Ішкі істер министрлері Ыстықкөлде басқосты
Түркі Мемлекеттері Ұйымы Ішкі істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысы Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласында өтті. Қырғызстан Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков ұйымдастырған жиынға Түркия Ішкі істер министрі Али Йерликая қатысты. Басқосуға Әзербайжан Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Өзбекстан Ішкі істер министрі Пулат Бобожонов және ТМҰ бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев те қатысты. Жабық өткен жиын соңында қорытынды декларацияға қол қойылып, келесі отырыстың Әзербайжанда өтетіні белгіленді.
Министрлер қатысқан баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасаған Ниязбеков ауызбіршілік орнату, бауырластық пен достықты нығайту, халықтардың қауіпсіздігін барынша арттыру және түрлі қауіп-қатерге қарсы тұру үшін жиналғандарын айтты. Ниязбеков Кеңес отырысын жылына кемінде бір рет өткізу, сараптамалық-техникалық деңгейде жұмыс тобын құру, екіжақты тәжірибе алмасу, ынтымақтастық және қылмысқа қарсы күрес саласындағы үйлестірілген жұмыс мәселелерін талқыланғанын мәлімдеді.
ТМҰ мүше елдердің Ішкі істер министрлерін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та қабылдады. Жапаров: «Бауырлас түркі халықтарының ортақ қауіпсіздігі жолындағы талпыныстарыңыз ата-бабамыздан қалған бірліктің айқын дәлелі. Ұлы түркі әлемінің бірлік пен ынтымақтастыққа ұмтылып, бар күш-жігерін бейбіт өмірді қамтамасыз етуге бағыттай алатын қабілеті бар екенін бәріміз жақсы білеміз» деді. ТМҰ Ішкі істер министрлері кеңесі отырысының маңыздылығына тоқталған Жапаров бұл маңызды шараны әрі қарай дамытып, нығайту үшін жүйелі түрде өткізу керектігін айтты. Қырғызстанның ТМҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықпен бірге мүше елдермен өзара байланысқа ерекше мән беретінін атап өтіп, «жаһандану дәуірінде қылмыспен күресті цифрландыру саласында бірлескен жұмыс маңызды» деді.
«Түркі халықтары Ішкі істер министрлерінің ортақ қауіп-қатерге қарсы бірлескен күш-жігері ұзақ жылдарға тіпті ғасырларға созылатын одаққа айналуы керек» деді ол.
Жапаров ТМҰ Ішкі істер министрлері кеңесінің қорытынды декларациясы өзара байланысты одан әрі нығайтуға жақсы негіз болады деп есептейтінін атап өтті.
Ұқсас жаңалықтар
"Қазақстандағы референдум ашық өтті" деді
Түрік Мемлекеттері Ұйымының Бақылау миссиясы Қазақстандағы референдум ашық өткенін хабарлады.