Елбасының "Тәуелсіздік тағылымы" атты мақаласы жарияланды
Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының құрамында болған 70 жылдың еліне ешбір пайда әкелмегенін мәлімдеді.
Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында елінің 30 жылдық тәуелсіздік жолына баға берді.
Көп ұзамай ең қасиетті құндылық ретінде ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтетіндерін атап көрсеткен Назарбаев «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу» деді.
Назарбаев «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды» деді.
Өткен ғасырда халықтың «Үлкен ашаршылық» бастан кешкенін атап көрсеткен Елбасы «Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халқымызға қисапсыз мол қасірет әкелді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады» деді.
Назарбаев «Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік» деді.