«Қазақтың отбасы фолькоры» түрікшеге аударылды
Кітаптың тұсаукесерінде Түркия Президенттік Ұлт кітапханасына 500-ден астам кітап тарту етілді.
Тарихы мен тағдыры тоғысқан, түбі бір бауырлас ел Түркия мен Қазақстан арасындағы тығыз мәдени байланыстар аясында, Түркия Республикасының құрылғанына 101 жыл толуына орай Президенттік Ұлт кітапханасында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен және «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры, профессор Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Рәсімге Қазақстан елшілігінің атташесі Дінмұхаммед Өмірәлі, Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу, профессор-фольклортанушы Өзкул Чобаноғлу, ғалымдар мен студенттер және Анкарадағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.
«Қазақтың отбасы фольклоры» кітабы - отбасылық ғұрыптардың тарихы, терминологиялық жүйесі, поэтикалық құрылымы этнографиялық байланыстар типологиясы деңгейінде қарастырылған 6 бөлімнен тұратын құнды дүние. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі нұсқалардан бастау алатын қазақтың отбасы фольклоры түрік тілді аудиторияға жол тарты. Кітапты қазақшадан түрікшеге аударған - доктор Халил Четин.
Іс-шараны ұйымдастырушы «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ильге Қарагөз Ахметова қазақ мәдениеті қоғамын таныстырып, «Бүгінгі іс-шараға мұрындық болғанымызға қуаныштымыз. «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабы шетелдегі қазақтар үшін маңызды» деді.
Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу «Бұл еңбек тек қазақ отбасы фольклоры емес, түркі халықтарының да фольклор кітабы. Мұндай құнды шығармалар екі ел арасындағы мәдени байланысты дамытады» деді.
Рәсімде Президенттік Ұлт кітапханасына М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты атынан 500-ден астам кітап тарту етілді. Институт директоры Матыжанов Президенттік Ұлт кітапханасына «Қазақ фольклорының 100 томдығын» да сыйға тартқандарын атап өтіп, «Біз бүгін Президенттік кітапханаға қазақ фольклорының 100 томдығын алып келдік. Мұндай 100 томдық фольклор шығарған әлемдегі бірінші ел – Қазақстан. Дайындап, жариялаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты. Бұл 100 томдық еңбек - аталарымыздың мирасы» деді.
2020 жылы ашылған Түркияның ең үлкен кітапханаларының бірі Ұлт кітапханасында «Қазақстан» бөлімі бар. Бөлімде қазақ тілді әдеби, ғылыми т.б кітаптар орын алған.