Әзербайжан ұшағына қатысты сот тергеуі жүргізіледі

Бұл туралы Ресейдің Тергеу комитеті мәлімдеді.

2231291
Әзербайжан ұшағына қатысты сот тергеуі жүргізіледі

Ресей Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) Қазақстанда құлаған жолаушылар ұшағына қатысты сот тергеуі жүргізілетінін хабарлады.

Ресейдің Тергеу комитеті 25 желтоқсан күні Ресей әуе кеңістігінен атқылау салдарынан зақымданған Әзербайжан жолаушылар ұшағы апатына қатысты мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде оқиғаға қатысты тергеу Әзербайжан мен Қазақстанның тиісті мекемелерімен жалғасып жатқаны, ұшақтың қара жәшіктерінен алынған мәліметтердің Бразилияның әуе апаттарын тергеу және алдын алу орталығында тексеріліп жатқаны айтылған.

«Әуе қозғалысын басқару қызметі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қызметкерлерінің әрекетін бағалау үшін кешенді техникалық криминалистикалық тергеу жүргізілуде. Барлық ықтимал себептер зерттелуде», - делінген хабарламада.

25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Баку-Грозный бағытындағы «AZAL»-ға тиесілі «Embraer 190» ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды. Ұшақтың сыртқы физикалық және техникалық кедергі нәтижесінде апатқа ұшырағаны хабарланды. Әзербайжан билігі ұшаққа ресейлік «Pantsir-S» әуе қорғаныс жүйесі шабуыл жасағанын растаған болатын.

Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға үшін кешірім сұрады.



Ұқсас жаңалықтар