Путин мемлекеттік сапармен Астанаға барды

Сапар барысында «Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету» туралы бірлескен декларацияға қол қойылды.

2214757
Путин мемлекеттік сапармен Астанаға барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин «Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету» туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Астанаға ресми сапармен барған Путинді президент Тоқаев Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.

Кездесуде Тоқаев Ресейді «сенімді стратегиялық серіктес және одақтас» деп сипаттаса, ал Путин Қазақстанды «сенімді дос және ең жақын одақтас» деп атады.

Кездесулерден кейін Қазақстан мен Ресейдің «Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету» туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Қол қою рәсімінен кейін өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Тоқаев келіссөздердің ашық әрі нәтижеге бағытталғанын айтып, «Біз стратегиялық серіктестігіміздің перспективалық бағыттарын анықтадық. Келіссөздердің басты мәселесі экономика» деді.

Екі ел арасында ынтымақтастық орнамаған сала жоқ екенін айтқан Тоқаев «Қазақстан мен Ресей арасында даулы мәселе жоқ» деді. Путин болса қол қойылған ортақ декларацияның екі елге ауқымды міндеттер жүктейтінін айтты.

Путин Қазақстанмен бейбіт мақсаттағы ядролық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың ілгерілеп келе жатқанын және көлік және ғарыш саласында бірлескен жобаларды қолға алғандарын мәлімдеді.

Екі ел арасында энергетика, кеден, денсаулық сақтау, туризм, білім, құқық, құрылыс, экология, көлік және логистика сияқты көптеген салаларда ынтымақтастық туралы 20 келісімге қол қойылды.



Ұқсас жаңалықтар