Түркі Мемлекеттері Ұйымының 11-ші саммиті өтті
Бішкек қаласында Түркі Мемлекеттері Ұйымы мемлекет басшыларының 11-ші саммиті өтті.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың төрағалығымен Бішкек қаласында Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) мемлекет басшыларының 11-ші саммиті өтті.
«Түрік әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және барлығы үшін қауіпсіздік» тақырыбында өткен саммит Интымак Ордо Президенттік сарайында ұйымдастырылды.
Садыр Жапаров өз сөзінде ТМҰ төрағалығының Қазақстаннан Қырғызстанға өткенін хабарлап, «Түркі Мемлекеттері Ұйымының төрағалығын қабылдау біз үшін үлкен құрмет», -деді.
Жапаров ТМҰ төрағалығын «Түрік әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және барлығы үшін қауіпсіздік» ұранымен атқаратынын атап өтіп, алдымен «Түркі әлеміне көзқарас-2040», «Түркі Мемлекеттері Ұйымының 2022-2026 стратегиясы» бағдарламасы мен ұйымның басқа да стратегиялық құжаттарын талқылайтынын айтты.
Қырғызстанның экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударатынын айтқан Жапаров халықаралық бастамаларды қолдау, экономиканың стратегиялық секторларында жобаларды жүзеге асыру бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін мәлімдеді.
Садыр Жапаров Бішкек қаласына 2025 жылы Түркі әлемінің цифрлық астанасы мәртебесін беруге көрсетілген қолдау үшін алғыс айтты.
Қырғызстанның ТМҰ шеңберінде цифрлық интеграция процесін жеделдетуді мақсат ететінін айтқан Жапаров бұл жолда біртұтас цифрлық кеңістік құру, электрондық сауда, көлік және логистика процестерін жеңілдету және цифрлық стандарттар мен сертификаттарды өзара мойындауға байланысты жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.
Жапаров төрағалық кезінде климаттық өзгерістер мен қоршаған ортаның ластануы мәселелеріне қарсы күресу үшін ТМҰ-ға мүше елдермен ортақ шараларды қабылдауға бағытталған жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
Израильдің Палестинаға жасаған шабуылдарына тоқталған Жапаров: «Палестинада күн сайын әйелдер мен балалардың қаза табуы, тұрғындардың ауыр материалдық және рухани азапқа душар болуына көз жұмуға болмайды. Біз Израильді халықаралық құқық пен гуманитарлық нормаларға сәйкес әрекет етуге және Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберу кедергілерін жоюға шақырамыз», -деді.
Садыр Жапаров Израиль-Палестина қақтығысын шешу үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін қолдайтынын білдіріп, «Палестина халқының өз тағдырын шешу, өз мемлекетін құру және БҰҰ-ға толық мүшелік алу құқығын тануымызды және қолдайтынымызды білдіреміз», -деп мәлімдеді.
ТМҰ мемлекет басшыларының 11-ші саммитіне Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, бақылаушы елдерден Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Ерсин Татар және Түрікменстанның Қырғызстандағы Елшісі Нұры Голлиев қатысты.
Ұқсас жаңалықтар
«Сыр – түрік өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылды
Көрмеге Қызылорда облысынан табылған тарихи жәдігерлер қойылды.