Қазақстанда парад болмайды
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
ҚР Қорғаныс министрлігі 9 мамыр Жеңіс күні Қазақстанда шеру болмайтынын хабарлады.
Министрлік бюджетті үнемдеу есебінен биыл елде 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күніне байланысты әскери шерулер өткізілмейтінін хабарлады. Қорғаныс министрлігі 9 мамырда соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу шаралары өтетінін білдірді.
Министрлік әскерлер парадынан гөрі Қазақстан Қарулы Күштерінің қажетті жауынгерлік дайындығына басымдық берілетінін атап көрсетті.
Өткен жылдың 9 мамырында да Қазақстанда парад болған жоқ.
Қорғаныс министрлігі биыл Қазақстан армиясының бірлескен екі оқу-жаттығуға қатысатынын хабарлады. Қазақстандық сарбаздар биыл Беларусь пен Қырғызстанда өтетін оқу-жаттығуларға қатысады.
Беларусьте өтетін оқу-жаттығуға Қазақстан Қарулы Күштерінің 80-ге жуық қызметкері қатысады.
Қырғызстанда өтетін оқу-жаттығуға 130 сарбаз мен 30 әскери техника жіберіледі.