Астанада V Дүниежүзілік көшпенді ойындары басталды
Ашылу салтанатына Түркі мемлекеттерінің президенттері мен халықаралық ұйым басшылары қатысты.
V Дүниежүзілік көшпенді ойындарының ресми ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстанның Халк Маслахаты төрағасы Құрбанқұлы Бердімұхамедов, Татарстан басшысы Рүстем Минниханов, Саха Республикасының Президенті Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы Президенті Энхбаяр Намбар және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Билал Ердоған қатысты.
Сондай-ақ ашылу салтанатына Түркия Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак, Әділет министрі Йылмаз Тунч, Түркі Мемлекеттері Ұйымы (TМҰ), Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы ТҮРКСОЙ, Азиядағы қауіпсіздікті арттыру шаралары жөніндегі конференция ұйымы, Түркі Мәдениет және мұра қоры, сондай-ақ БҰҰ және ЕО аясындағы көптеген ұйымдардың лауазымды тұлғалары да қатысты.
Шара мемлекеттік оркестрдің сүймелдеуінде балалар хорының Қазақстан Әнұранын орындауымен және Қазақстан Туының көтерілуімен басталып, 98 елден 3000-ға жуық спортшының қатысуымен өткен шерумен жалғасты.
Ашылу рәсімінде Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нежметтин Билал Ердоған сөз сөйледі. Сөзін қазақша бастаған Нежметтин Билал Ердоғанды жиналғандар ыстық ықыласпен қарсы алды. Ол «Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы 5 құрлықта, 22 елде, 32 мүшемізбен дәстүрлі спорттың әлемдік аренада үлкен орын табуы үшін көшбасшы болып келеміз» деп атап өтіп, «дәстүрлі спорт түрлерінің жарыс қана емес, мәдени байлықтың, достық пен ынтымақтастықтың символы» екеніне назар аударды.
Билал Ердоған Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның дәстүрлі спорт түрлеріне мән беретінін атап өтіп, «Ол дәстүрлі спортты қорғау және болашақ ұрпаққа жеткізу үшін ұлттық және халықаралық платформаларда үнемі қолдау көрсетуде. Бұл қолдау біз үшін үлкен күш болып табылады» деді.
Конфедерация президенті Газадағы адамзат трагедиясына назар аударып, гуманитарлық дағдарысты тезірек тоқтатуға шақырды. Барша адамзатқа бейбітшілік, бауырмалдық және тыныштық тіледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде ұлы дала өркениеті мен мәдениетінің адамзат тарихындағы орнына тоқталып, алғаш көшпенділер ойынын өткізіп, осы шараға бастамашы болған Қырғызстанға алғысын білдірді.
Тоқаев өз сөзінде «Көшпенді ойындары – ұлттық спорт түрлері бойынша әлемдегі ең ірі жарыс. Ойындарды «Көшпенділер олимпиадасы» деп те атауға болады. Бұл ойындар дала мәдениетін әлемге танытады. Ойын – бірлік пен бауырластық мерекесі. Бірлігіміз мәңгі болсын!» деді.
«Жаратылыс дастаны», «Алтын жауынгерлер шеруі», «Түрік хандығы», «Жібек жолы», «Алтын Орда мемлекеті мен Жошы хан», «Қазақ қолы» сынды эпикалық тақырыптар қозғалған салтанатты шарада қазақстандық белгілі әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
Көшпенді ойындарына Түркиядан 100-ден астам этноспортшы қатысуда. 13 қыркүйекке дейін жалғасатын жарыста 89 елден 3000-ға жуық спортшы додаға түседі. Алғаш рет 2014 жылы Шолпан-Атада басталып, төртіншісі 2022 жылы Изникте одан да жоғары деңгейге көтерілген дода алғаш рет Қазақстанның бас қаласы Астанада өтіп жатыр.
Ұқсас жаңалықтар
Бішкекте Цифрлық форум өтті
Форумда Түркі Мемлекеттері Ұйымының жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерді талқыланды.
Мәжіліс төрағасы Түрікменстанға барады
Нуман Куртулмуш Түрікменстанға 10-11 қазан күндері ресми сапармен барады.