Маңғыстауда туризм дамытылады

Қазақстан Премьер-Министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапармен барды.

2192356
Маңғыстауда туризм дамытылады

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапармен барды. Ол сапар  аясында өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетімен танысты.

Премьер-министр Ақтау, Құрық теңіз порттарында болып, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту перспективаларын талқылады.

Бектенов  Мемлекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды. Маңғыстау облысы әкімдігінің деректері бойынша биыл өңірге 215 мыңға жуық демалушы келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 9,5%-ға артқан.

Кендірлі курорттық аймағы – Маңғыстау облысының танымал орындардың бірі. Аймақ басшылары Олжас Бектеновке туристік ағынды арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлары туралы баяндап берді. Оның қатарында халықаралық әуежай, қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 су тұщыту зауыты кіреді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын «Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Маңғыстау облысындағы туристік әлеуеттің одан әрі даму перспективасы айтарлықтай зор. Ол үшін өңірде теңіз, таңғажайып пейзаждар, тарихи ескерткіштер мен киелі орындар бар. Сапалы серпіліс үшін инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тарту және жаңа нысандар салу қажет. Тиісті министрліктер мен әкімдікке бұл мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.



Ұқсас жаңалықтар