Анталияда Абай саябағы ашылды

Саябақта Абай Құнанбайұлының мәрмермен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылды.

1496656
Анталияда Абай саябағы ашылды

Түркияның Анталия қаласында түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласындағы саябаққа Абай Құнанбайұлы есімі берілді.

Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, саябақта Абай Құнанбайұлының мәрмермен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылды.

Ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Өкілетті және Төтенше Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, Дүниежүзі қазақтар ассоциациясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұратова, Қожа Ахмет Яссауи университеті Өкілетті кеңесінің Төраға кеңесшісі, профессор Фырат Пурташ, жергілікті қазақ диаспорасы, қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиын барысында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Абай шығармашылығынан белгілі өлеңдері оқылып, ән-күйі шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

Елші Абзал Сапарбекұлы өзінің беташар сөзінде, Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бұл саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен бауырлас Түркия еліне өз алғысын білдіре отырып, осындай халықаралық деңгейде атқарылған шаралар екі ел арасындағы байланыстың одан әрі жақындай түсуіне өз септігін тигізетініне сенім білдірді.



Ұқсас жаңалықтар