшіл сыртқы саясатқа сүйенетін Республиканың бүгінгі күні әлі бар болуы Ататүріктің көсемдік көрегендігін көрсетеді. Бұрынғы кейбір қателіктерді, қысымшыл істерді шетке тастайтын болсақ, Ататүрікті бүгін қайтадан түсініп, түйсіну пайдалы. Әрине, мұны Ататүрік де шабыт алған ислами және ғаламдық құндылықтардың жарығында істесек тіпті игі. Әрқашан уақыттың рухын түсініп, жетік меңгеріп алға жылжу шарт.

 


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар