«Алаш туы астында» атты деректі фильм түрік тілінде дубляждалды

Деректі фильмнің түрік тіліндегі нұсқасы бірінші рет көрсетілді.

1918000
«Алаш туы астында» атты деректі фильм түрік тілінде дубляждалды

Қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» атты деректі фильмнің түрік тілінде дубляждалған нұсқасы Анкарада көрсетілді. 
 «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының бастамасы және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қолдауымен фильм Қажы Байрам Вели Университетінде бірінші рет көрсетілді.


105 жыл бұрын «Алаш» автономиясы өмірге келген күнге дөп келген көрсетілімге университет жанындағы «Еуразия және түрік әлемі зерттеу орталығы»  де өз қолдауын аямады.
Деректі фильмнің көрсетілімінде «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мүлазымоғлу сөз сөйлеп, “Ортақ түрік тарихында өте маңызды орынға ие бұл қозғалыстың жетекшілері барлық қиыншылықтарға қарамастан өздерін өте жақсы жетілдіріп, өздері бастаған бұл қасиетті жолда кездесетін қиындықтарды көтере білді” деді. 


Зерттеу орталығының басшысы Проф. Др. Нажие Йылдыз осындай деректі фильмдерді студенттер мен оқушыларға көрсетудің өзінің өте үлкен сабақ екенін айтты. Ол тақырыптың өте маңызды екенін атап көрсетті. 


Қазақстан Елшілігінің Мәдениет істері жөніндегі кеңесшісі Нышанкүл Қаратаева
“Биыл туғанына 150 жыл толып отырған, тұңғыш қазақ әліпбиінің авторы - Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Түркі дүниесіне ортақ аталып өтіп жатыр. Халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп “тар жол, тайғақ кешулерден” өткен, Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті елдер қатарына қосуды мақсат қылған Алаш қайраткерлерін құрметпен, ризашылықпен еске аламыз”деді. 


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Алаш туы астында» деректі фильмі Түркияда бірінші рет түрікше субтитрмен Анкарада 2018 жылы көрсетілген болатын. 
Сценарийін  Болат Мүрсәлім жазған деректі фильмге белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бас кеңесші, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай шығармашылық кеңесші қызметін берген.  


«Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» деп аталатын үш бөлімнен тұратын деректі фильмде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің бастау бұлағы, Дума жұмысына араласу, Алаш әскерінің жасақталуы, артынан 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресі баяндалған. 
Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.



Ұқсас жаңалықтар