Ауғанстанға теміржол қатынасы тоқтады
Бұл туралы Өзбекстан хабарлады.

Өзбекстан Ауғанстанға теміржол қатынасын уақытша тоқтатты.
Өзбекстан мемлекеттік теміржолының мәлімдемесінде Ауғанстан тарапының техникалық қызмет көрсету бойынша өз міндеттемелерін уақытында орындамауы себепті 1 ақпаннан бастап бұл елге теміржол қатынасы уақытша тоқтатылғаны атап өтілді.
Мәлімдемеде тараптардың бұған дейін 2023 жылдың 1 ақпанына дейін теміржолда техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізуге келіскені еске салынды.
Тараптардың Хайратан-Мазары Шариф теміржолын пайдалану және күтіп ұстау үшін де жаңа келісім-шартқа қол қоюы керектігін еске салып, Өзбекстаннан Ауғанстанға тауарлар мен өнімдердің жеткізілуін қамтамасыз ету үшін автомобиль қатынасының қолданылатыны айтылды.
2010 жылы қараша айында салынған және Өзбекстан шекарасынан бастап Ауғанстанның Хайратан-Мазары Шариф қалаларын байланыстыратын 75 шақырымдық теміржол - Ауғанстанды басқа елдермен байланыстыратын жалғыз теміржол.
Өзбекстан мемлекеттік теміржолының мәліметі бойынша, 2010 жылдан бері бұл теміржол арқылы шамамен 28 миллион тонна жүк тасымалданған.