Түрік әлемінің ортақ оқулықтары жөнінде қорытынды шешім мақұлданды

Ежелгі түрік халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түрік тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады.

1848455
Түрік әлемінің ортақ оқулықтары жөнінде қорытынды шешім мақұлданды

Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында өткен Халықаралық Түрік академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысында түрік әлемінің ортақ оқулықтары, атап айтқанда «Ортақ түрік тарихы», «Ортақ түрік әдебиеті» және «Түрік әлемі географиясы» оқулықтары бойынша қорытынды шешім қабылданды.

Бауырлас елдер арасындағы білім саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар Түрік елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Саммитте берілген тапсырмаға сәйкес басталған еді.

2021 жылы Стамбулда өткен Ғылыми кеңестің 4-отырысында Түркияның ұсынысына сай оқулықтардың мәтіндерін мақұлдау жөнінде 2022 жылдың 16-18 мамыр күндері сарапшылардың басқосуы өтіп, «Ортақ түрік тарихы», «Ортақ түрік әдебиеті» және «Түрік әлемі географиясы» оқулықтарының мәтіні сарапшы мамандар тарапынан мақұлданды.

Ежелгі түрік халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түрік тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түрік халықтарының егжей-тегжейлі тарихы баяндалған.

«Түркі әлемі географиясы» атты оқулықтың мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерделеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерделеуге бағытталған.

«Ортақ түрік әдебиеті» оқулығы оқушыларға түрік әдебиетінің ерте кезеңінен бастап қазіргі ұлттық әдебиеттері негізінде ортақ түрік әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы түсінік беруге арналған.

Айта кететін жайт,  бұған дейін «Ортақ түрік тарихы»  Әзербайжан, Қазақстан және Түркия елдерінің 8-сынып мектеп оқушыларына факультативті бағдарлама ретінде оқытылып келді.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ғылыми кеңесте қабылданған қорытынды Хаттамаға сәйкес, тараптар ортақ оқулықтардың бағдарламалары мен мәтіндерін бекітіп, оларды өз елдерінің орта білім беру мекемелерінде оқытылуын қамтамасыз ету және «Ортақ түрік тарихы», «Ортақ түрік әдебиеті» және «Түрік әлемі географиясы» пәндерінің оқушылар арасында танымал болуы мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

 

Мәтін мен сурет Академия парақшасынан алынды.



Ұқсас жаңалықтар