Астанада дәстүр мен өнердің тоғысы

Астанадағы ұлттық музыкалық аспаптар музейі келушілерге дәстүрлі өнер мен мәдениетті ерекше тәсілмен таныстырады.

2229218
Астанада дәстүр мен өнердің тоғысы
kazakça_çalgı
kazakça_çalgı
kazakça_çalgı

Астананың төрінде орналасқан ұлттық музыкалық аспаптар музейі келушілерге дәстүрлі өнер мен мәдениетті ерекше тәсілмен таныстырады. Музей тек экспонаттарды көрсетіп қана қоймай, қонақтарын ұлттық мұраның тереңіне бойлатып, шынайы музыкалық тәжірибе сыйлайды.

Музейде негізінен қазақтың ұлттық аспаптары, әсіресе домбыра мен қобыз қабырғаларға ілініп, көрмеге қойылған. Дәстүрлі музыкалық шеберлердің жетекшілігімен өткізілетін экскурсиялар барысында келушілер аспаптарды тек тамашалап қана қоймай, оларды қолданудың қыр-сырын "жанды дауыс концерттер" арқылы біле алады. Концертте әрбір музыкалық шығарма орындалған соң аспаптардың шығу тарихы мен олардың қандай мақсатта қолданылғаны туралы қызықты мәлімет беріледі. Музей тіпті викторина түрінде сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге сыйлық ретінде шеберханада жасалған ұлттық музыкалық аспаптарды табыстайды.

Музей директоры Баянды Сахарияұлы бұл орталықтың басты мақсаты – ұлттық аспаптарды көрсету ғана емес, оларды сақтап, қайта жаңғырту екенін айтады. Ол алдағы уақытта бауырлас түркі халықтарының музыкалық аспаптарына арнайы бөлім ашу жоспары бар екенін жеткізді.
"Қазақтарда 120-ға жуық ұлттық музыкалық аспап бар. Кеңес дәуірінде олардың көбі жойылып кетті. Себебі бұл аспаптар тек өнер үшін ғана емес, тұрмыстық, әскери және шаруашылық мақсатта да қолданылды. Мысалы біздің музейде сақталған 'керней' аспабы – нағыз тарихи мұра. Бұл аспап соғыс кезінде дыбыс беруші құрал рөлін атқарған. Оның үні 4 шақырымға дейін жетеді," – деді Сахарияұлы.

Музей жанынан құрылған "Жошы" этнo-фольклорлық ансамблі арқылы ұлттық өнерді қайта жандандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл топтың әр мүшесі – кәсіби маман, ұлттық аспаптарды жетік меңгерген шебер.
"Біз келушілерімізге аспаптарды тыңдатып қана қоймай, оларды қолданудың қыр-сырын көрсетеміз. Шеберханамызда аспаптардың қалай жасалатынын бақылауға болады. Осылайша музейіміз дәстүрлі өнерді үйренуді қалайтын адамдар үшін білімнің сарқылмас қазынасына айналып отыр," – деп толықтырды Сахарияұлы.

"Жошы" этнo-фольклорлық ансамблі мүшесі және дәстүрлі музыкалық аспаптардың шебері Азамат Бақия музейдің "жанды дауыс концерт" тәсіліне келушілердің қызығушылығы жоғары екенін айтты. Ол елдің әр өңіріне сапарлар барысында халық арасынан сирек кездесетін аспаптарға қатысты мәлімет жинайтынын жеткізді. "Көптеген аспап ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған. Біз олардың түпнұсқа көшірмелерін жасаймыз. Осылайша музейіміз ұлттық өнерді зерттегісі келетін жастар үшін ерекше білім ошағына айналуда," – деді Бақия.

Астанадағы бұл музей – ұлттық мәдениеттің сақтаушысы ғана емес, оны жаңа заманға лайықты жеткізетін орталық. Мұнда келген әр адам қазақ халқының рухани мұрасын сезініп, ұмытылмас әсер алады.



Ұқсас жаңалықтар