Голан жоталарында қазақ әскерінің қауіпсіздігі
Қазақстан Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданғанын хабарлады.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданғанын хабарлады.
Министрлік жағдайдың даму барысын бақылап отырғанын және қазақстандық әскери қызметшілермен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
"Голан жоталарында қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр," – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда миссияның эвакуациялануы БҰҰ басшылығы тарапынан миссия командирінің ұсынысы негізінде қарастырылатыны айтылды.
139 әскери қызметкерден тұратын қазақстандық бітімгерлер ақпан айында Голан жоталарына бір жылдық миссияға жіберілген болатын.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров: "Сирия бойынша Астанада келіссөздер жүргізу туралы айтуға әлі ерте, жағдайды бақылап отырмыз," – деп хабарлады.
Ресей, Иран, Түркия және Сирия Сыртқы істер министрліктерінің қатысуымен Сириядағы қақтығысты шешуге арналған "Астана форматы" 2017 жылы құрылды. Сол уақыттан бері 22 кездесу өткізіліп, соңғысы осы жылдың қараша айында болған.