Велошабандоз Мұстафа Өзтүрікті еске алды
Қазақстандық велошабандоз Ернат Рахметтола Астанада 70 шақырымдық велошеру өткізді.
Қазақстандық велошабандоз Ернат Рахметтола қазақ-түрік туымен безендірілген велосипедімен Астанада 70 шақырымдық велошеру өткізді.
Тәжірибелі велошабандоз жалғыз адамдық велошеруін қазақтың атақты спортшысы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толуына арнады. Ол Қазақстанның елордасы Астанадағы сапарын күннің суығына қарамастан сәтті аяқтады.
Ернат Рахметолла осы велошеруді өткізу арқылы төрт мақсатты көздегенін айтты. "Қазақтың біртуар азаматы, тау-тұлға Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрікті еске алу, рухына тағзым ету, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеуге үлес қосу, қар, мұз, ызғарда велосипедпен жүру арқылы адамның мүмкіндіктерін көрсету, төзім, шыдам, салауатты өмір салты, табандылық, ыстық қайратты насихаттау, үлгі ету, қазақ пен түрікке ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік арқылы Қазақстан мен Түркияның бауырластығын, достығын насихаттау және жастарды отансүйгіштікке, ел үшін ерен еңбек етуге, қайсар болуға үндеу. Қазақстан таэквондо федерациясының негізін қалаушы, 6 дүркін әлем чемпионы, халықаралық жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрікті еске алғым келді. Өзтүрік – Түркия мен Қазақстанның ортақ тұлғасы. Ол Кайсериде дүниеге келіп, Түркияда тұрған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еліне оралған" деді ол.
Рахметолла бағытына Түркия Республикасының 100 жылдығында ашылған Анадолу көшесін де қосқанын атап өтті.
Велошабандозды 70 шақырымдық велошерудің соңында «Бәйтерек» монументінің алдында туыстары мен қолдаушылары күтіп алды.
Қазақстандық велошабандоз әрі журналист Ернат Мелсұлы Рахметолла – белгілі әуесқой велошабандоз. 42 жастағы журналист - велоспорттан Қазақстанның 3 дүркін рекордшысы. Ол бұған дейін республикалық және халықаралық деңгейде 14 велошеру өткізген. 2023 жылы Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына орай қазақ-түрік туымен безендірілген велосипедімен Астанада 100 шақырымдық велошеру ұйымдастырған болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан ЭЫҰ-ның кезекті төрағалық міндетіне дайын
Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді.